16:35, 31 Наурыз 2009
Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының грантын алу байқауына еліміздің 12 өңірінен және жақын шетелден 100-ге жуық жоба келіп түсті
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы күнге дейін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының грантына үміткер ретінде әртүрлі ұйымдар мен жеке адамдардан 100-ге жуық жоба келіп түсті.
Бұл туралы ҚазАқпарат аталған Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Грант алу байқауына келіп түскен жобалар тек Қазақстанмен ғана шектелмейді. Тіпті Ресей астанасындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Қазақ тілі және мәдениеті орталығы мен Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы да өз жобаларын ұсынып отыр. Сондай-ақ грант алуға еліміздің 12 өңіріндегі тіл жанашырлары ынталылық танытуда. Қорға келіп түскен жалпы жобалардың сұрап отырған қаржысы 200 млн. теңгеге жетіп отыр. Жобаларды құрамында білікті мамандар бар арнайы комиссия сүзгіден өткізгеннен кейін қай жобаның қанша қаржыға лайық екені анықталмақ. Комиссия шешімі, яғни бірінші тоқсанда келіп түскен жобалардың нақты нәтижесі сәуір айының екінші жартысында жарияланады», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылдың қыркүйек айында құрылған қордың негізгі бағыты қазақ тіліне қатысты қарапайым халықтың ой-санасын ояту және қоғамдық бастаманы қолдау мен оны ынталандыру болып табылады. Осы мақсатта қор үстіміздегі жылдың қаңтар айында алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, әр жобаға 100 мыңнан 3 млн. теңге көлемінде грант тағайындалғанын хабарлаған болатын. Айрықша айтар мәселе, аталған байқауға қатысушыларға шектеу қойылмайды, оған үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық топтар, қоғамдық ұйымдар және жекелеген жандар, тіпті, қаржылық құрылымдар да қатыса алады. Қорға келіп түскен жобалардың көп болуына байланысты ең әуелі комиссияның сүзгісінен өткен, яғни өзгелерді қазақ тілін үйренуге қызықтыра алатын, дәл қазір қолға алуға қажет тартымды да әсерлі жобалар қаржыландырылатын болады.