Мемлекеттік басқару органдары іс-қағаздарын сауатсыз аударады - А.Смайыл

sp;АСТАНА. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарында «Аударма» факультетін ашу қажет. Оған дарынды әрі осы салаға бейім жастар іріктелген жөн. Бүгін Астанада басталған «Тіл мен әдебиетті оқытудың теориясы мен әдістемесіндегі инновациялық технологиялар: мәселелер және даму жолдары» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл осындай ұсыныс жасады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Себебі қазіргі кезде мемлекеттік басқару органдары іс қағаздарын сауатсыз аударады. Заңдар да солай, жаңылтпаш оқып отырғандай боласың. Мұның себебі - аудармашылардың арнайы дайындықтарының жоқтығы. Ғылыми-рухани, экономикалық-әлеуметтік және басқа да салаларда терминдер мен өзгермейтін ұғымдық тіркестер әрқилы аударылады. Терминком өз бетінше, министрліктер өз алдына. Ал көркем әдебиетті аудару арқылы қазақ әдебиетінің інжу-маржанын шетелдерге сол күйінде жеткізу күні бүгінге дейін арман болып келеді. Бұл қиындықтардан шығудың жалғыз жолы - Еуразия ұлттық университеті сияқты беделді жоғары оқу орындарында «Аударма» факультетін ашу. Бұл факультетке шет тілдерде аударма жасай алатын дарынды жастар қабылдануы керек. Себебі көркем әдебиетті дарынды ақын-жазушылар ғана көркем тәржімалай алады. Іс-қағаздарын аудару үшін де осы салаға бейім жастар іріктелуі тиіс. Біз бұл мәселені дүркін-дүркін көтеріп келеміз. Бірақ нақты шешім жоқ. Аталған ұсыныс бүгінде Үкіметтің қарауында. Қадірлі тіл ғалымдары, өз тараптарыңыздан  қолдап, осының жүзеге асырылуына ықпал етулеріңізді сұраймыз», деді Мәжіліс депутаты.