ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ Сырым аудандық бөлімшесінің бастығы А.Махметов, бас бухгалтері Г.Нұрғали және бас кассиры К.Терлікбаева алдын ала сөз байласып, өз қызметтерін асыра пайдалана отырып, бюджетке 12,8 млн. теңге залал келтірген.
БҚО бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен келіп түскен мәліметтерге қарағанда, аталмыш мекемеде 2012 жылы 28 тамызда жүргізілген тексеріс кезінде 4,1 млн. теңге қаржының жетпейтіндігі анықталған. Кейін кешенді тексеру барысында аталған қызметкерлердің 2010 жылдың қаңтары мен 2012 жылдың қыркүйек айларының аралығында 12,8 млн. теңгені жымқырғандары белгілі болды.
Сырым аудандық сотының үкімімен А.Махметов, Г.Нұрғали, К.Терлікбаева 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).