Мемлекетке 2 миллионға жуық теңге көлемінде залал келтірген кәсіпорын басшысы сотталды

ОРАЛ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Еңбек-Орал» РМК бұрынғы директоры Р.Жұмағұлов Орал қалалық сотының үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылып,

мүлкі тәркіленіп, жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болды. БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, мемлекеттік қызметті атқаруға теңестірілген тұлға бола тұра, Р.Жұмағұлов пайда табу мақсатымен «Жайық-Металл» ЖШС-не өткізілген 71356 килә металл сынығынан түскен 1541289 теңгенің 473817 теңгесін кәсіпорын кассасына кірістеп, қалған 1067472 теңгесін өзі иемденіп кеткен. Кейін кассадан 414705 теңгені тағы алып, оны да өз керегіне жаратқан. Ол тіпті заңға сәйкес келмесе де, «Жігер-Жайық» ЖШС құрылтайшысы әрі директоры қызметін атқарған. Тігін өнімін жеткізгені үшін осы серіктестіктің есепшотына 431250 теңгені аудару жөнінде заңсыз нұсқау берген. Сөйтіп ол мемлекетке ірі көлемде - 1913427 теңге залал келтірген.