Мемлекеттік барлық бюджет табыстарының 25 пайызы Алматыға тиесілі

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Биыл Алматының жалпы аймақтық өнім көлемі 12 пайызға өседі деп күтілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мәлім етті.

«Өткен жылы Алматының жалпы аймақтық өнім көлемі 5,6 трлн. теңгені құрады немесе жан басына шаққанда 25 мың АҚШ долларына жетті»,-деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, биыл жалпы аймақтық өнім көлемінің өсімі 10-12 пайыз мөлшерде болжанып отыр. Осы орайда оның деңгейі 6,2-6,3 трлн. теңгені құрамақ.

Сонымен қатар А. Есімов қаладағы орташа жалақы көлемі 139 мың теңгеге жеткендігін айтып өтті. Таратылған мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік барлық бюджет табыстарының 25 пайызы, республика бойынша барлық көтерме айналымының көлемінің 40 пайызы Алматыға тиесілі.

Сондай-ақ, қала бюджеті 359 млрд. теңгені құрап отыр. Атап айтқанда, қала қазынасының 64 пайызын шағын және орта бизнес қамтамасыз етуде. Бұл салада еңбекке жарамды әрбір үшінші алматылық жұмыс істейді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1,3 трлн. көлемінде салық жиналады деп болжанып отыр.