Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде кадрлық тағайындаулар болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде кадрлық ауыс-түйістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бұйрығымен Агенттік төрағасының кеңесшісі лауазымына Лейла Йылдыз тағайындалды.

Бүгінгі тағайындауға дейін Л. Йылдыз ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Халықаралық серіктестік орталығының басшысы болып жұмыс істеген. Оның зерттеу және талдау жұмысында, сонымен қатар, заңның үстемдігі және қылмыстық сот әділдігі саласындағы жобалық қызметте мол тәжірибесі бар.

Л. Йылдыз Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «шет тілдер» мамандығы және Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін «дағдарысқа қарсы басқару» мамандығы бойынша бітірген. Кембридж университетінің философия магистратурасын бітіріп, Назарбаев Университетінің PhD докторы атанған.

Тағы бір тағайындау Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы департаментінде болды. Департаменттің жаңа басшысы болып Елена Степаненко тағайындалды.

Елена Степаненко 1972 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған, 2003 жылы Көкшетау университетін «Заң» мамандығы бойынша бітірген.

Е. Степаненконың жергілікті атқарушы органдарда үлкен тәжірибесі бар. Ол еңбек жолын 1990 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ленин аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің инспекторы болып бастады. Мемлекеттік қызмет органдарында Елена Степаненко 2012 жылдан бастап қызмет атқарады. 2016 жылдан бастап Агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болған.

Бүгінгі тағайындауға дейін Е. Степаненко облыстық деңгейдегі барлық қажетті мансаптық сатыларды өткен. Атап айтқанда, аталған департаментте бөлім басшысы, басқарма басшысы, одан кейін басшы орынбасары лауазымдарын атқарған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Агенттік құрылымында жыл басынан бері 7 әйел басшылық лауазымдарға тағайындалған және қазіргі уақытта нәзік жандылар қызметкерлердің 52% құрайды.