Мемлекеттегі жалпы ішкі өнімнің 8,4 пайызы Қарағанды облысына тиесілі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттегі жалпы ішкі өнімінің 8,4 пайызы Қарағанды облысына тиесілі, деп хабарлады аймақ басшысы Нұрмұхамед Әбдібеков.

«Облыста елдің жалпы ішкі өнімінің 8,4 пайызы қалыптастырылып отыр. ЖАӨ көлемі 1-тоқсанның ішінде 2,3 пайызға өсіп, 693 млрд. теңгені құраған. Есептік кезеңнің ішінде әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштерінің өсіміне қол жеткізу мүмкін болды. Бұдан басқа, өнеркәсіптегі өндіріс көлемдерінің озық өсімі сақталып отыр: кен өндіру өнеркәсібінде өсім 0,8 пайызды құраған, бұл 92,6 млрд. теңге, ал өңдеу өнеркәсібінде - 12,1 пайызды, немесе 607,2 млрд. теңгені құрады», - деді облыстық мәслихат сессиясында есеп беру кезінде Н.Әбдібеков.

«Биліктің жергілікті атқарушы органдарының қызметі ел Президентінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған», - деп атап өтті облыс әкімі.

«Биыл индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асыру басталды.

Оның аясында инвестициялар көлемі шамамен 400 млрд. теңгені құрайтын және 6 мыңнан астам жұмыс орнын құру қарастырылған 32 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деп ақпараттандырды аймақ басшысы.

Оның айтуынша, 2015 жылы 750 жұмыс орнын құру қарастырылып отырған 80 млрд. теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланды. Соның ішінде үш жоба іске қосылса, қалғандары жылдың соңына дейін енгізілуі тиіс.

Есептік мәліметтер бойынша, 2015 жылдың 8 айының ішінде Арқалық-Шұбаркөл және Жезқазған-Бейнеу теміржолдары құрылысының аяқталуын есепке ала отырып, аймақтағы инвестициялар көлемі 211 млрд. теңгені немесе өткен жыл деңгейінің 90 пайызын құраған. Өңдеу өнеркәсібіне 11,5 пайыздық өсіммен 66,8 млрд. теңге инвестицияланған.

Есепте айтып өтілгендей, 1 қыркүйекте ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің өндірісі 2,2 пайыз өсіммен 74 млрд. теңгеден асты. АӨК саласында шамамен 34 млрд. теңге сомасын құрайтын 53 инвестициялық жоба іске асырылып отыр. Жыл соңына дейін жалпы құны 4 млрд. теңге 4 жобаны енгізу жоспарлануда, ол 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде орақ науқаны қызу жүргізіліп жатыр. 480 мың га немесе 73 пайыз дәнді дақылдар жиналды. Орташа өнімділігі бір гектардан 9 центнер жағдайында 431 мың тонна бастырылды. Жоспарланған 70 мың тонна тұқымның 53 мың тоннасы себілген. Картоп егілген жерлердің 54 пайызы жиналып, 99,5 тонна өнім жиналды. 607 га аумақтан 14,6 мың тонна көкөніс жиналды», - деп хабарлады Н.Әбдібеков.

Облыс әкімі сондай-ақ әлеуметтік саладағы жағдай және жылыту маусымына дайындық туралы ақпараттандырды.

«Әрине, проблемалар бар, жыл соңына дейін оларды шешу жолдарын қарастырамыз. Бірақ мен сіздердің тікелей қолдауларыңызбен оларды табысты шешіп, оңай болмаған 2015 жылды лайықты аяқтай алатынымызға сенімдімін», - деп түйіндеді сөзін Н.Әбдібеков.