Сауда және интеграция министрлігі консультативтік құжатқа осындай түзету енгізуді ұсынып отыр.
Бұл мәселені арнайы жұмыс тобын құрып зерттеген министрлік индустриялық сертификат шектеулі өндірушілердің мүддесіне тиімді талаптарды қалыптастыру тетігіне айналғанын анықтаған.
Осы арқылы көптеген импорттық тауарды қазақстандық деп тану тәуекелі пайда болған. Осындай тауарды өндіріске қолданған компания мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық алып отырған.
Индустриялық сертификаттар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік корпорациясы арқылы беріледі. Ал Сауда және интеграция министрлігінің ол сертификатты беруге негіз болған құжаттарды тексеретін құзыреті жоқ.
Ведомство сарапшыларының айтуынша, мұндай саясат ЕАЭО елдерінен әкелінген тауарлардың нақты әкелу бағасын тексеруге мүмкіндік бермейді.
«Сертификаттарды беруді ҰКП іс жүзінде өндірушіні де, сарапшы-аудиторды да тексере отырып, аталған кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза отырып жүзеге асырады. Бұған «Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңының 28-бабының 5-тармағында тікелей тыйым салынған.
Екінші жағынан, «Атамекен» ҰКП бизнестің мүдделерін қорғауға міндетті. Бұл оның қабылдаған шешімдерінің объективтілігіне теріс әсер етеді», - деп жазылған құжат жобасында.
Консультативтік құжат жобасында «Қазақстандық тауарлар тізілімін» 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосып, 2026 жылы толық қалыптастыру көзделген. Бұл кезеңде мемлекеттік сатып алу кезінде «СТ-KZ» стандарты парралельді қолданылады.
Құжатта бұл ұсынысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының қарсы болып отырғаны да айтылған. Түзетулер жобасы 29 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.