Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес кәсіптік білім саласында тың міндеттерді жүзеге асырудың маңызы зор – Ш.Құрманәлина

Л. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан Республикасын­дағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ҚР Пре­зидентінің 2010 жылғы 7 жел­тоқсандағы №1118 Жар­лығы­мен бекітілгені белгілі. Ел экономика­сының орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту,

білім­нің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру - бағдарламаның негізгі мақсаты. Орындалуға тиісті бағдарламалық мақсаттар да айқындалған. Бағдарламалық мақсаттардың ішінде өзекті болып саналатын техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін жаңғыртуға қол жеткізу, педагог мамандығы­ның беделін көтеру, «E-learning» электрондық оқытуды енгізу мәселелері жөнінде Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педколледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан облысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары директорлары кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманәлина ҚазАқпарат тілшісіне өз ой-толғамын былайша жеткізді.

Оның айтуынша, өңірде 39 техникалық және кәсіптік білім беретін орны бар, оның 22-сі - кәсіптік лицей, 17 колледж. Бұлардың 11-і мемлекеттік емес. Жалпы, бұл салада 26016 оқушы білім алады.

Жыл сайын ТжКБ ұйымдары сегіз мыңнан астам маман даярлап шығарады, бірақ бұл нарық еңбегінің қажеттілігін 30-40 пайыз ғана қанағаттандырады. Орта буынды мамандар мен жұмысшылар даярлау 100-ден астам мамандық пен біліктілік бойынша жүргізі­ліп келеді. 2009-2010 оқу жылы төрт жаңа мамандық бойынша
120 жұмысшы (3-еуі техникалық бағытта) дайындалды. 2010 жылы «Жол картасы» бағдар­ламасы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау курстары үш бағытта жүргізілді. 1317 маман қайта даярлау стратегиясы аясында бос орындарды жапса (3 айлық даярлау курсы), 2485 адам инновациялық-индустриялық ауқымды жобаны іске асыруға арналған мамандықтар бойынша әзірленді.

2010 жылы алты техника­лық және кәсіптік білім беру ұйым­дарында жалпы сомасы 241 млн. теңгеге күрделі жөңдеу жүргізілді. Білім беру ұйым­дарының ағымдағы жөң­деуіне жергілікті бюджеттен 30,8 млн. теңге қаржы жұмсалды.

ТжКБ ұйымдары бітіруші­лерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты факторы түлектердің кәсіп­тік даярлығы сапасын бағалау болып табылады. ТжКБ және біліктілікті беру жөнін­дегі республикалық ғылы­ми-әдістемелік дамыту орта­лы­ғы­ның Батыс Қазақстан филиалы 33 мамандық бойынша 3711 түлектің даярлығын тәуелсіз ба­ғалаудан өткізді.

Теориялық білімдерін тестілік бақылау мен практикалық жұмыстарды орындаудың нә­тижесінде 3220 адам немесе қатысқандардың 86 пайызы (2009 ж. 79,3 пайыз) сәйкестік сертификатына ие болды.

Ғылым докторының пікірінше, аталған мемлекеттік бағдарлама талаптары екі кезеңде іске асырылады: бірінші кезең 2011 - 2015 жылдарды, екінші кезең 2016 - 2020 жылдарды қамтиды, сондықтан да алға қойылған мақсаттарға жету үшін білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуден бастау керек. ТжКБ сапасы, бірінші кезекте, сапалы даярлығы бар оқытушылармен айқындалады. Бағдарламада 2011 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясының шеңберінде орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру салалары үшін ағылшын тілді педагог кадрларды даярлау, еліміздің жоғары оқу орындарында көптілді білімді педагог кадрларды даярлау, базалық пәндер циклінде шет тілі бойынша несиелердің көлемін ұлғайту жоспарланған. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде бұл бағытта жүргізіліп жатқан бастамалар баршылық. Атап айтқанда, ағылшын тілі мұғалімін даярлау бағдарламасына қазақ тілі немесе орыс тілінен қоса жүргізетін мұғалімдер даярлау, болашақ мұғалімдерге қойылатын талаптарды күшей­ту шаралары қарастырылуда. Сингапурде мұғалімдер даяр­лайтын білім беру институты бар және де оған институт немесе колледж бітіргендер, педагогикалық технологияларды меңгеру үшін, арнайы орта немесе жоғары білімі бар мамандар алынады. Қазақстанда осы тәжірибені арнайы талдау арқылы мұғалімдерді даярлау талаптарын күшейтудің бір түрі ретінде қабылдау керек сияқты. Жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде колледж бітіргендерге педагогика, психология, мамандықтары бойынша арнайы пән және оны оқыту әдістемесінен (мысалы, математика немесе қазақ тілі, ағылшын тілі) тестілеу енгізілсе, дұрыс болар еді. Білім беру ұйымдарына жұмысқа кіру қағидаларын өзгерту керек. Бі­рақ бағдарламада көрсетілгенін­дей, тестілеуден өтудің орнына, өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіруде жеткен жетістіктер портфолио­сының мазмұны бойынша қа­былдау тиімді.

Өкінішке қарай, бағдарламада кәсіби мектеп, колледждер үшін мұғалімдерді даярлауға көңіл бөлінбеген. Университеттердің мамандық жіктеуішіне осы бағыттағы біліктіліктер енгізілуі керек. Педагогтерді аттестаттау ережесінен мұғалім білімін тестілеуді алып тастап, оқу-әдістемелік қызметінде жеткен жетістіктерін тікелей көрсететін портфолиосын талдап, мүд­делі адамдардың (оқушылар­дың ата-аналары, оқушылар, әріптестер, оқу орнының мінездемесі) пікірлері ескерілсе, онлайн режимінде электрондық оқыту сабақтар циклдері берілсе, оқушыларға да мектептерге де, мұғалімнің өзіне де біліктілік деңгейінің өскенін көрсетер еді.

