Естеріңізге сала кетейік, аталмыш шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Елорда тұрғындары осыған дейін еліміздің өзге де аймақтары жетістіктерінің көрмесін тамашалаған болатын. «Думан» ойын-сауық кешенінің алдында бүгін киіз үйлер тігіліп, арнайы орналастырылған сауда орындарында қызу сауда жүріп жатыр. Ал Батыс Қазақстан облысының көркемөнерпаздар ұжымының өкілдері жәрмеңкені сазды әнмен әрлеуде.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Батыс Қазақстан облысы елорда жұртшылығына ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері мен қолөнер бұйымдарын және тағам өнімдерін әкелді. Батыс Қазақстан облысының басқа облыстармен салыстырғанда айырмашылығы, біз азық-түлік қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз етіп отырған және азық-түлік өнімдерінің бағасы ең төмен аймақтардың біріміз. Бүгін Астана халқы Батыс Қазақстан облысы тағамдарының дәмін татады. Сондай-ақ біздің өнерпаздарымыздың өнерлері мен концерттік қойылымын тамашалайды», - дейді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.