- Өзіңіз туралы қысқаша баяндап өтсеңіз. Сіздің көзқарасыңызша, қандай оқиға өмір жолыңызға ықпал етті?
- Мен Ақтөбе қаласында туып-өстім, қазақ тілінде оқытатын «Ұлағат» орта мектебін бітірдім. Осы кезге дейін мен өз мұғалімдеріме білім бергені және маған деген сүйіспеншілігі үшін қарыздармын. Ресейден Қазақстанға оралған менің ата-анам туған тілімде оқу қиын болса да, мені қазақ мектебіне беруінің сырын енді түсіне бастағандаймын. Олар менің қазақ тілін еркін меңгеруімді қалады, олар қазақ тілін білудің өмірлік қажеттілігін, әрбір қазақтың ана тілін білуі абзал борыш екенін жақсы түсінді, мен бүгінде қазақ тілінде оқытатын мектептердің қаулап көбейе түскеніне қуаныштымын. Ата-анам мені жан-жақты дамытуға ұмтылды. Орта мектептегі оқумен қатар музыка мектебінде фортепьяно, домбыра сыныптарында білім алдым, спортпен айналыстым және оны бүгін де жалғастырудамын. Англияда оқып жүрген кезімде университеттің бокс, бразилиялық джиу-джитсу және дзюдо құрама командаларының құрамында өнер көрсеттім.
- Шетелде оқыған жылдарыңыз жөнінде айтып өтсеңіз. Шетелде оқыған кезде алған тәжірибеңізді елде қалай іске асырмақсыз?
- Орта мектепті бітірген бойда Англияға Оксфорд қаласының колледжіне оқуға кеттім. Колледжді бітіргеннен кейін маған Ұлыбританияның 6 университетінен білім алуды жалғастыру жөнінде ұсыныс болды. Мен Эссек университетін таңдадым, өйткені бұл оқу орнының беделі үлкен және саясатты оқып-үйренуде және басқа да салаларда рейтингісі жоғары. Оны көптеген белгілі адамдар бітірді: Оскар Ариас - Коста Риканың қазіргі президенті (ол 1986-1990 жылдарда да ел Президенті болды). Ол Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығының лауреаты, гуманизм идеялары үшін Альберт Швейтцер сыйлығының лауреаты және басқа да көптеген наградалардың иегері; Мексиканың алғашқы және бірден-бір астронавты - доктор Родольфо Нери Вела; Дэвид Йэтс - Гарри Поттер туралы бесінші және алтыншы фильмдерді түсіріп даңқы шыққан атақты режиссер; Даниель Либескинд - қазіргі заманның ұлы сәулетшісі, бүкіл әлемде көптеген мұражайларды, университеттерді, концерт залдарын және басқа да ғимараттарды жобалады. Тағы бір басты жетістігі - 2001 жылғы қыркүйектің 11-інде лаңкестер тас-талқан еткен Бүкіләлемдік сауда орталығын қайтадан тұрғызу жөніндегі конкурста жеңіп шықты, ол ғаламшардағы ең биік ғимарат болмақшы. Ұлыбритания қашан да білім берудің әлемдік эталоны болып келеді. Бүгінгі таңда да Англия білім орталығы болып саналатыны жасырын емес, оның үстіне британдық университеттердің әлемге даңқы таралған және жоғары халықаралық оқыту стандарттары қалыптасқан. Біріккен Корольдікте оқу өз бетіңмен жұмыс істеуге негізделген. Сондықтан да студенттің ерекше құлшынысы болуы тиіс, өздігіңнен пәндерді жүйелі және ұдайы оқып-үйреніп, мамандығың бойынша көптеген әдебиеттерді оқып, талдап отыруға тура келеді, яғни зияткерлік ой-санаңды ұштап, негізінен өз мамандығың бойынша мақсатты білім алуға тиіссің. Бұл оқыту жүйесі сарабдал ой қорытып, тиімді шешім қабылдай алатын ілгерішіл жастарды «тәрбиелейді». Біздің білім беру жүйесі де бағаларды «сатып алуға» емес, еңбек нарығында қажетті білімдер алуға бейімделсе екен деп ойлаймын. Сондай-ақ білім сапасын жақсартып, студенттің оқуға құлшынуы, барлық жағынан жаңаға ұмтылуы, өзінің өршіл мақсаты мен таңдаулы болуға жігерін жанып отыруы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс.
- Сіз «Халықаралық қатынастар және саясат» курсын бітірдіңіз. Еліміздің бас сыртқы саясат ведомствосында жұмыс істейсіз, Қазақстанның «көпвекторлы саясаты» деген терминді қалай түсінесіз?
