Мемлекеттік тәртіпті орындау ? міндет

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 28-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Кеше Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Тәртіптік кеңестің күн тәртібінде бес мәселе талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Кеңестің 2009 жылдың бірінші жарты жылдығына арналған жұмыс жоспарына сәйкес "Мемлекеттік қызмет туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының және мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс Кодексі талаптарының сақталу жайына тексерулер жүргізілді.Бірінші мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық қаржы басқармасының бастығы Құттықожа Ыдырысов кемшіліктер кеткенін, қазірде оның заң талаптарына сай қалпына келтірілгенін жеткізді.Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер екінші болып талқыға түсті. Мұнда да бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Тексеру барысы көрсеткендей медициналық оңалту бағдарламаларына көңіл бөлінбей, іс-шаралар жоспарлары жасалмаған. Медициналық құжаттар толық емес, бір балаға бірнеше карта арналған. Емдеу-бақылау мекемелер мен медициналық әлеуметтік сараптау мекемесі арасында сабақтастық жоқ. Осы және басқа да орын алған кемшіліктерге орай жауапты қызметкерлерге шара қолданылған. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасында орын алған жайттар жөніндегі хабарламаны басқарма бастығының орынбасары Талғат Дүйсебаев жасады. Мемлекеттік қызметші әр үш жыл сайын аттестациядан өтетіндігіне қарамастан, басқармада мерзімі өтсе де аттестациядан өтпеген қызметкерлер бар. Сынақ мерзімі аяқталмай тұрып ант қабылдап, заң талаптарына қайшы әрекетке жол берген жайттар да кездескен. Көтерілген мәселелерді талқылай келе, Тәртіптік кеңес басқарма басшыларының таныстырған хабарламалары қаперге алынсын және анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктер жөніндегі шаралар Тәртіптік кеңеске 15 күн мерзімінде хабарлансын деп шешім шығарды.