***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Он бір айдың оң қорытындылары» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалаға еліміздің 2010 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына арналған Үкіметтің кешегі отырысында айтылған дүниелер арқау болған. Басылымның жазуынша, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айлық қорытындысы бойынша, қысқа мерзімдік экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызды құраған. Сонымен қатар осы жылдың қаңтар және қыркүйек айлары аралығында ішкі жалпы өнім көлемі 14 триллион 250,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өскен. Бұл ретте тауарлар өндірісінің нақты көлем индексі 6,1 пайызды, ал қызметтер өндірісіндегі өсім 5,2 пайызды құраған.
Сондай-ақ аталмыш басылым дүйсенбі күні үлкен бір орамды алып жатқан, Ресейдің «Новости» ақпарат агенттігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған «Нұрсұлтан Назарбаев: «Риа «Новостидің» тарихи таспасында» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өткендігін жазады. Бұл Қазақстан Президентінің баспасөз хатшылығы мен «Риа «Новостидің» бірлесіп жүзеге асырған жобасы болып табылады. Полиграфия өнерінің соңғы жетістігімен түрлі - түсті қағазға әсем безендіріліп шығарылған 250 беттік үлкен пішіндегі кітаптің өн бойындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметте болған уақытында жасаған аймақтық және әлемдік маңызы зор прогрестік бастамалары орын алған. Олардың бәрі туралы кезінде «Риа «Новости» дүние жүзіне әйгілеп, хабар берген болатын. Енді солар агенттіктің қорынан теріліп алынып, Баспасөз қызметі ұсынған сол кездердің суреттерімен бірге берілген. Сөйтіп, шежіре-кітаптің сапасы мен оқырманға берер ақпараты ұтымды жолмен жеткізілген. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Батыл бастамалар шежіресі» атты мақаладан білуге болады.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Тәуелсіздіктің бір көрінісі - тілдің тәуелділігінен арылу» деген тақырыппен филология ғылымының докторы Анар Салқынбайдан алынған сұхбат жарияланды. Ғалымның пікірінше, тіл күнделікті қарым-қатынас құралы ретінде өз заманындағы тіл саясатына бағынышты. «Ресми түрде бекітіліп, мемлекеттік мәртебеге ие болуы - тілдің бүгінгі дамуында үлкен жеңіс екені ақиқат. Ел тәуелсіздігінің ең маңызды нышаны - мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің өз Отанында бағын жандыра алмасақ, тағы оның қай жерде бағы жануы мүмкін? Оның бағын жандыру енді тек өзіміздің қолымызда. Әсіресе, мұнда күнделікті ақпарат құралдарының атқарар рөлі ерекше дер едік. Қазіргі таңда Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілінің жағдайы туралы көп жазылуда. Бұған ғалымдар да, саясаткерлер де, журналистер де атсалысуда. Қиын да қатерлі талай сыннан сүрінбей өткен қазақ тілі қазақ елінің өз қолы өз аузына жетіп, азаматтары елінің тізгінін ұстап, талай ұрпақ аңсап өткен егемендікке қолы жеткенде сүрініп-қабынып, қарым-қатынас құралы болуда кекеш тартып жатса, өзіміздің азаматтығымызға сын болмақ. Өкінішке қарай, қазақ тілі - қарым-қатынас жасаудың құралы болудан гөрі, саяси ұпай жинаудың құралына көбірек айналып бара жатқаны жанға батады», дейді А. Салықбай.
Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде «Мемлекеттік мерекелер күнін қайта қарасақ қайтеді?» деген тақырыппен мақала басылды. Мақала авторы Қазақстанда ресми бекітілген бір ұлттық (Тәуелсіздік күні), жеті мемлекеттік және екі діни мереке барына тоқтала келе: «Ең қызығы, бұл мерекелердің тең жартысы кеңестік заманнан мұраға қалған. Атап айтсақ, Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күні, Қазақстан халқының бірлік күні, Жеңіс күні, тіпті ұлттық маңызы басым Наурыздың өзі кеңестік заманның ақырғы жылдары тойлана бастаған еді. Еліміз дербес мемлекет болғалы бері ұлттық тарих беттеріне жаңадан енгізілген даталарға екі діни мейрамнан бөлек, Конституция күні, Астана күні мен Тәуелсіздік күні ғана қосылды. Бірақ өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін кеңестік заманнан қалған, қанша жаңашаланса да, тәуелсіз рухтың сұраныстарына жауап бермейтін коммунистік заманның мерекелері егеменді еліміздің тарихи даталарына дес бермейді. Тіпті кеңестік және тәуелсіз заманның мереке-мейрамдары өзара теке тіресіп, ұлттық санадан бірінші боп орын алу үшін өзара тайталасып жатқандай көрінеді. Бұл арада сарапшылар жағдайды ретке келтіру үшін мерекелер жүйесін қайта қарап, қазақ үшін шын мәнінде маңызды тарихи даталарды хандар дәуірінен бастап, егемендік жылдары орын алған маңызды оқиғалардан сарп ету керек деген ойда», - дейді. Осы орайда бірқатар сарапшылардың пікірлері берілген.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында елімізді сасық көлдер басып бара жатқанын айтып дабыл қағады. Басылымның жазуынша, қазақ даласының әр тұсында «Сасықкөл» атауын ерте замандардан иеленген қамыс-қопалы көл-көлшіктер жетерлік. Ауылдардың тұсында, елсіз даладағы терең сайлы алапта айдынына аққу ұшып, қаз қонып, балық шоршып жататын. Көктем сайынғы жылғаланар су қар суынан, жауын-шашыннан жиналып, жылдар өте келе жайылма көлшікке айналатын. Жаз ортасынан ауа қау қамысы қурап, табаны қақтанып, құрғап кететін. Келер жылы тағы су жиналып жатады. Арнасы да тұрақты кемерленбей, қыстың қарына байланысты бір жылы толып, бір жылы солып жататын. Ал кейінгі жылдары қазақ даласы емес, қалалаларының тұсында ерекше, сасық көлдер пайда бола бастады. Бұл сасық көлдер - қала тұрғындарының шайынды суы мен шаһарлы жердегі өндіріс орындарының қалдықтары араласқан құрамы күмәнді, иісі қолқа қабатын, шекарасы жыл сайын жауылып, кеңіп бара жатқан абройсыз айдындар. Бұл мәселенің мән-жайына тереңірек үңілгіңіз келсе «Сарыарқаны сасық көлдер басып барады» деген мақалаға көз салыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген техника ғылымының кандидаты «Тау-кен компаниясының» Басқарма төрағасы - бас директор Марат Ниетбаевтың пікірінше, қазақстандық мамандар шетелдіктерден әлдеқайда тиімді жұмыс істейді. Еліміздегі уран өндірісі саласында атқарылып жатқан істер төңірегіндегі түйткілді мәселелер жөнінде пікірлескен ғалым: «Талай жылғы тәжірибеме сүйеніп айтсам, шетелдегілер дәл өзіміздікіндей жұмыс істей алмайды. Сосын ата-аналардың өз бетінше балаларын жаппай шетелде оқытуын да жеке басым қолдай бермеймін. Көбі жәй ғана тіл біліп келеді де кәсіби біліктілігі жөнінен кемшін болып жатады. Бізге әкелген білімі сәйкес келмейді, біздің стандарттарда жұмыс істей алмайды. Ол - енді уақытша нәрсе, менің ойымша. Кезінде «мода» болды ғой, бірте-бірте қояды өзі деп ойлаймын. Сирек әрі бағалы қазба байлықтарын игеру саласында өзіміздің жоғары орындары да білікті мамандар даярлауға қабілетті», дейді. Сұхбат «Өз мамандарымыз шетелдіктерден әлдеқайда тиімді жұмыс істейді»деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Әлемдік лидерлер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарихының жаңа кезеңінің басталғандығын мәлімдеуде. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың бірінің мүшелері ЕҚЫҰ-ның қызметін жандандыруға деген ұмтылыстарын байқатты. Осылайша Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жан бітірді деп толық сенімен айтуға болады. Ыстамбұлда өткен Саммиттен кейінгі 11 жылда соң алқалы жиынды көптеген елдің басшылары ұйымдастыруға тырысып бақты. Алайда оны ұйымдастыру мүмкіндігі тек Қазақстанға ғана бұйырды. Бұл үлкен жетістік. Бұл жайында «Символ эпохи» атты мақаладан білуге болады.