Біріншіден, адами немесе пенделік ой. Әлем буырқанып жатыр. Бұл – тазаланудың немесе сапаланудың алды ма, жоқ Жаратқан иенің тағы бір сынағының нышаны ма? Мән бере қарасақ, екеуінің де бір-біріне қатысы бар. Бірақ еңбек етіп, ұрпақ өрбітіп, ертеңгі күннен үміттеніп отырған жан ретінде қашанда жамандықты емес, жақсылықты шақыра білуіміз керек. Ата-бабамыздың мың жылдық жолы осыны аманаттайды.
Екіншіден, елдік яки елшілдік ой. Мұны қоғамның үлкен астауға қол салғанына ғана мәз немесе кез-келген мәселенің теріс жағын көруге бейім бөлігі емес, сіз бен біз кейде сезінетін, кейде сезінбейтін бүлкілдеген жанды ағза – қоғамның күллі бөлігінің кеудесін қақпайтын, жылтырап көрінбейтін, өзіне де, өзгеге де жауапты азаматтары құрайды.
Президент Қ.К.Тоқаевтың кеше астана төрінен Тәуелсіздіктің тарихи межесіне қатысты сөзі бізді осындай пайымға жетеледі. Аса биік елдік шараның маңызына мән берген Мемлекет басшысы «мақсат - той тойлау емес, ой толғау үшін» деген ұстанамын тағы да бір айқындады. Бұл ой – елдік мүдде біріктіретін бүгінгі буынға, бәріміз жақсылығынан үмітті ертеңгі ұрпаққа арналды.
Әр кәсіптің өз діттегені бар. Біз салтанатты жиындағы Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзінен яки баяндамасынан білім және ғылым саласына қажетті тұжырымдаманы, жүйені, арқауды, өзекті және астары терең тезистерді аңғардық.
Тұжырымдама - Тәуелсіздік туралы түсінік, таным, парасат ел мен ұлт тарихының ең сапалы кезеңдерімен байланыстағы мемлекетке деген жауапкершіліктің өлшемі болуы қажет.
Жүйе – Тәуелсіздік құндылықтарын салаландыру отбасы тәрбиесінен Отан тәрбие-тәліміне дейін, қарапайым пенделік қалыптан жоғары мемлекеттік немесе қоғамдық қызметке дейін, жай дастарқаннан алқалы жиындарға дейін жүріп жатуы керек. Барлық шаңырақ, кәсіп, мекеме – Тәуелсіздікті баянды етудің алаңы.
Арқау – түндікті батыс жақтан ашып қойып, есікке ұлт атын жазған Алаш нышанындай, елдік дәстүр және әлем тәжірибесінен нәр алған интеллектуалдық, технологиялық, инновациялық білік. Білік біліммен, тәжірибе еңбекпен келеді.
Өзек – халықтың бір мүддеге жұмылған қасиеті. Білім мен еңбекке де Әлихан Бөкейхан айтқан мінез (қасиет) керек. Қасиет – елдік пен азаттықтың мәнін түсініп, соған жауапты болудан туындайды.
Мемлекет басшысының мына тезистеріне байыппен көз жіберейікші: «Қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты!», «Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді», «Мемлекеттілігіміздің берік тұғыры болған дала заңдары ел жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті», «Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді. Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті», «Бабаларымыз дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді. Осылайша, мыңжылдықтар тоғысатын тұста азаттық туы көгімізде желбіреді», «Тәуелсіздікті бізге ешкім сыйлаған жоқ, кездейсоқ та келмеді», «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жаңа тарихи, геосаяси жағдайда әлеуметтік-экономикалық дамудың берік негізін қалыптастырды», «Киелі парызымыз – берері бізден де асып түсетін болашақ ұрпақ үшін Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау», «Тәуелсіздікті нығайту дегеніміз – елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды жүзеге асыру», «Егемендік кезеңінде ойы азат, рухы биік Тәуелсіздік перзенттері өсіп-жетілді. Шын мәнінде, олардың әлеуеті өте зор, мүмкіндіктері орасан».
Біз ұлттық рухани жаңару мұратына суарылған бұл пайымдардан білім саласы мамандарына қажетті ой аңсарларын аңғарып отырмыз. Президент сөзіндегі 30 жылдық азаттықтың үш кезеңі сипаты, Елбасының тарихи рөлі мен миссиясы, жүзеге асырылған мемлекеттік қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жобалар туралы дерек-дәйектердің де, бағалаулардың да берер танымдық мәліметі мол. Мұны – қазіргі қазақстантанудың шеберлік сыныбы десек те жарасады.
Рас, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, алдымызда Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған талай жұмыс тұр. Оның үлкен-кішісі жоқ екені де ақиқат. Елдікті баянды ету жолында «мемлекет – бас, қоғам – мойын» бірлігімен, «халық – қазы, еңбек – таразы» берекесімен алға қадам басуға тиіспіз. Тәуелсіздіктің торқалы тойында ақшаңқан руханият ғимараты мінберінен айтылған Президенттің толғамды ойы осыны бағамдатты.
Авторы: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы