ОРАЛ. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Әлібек Айтқалиевке қатысты қылмыстық істі аяқтады.
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азамат Бөкей ордасы ауданы Жәңгір хан атындағы орта мектеп директоры қызметін атқарған кезде 2007 жылы білім ордасын күрделі жөндеу барысында мердігер «Эксперимент» ЖШС-мен 45,8 млн. теңгеге келісім-шарт жасасқан. Алайда жұмыстың толық көлемде орындалмағанын біле тұра қаржыны аударып жіберген. Сөйтіп мемлекетке 6,8 миллионнан астам теңге залал келтірген.
Бөкей ордасы аудандық соты Ә.Айтқалиевті ҚР ҚК 307-бабы 1-бөлімі және 314-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп тауып, ҚР ҚК 69-бабы 1-бөлімі «а» тармағына сәйкес ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға үкім етті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).