ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық спартакиадада БҚО құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды еншіледі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандықтар екінші орынды иеленген Ақтөбе облысының құрамасынан бір ғана ұпайға қалып қойды. Жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері үздік шықты.
Жарыс спорттың тоғыз түрінен ұйымдастырылып, оған барлығы 10 команда қатысты. Батысқазақстандықтар жеңіл атлетикадан - бесінші, қол күресінен - үшінші, гір спортынан - сегізінші, жүзуден - екінші, шахматтан - төртінші, үстел теннисінен - үшінші, волейбол мен баскетболдан - төртінші, шағын футболдан үшінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, осы жарыста құрамында Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев, аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Роберт Биғалиев, БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Лилия Сәрсенова бар үстел теннисі командасы өңір тарихында тұңғыш рет қола жүлдені қанжығаға байлады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).