Мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлық қылмысы екі есеге артқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сатып алу - жемқорлық ең көп салалардың бірі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінің барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов органның мемлекеттік қызмет көрсету, әдеп нормаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау салалары бойынша проблемалық мәселелері туралы айтып өтті.

«Бүгінгі күні Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар саласындағы мемлекеттік саясатты және бақылауды жүзеге асыру бойынша өкілеттікті жүзеге асырады. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыс жыл сайын өсіп келеді, бұл сала - жемқорлық ең көп салалардың бірі болып табылады» - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында 250 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп (122). Жазаға тартылғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52% артқан.
Осы саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың көпшілігі тендерлерді бөлу, келісімшарттарды заңсыз жасау, атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қоюға қатысты.
Мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа қосымша келiсiмдер жасасу, бiр көзден сатып алудың көлемi, жұмысы, тауарлары мен қызметтерiнің бағаларын асыра бағалау - мемлекеттiк сатып алу жүйесiнде сыбайлас жемқорлық тәуекелдер туғызатын жиi кездесетiн проблемалар ретінде көрсетілді.
Соңғы 4 жылда агенттік мемлекеттік сатып алулар мониторингінің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 8 млрд теңге асыра көрсету фактілерін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сатып алу бағасы төмендетілді.
Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің айтуынша, соңғы жылдары Қаржы министрлігі - ең жемқор мемлекеттік органдардың қатарында.
2016 жылы 69 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2017 жылы екі есе есеге (126) өсу байқалған. Жылдың басынан бастап - 56 факт тіркелген.
Агенттіктің хабарлауынша, соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық фактілері ең көп тіркелген салалар - Салық қызметі (110), Кеден (103) және Экономикалық тергеу қызметінің (36) қызметкерлері жасаған.
Көлеңкелі экономиканың субъектілеріне кеден қызметкерлерінің қамқорлық жасауы анықталған.
Тек соңғы айларда Ұлттық бюро Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және басқа да облыстардағы кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алу схемаларын тоқтатты.
Сыбайлас жемқорлыққа тартылған Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің әрбір екіншісі салық қызметінің қызметкері болып табылады (2016 жылы - 49 тұлға, 2017 жылы - 37, 2018 жылдың 7 айында - 17).
Бұл салада сыбайлас жемқорлық схемалары көбінесе «көлеңкелі» бизнесті қамқорлаумен байланысты. Мұндай фактілер еліміздің барлық өңірлерінде күн сайын анықталады.
Сондай-ақ салық тексерулерін жүргізу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейі белгіленген.
Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті Экономикалық тергеу қызметінде де сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды.
Мұнда жыл басынан бері Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және басқа да өңірлерде офицерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Аталған саладағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты сипаттың артуын ескере отырып, Олжас Бектенов, агенттік жақын арада Қаржы министріне Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының жеке жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс енгізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету саласында анықталған кемшіліктер айтылды.
Мәлімет бойынша, бірінші жартыжылдықта Қаржы министірлігінде 54 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету барысында 700-ден астам мемлекеттік қызмет стандартының және регламентінің бұзылу фактісі анықталған.
Мемлекеттік қызмет сапасының төмен болуы себептерінің бірі - ақпараттық жүйелердің жетілмеуі.
Мысалы, азаматтарға салық берешегіне қатысты негізсіз хабарламалар жасалады, бірақ бұл міндеттемелер бұрын орындалған. Нәтижесінде, адамдар мемлекеттік кіріс органдарына тікелей ақы төлеу туралы түбіртектерді ұсынуға мәжбүр болады.
Төлемдерді (түбіртектерді және басқа құжаттарды жоғалту) растау мүмкін болмаған жағдайда, салық төлеуші салықты қайта төлеуге немесе мәселені басқа заңсыз жолмен шешуге мәжбүр болады.
Олжас Бектенов сөзінің соңында мемлекеттік орган қызметінің барынша ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды күшейтуге, жұртшылық өкілдерін тарту арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған нақты ұсыныстар берді.