Білім берудегі менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару принциптерін енгізу, білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру, «E-learning» электрондық оқытуды енгізу - қазіргі кездегі білім ошақтарының әлсіз жағдайларының бірі. Білім беру ұйымдарында электрондық оқыту жүйесі қолданылмайды деп айту қиын. Себебі Қазақстанның білім жүйесі ТМД елдерінің ішінде бірінші болып 2002 жылы 100 пайыз компьютерлендірілді. Ол кезде алға қойған мақсат - информатика мұғалімдерін даяр­лау, басқа пәндерден сабақ беретін мұғалімдердің компьютерлік сауатын ашу еді. Қазіргі кезде электрондық оқытуды енгізу мақсаты қойылып отыр. Электрондық оқыту жүйесінде қолданылатын электрондық оқу­лықтарды және оқу-әдіс­темелік кешендерді (бұдан әрі - ОӘК) жасауға арналған талаптарды ескеріп, салада жаңа ОӘК дайындауға бетбұрыс жасалды. Колледждерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі - АКТ) орталығы ашылды. Сала бойынша өңірдегі барлық оқу орны компьютермен қамтамасыз етілген (1 компьютерге 10 адам, республикалық көрсеткіште 15 адам), Интернет жүйесіне 99 пайызы қосулы. 39 оқу орнының 30-ы интерактивті тақтамен жабдықталған.

Облыста (Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде) электронды оқыту орталығы, ақпараттық білім беру ортасы (АБО), электронды оқу залы, компьютерлік техникалық құралдар паркі, теледидар арқылы оқыту белсенді қолданыс табуда.

Интеграцияланған ақпарат­тық білім беру ортаны дамыту, жаңа ақпараттық коммуни­кациялық техниканы оқу про­цесіне енгізу электронды оқу орнын құру бағытына бет бұру болып табылады. Бұл жаңа талапқа сай бәсекелестікті көтеру мақсатында әр деңгейдегі мамандарды даяр­лау үрдісінде білім беру мына ұғымдарға сүйенеді: өзін-өзі оқы­ту, оқи білу, өз еркімен білімді меңгеру және де педагогтардың рөлі мен жауапкершілігін көтеру, адами ресурстарды дамыту, қазақстандық диплом мен біліктілікті әлем деңгейінде мойындату міндеттері кәсіптік білім беру сапасын анықтайтын болады. Техникалық және кәсіптік білім мен еңбек нарығы бірлестігі білім берудің нәтижесі болып табылады. Білім беру нәтижесі негізінде біліктілік, кәсіптік және білім бе­­ру стандарты, бағдарламалары, құ­зы­реттілік қалыптасады. Құ­зыреттілік - бұл білім, түсінік, іскерлік пен қабілеттің интеграция­сы. Құзыреттілікті қалыптастыру білім беру бағдарламаларының мақсаты.

Білім беру нәтижелері қай құжатта көрініс табады? Әрине, кәсіби стандарттарда. Бағдарламада көрсетілгеніндей, өкінішке қарай, көптеген маман­дық бойынша кәсіби стандарттар жасақталмаған, себебі кәсіби стандарттарды жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер дайындауы керек. Білім және ғылым министрлігі­нің ТжКБ департаменті жанында ұйымдастырыл­ған оқу-әдістемелік бірлес­тіктер мамандықтар бойынша жұмыс берушілермен бірігіп құзыреттіліктерді қалыптас­ты­руға бағытталған білім беру стандарттарын, бағдар­лама­ларын құ­рас­тыруда. Мы­салы, Ж.Досмұхамедов атын­дағы пе­дагогикалық колледж жанында педагогикалық маман­дықтар бойынша базалық оқу-әдістемелік бірлестік ашылды. Бұл бірлестік он жылдан бері тоғыз мамандық бойынша мемлекеттік стандарттар, 86 білім беру бағдарламасын, алпыс арнайы ОӘК оқулық, алты элек­т­рон­дық оқулық, электрондық әдістемелік жүйе жасақтауда. 2010 жылы «Бастауыш білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары бойынша қаладағы №17 мектептің директоры Тамара Рудич, №11 мектептің директоры Ерсайын Сапаров, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов т.б. жұмыс берушілермен бірігіп жасалған стандарттар мен бағдарламалар - құзырет­тілік­терді қалыптас­тыруға ба­ғыт­талған жаңа жобалардың бірі.

Дегенмен де бағдарламада көрсетілгеніндей, ТжКБ оқу орындарында білім беруді қар­жыландырудың жеткіліксіздігі, педагогтың кәсіби мәрте­бесінің төмендігі, педагог кадрларды даярлау сапасының жеткіліксіздігі, жоғары білікті педагог кадрлардың тапшылығы, білім берудегі менеджменттің, ақпараттандырудың нашар дамуы бүгінде басты мәселе болып отыр. Сондай-ақ арнайы орта және жоғары білім мазмұнының бірігуінің жоқтығы, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нашар­лығы, колледждер мен ЖОО бітірушілерінің біліктілігіне бі­лім беру жүйесінің ұсынысы мен жұмыс берушілердің сұра­нысының арасындағы тең­діктің жоқтығы да жасырын емес. Осыған орай бағдар­лама міндеттерін жүзеге асыру шараларын жоспарлап, ТжКБ оқу орындарында білім алудың беделін арттыру бағы­тын­да шығармашы­лық­пен жұ­мыстануды әрі қарай жетілдіру қолға алынуда.