- «Көпвекторлы саясат» деген терминді мен «көпжақты, әртарапты және теңдестірілген» саясат деп түсінемін, яғни ешқандай қателікке ұрынбай, Еуропаға да, азиялық елдерге де бірдей саясат деген сөз. Біз зиялы мемлекет болсақ та, еліміз үшін мұсылман елдерімен қатынастарды нығайту - Ресей, Қытай және АҚШ сияқты маңызды бағыттардың бірі. Қазақстан сондай-ақ НАТО-ның Орталық Азиядағы жобаларына, Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге (АӨІСШК); сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік жағынан стратегиялық қатынастар болып табылатын ШЫҰ-мен, ҰҚШҰ-мен сындарлы үнқатысуға дайын. Халықаралық қатынастар жүйесі бұрынғы кездегідей бұлжымастай емес, қызу өзгеріске түсуде және жаңа геосаяси құрылымдар қалыптасуда. Батыстың саясатын, саяси үдерістерін және қағидаларын зерделей келіп, мемлекет өмірінің деңгейі мемлекеттік басқару тиімділігіне байланысты деген пікірге келдім. Еуропада тұратын қоғамдардың өмірлік қызметі жоғары деңгейде, олар бұл деңгейге мемлекеттік басқаруды дұрыс және тиімді ұйымдастырудың арқасында қол жеткізгені сөзсіз. 2008 жылғы күзден бастап мен Сыртқы істер министрлігінің Америка департаментінің атташесі қызметінде кәсіби жұмысымды бастадым. АҚШ-пен әріптестік біздің еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыт болып табылады. АҚШ-тың жаңа президенті Барак Обама Құрама Штаттарға жағымсыз қатынастарды өзгертуге және мұсылман әлемімен қатынастарды жақсартуға тырысып жатқаны қуантады, оның үстіне Обама Исламға құрметпен қарайды. Шын мәнінде Шығыс пен Батыс арасында тең диалог болса екен деймін.
- Еліміз келесі жылы ЕҚЫҰ-ны басқарған кезде Қазақстан үшін қандай перспективалар болады деп күтіледі?
- Қазақстанның - бұрынғы кеңестік мемлекеттің тұңғыш рет 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болып сайлануының өзі - үлкен серпін. Қазақстан туралы тұрақты және экономикалық, ішкі және сыртқы саясат жағынан қарыштап дамып отырған мемлекет деген пікір нақтылана түсті. Бізді саясаттағы, сондай-ақ энергетика мен мұнай-газ және жеке кәсіпкерлік салаларындағы сенімді, перспективалық әріптес деп таныды. Бұл Қазақстанның табыстарын тану деген сөз, шетелдік кәсіпкерлер ұзақмерзімді әріптестікке үміт арта алады, бұл сонымен қатар экономиканың шикізаттық емес секторына, ғылымды дамытуға, әскери әлеуетке, инфрақұрылымға, ауыл шаруашылығына және атом өнеркәсібіне инвестициялар ағыны бұрынғыдан да көп мөлшерде құйылады деген сөз. ЕҚЫҰ-ға төрағалық перспективада біздің еліміздің әлемдік қоғамдастыққа барынша кірігуімізге мүмкіндік береді. Талқылаулар мен келіссөздер сатысында жатқан көптеген жобалар нақты шешімін тауып, жүзеге асырылады.
- Сіз жастарға, атап айтқанда «Болашақ» бағдарламасының студенттері мен әлеуетті үміткерлеріне қандай тілек айтасыз? Оқытушылық қызметпен айналысып, тәжірибеңізді студенттермен бөлісу жоспарыңызда бар ма?
- Таяу кездері зияткерліктің рөлі мықтап артады, адамдар білім мен ғылымға ден қоя бастайды - бұл нағыз капитал. Дегенмен бүгінге дейін оқытушылық қызмет жайлы ойланған жоқпын. Оқытушы болу үшін беделді университетті бітіру жеткіліксіз, тәжірибе, практика, білімді пайдалану дағдылары, өз мамандығыңда белгілі бір табыстарға жету керек және бұған қоса осының бәрін студенттерге беруге деген үлкен құлшыныс қажет. Шетелде оқу басқа елдерді көру мүмкіндігі ғана емес, өзіңнің қабілет-қарымыңды да байқау деген сөз. Беделді жоғары оқу орындарында білім алу - өзіңнің сапалық қасиеттеріңді ашу, қиындықтарды жеңе біліп, жеке адам болып қалыптасу жолы. «Болашақтықтарға» шетелдерде біздің еліміздің лайықты өкілі бола біліп, мақсатқа талпынып, өзіне сенімді болуын, үздік сабақ үлгірімін тілеймін. Қазақстанға сіздер қажет екендеріңізді ұмытпаңыздар, елімізге жоғары білімді, ілкімді, еңбекқор және елді алға сүйрейтін патриот адамдар қажет.