Халық санағының алдын ала есептеулері бойынша, 1999 жылдан бергі он жыл ішінде қазақтардың саны жалпы ел халқының 53 пайызынан - 65 пайызына жетіп отыр.
Тәуелсіздігіміздің таңында қазақ мектептерінде оқитын оқушылар 22 пайызды құраған еді. Бұл цифр 2009 жылы еліміздегі барлық оқушылар санының 62 пайызына жетті. Яғни, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде оқитын оқушылар саны үш есеге көбейген.
Қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақшалар жер-жерде жыл санап артып келеді. Бүгінде қазақ тілінде оқытатын орта мектептер саны төрт мыңға таяп қалды.
Жылдан жылға мемлекеттік тіл саясатын қаржыландыру ұлғайтылуда. Соның ішінде, әлемдік дағдарысқа қарамастан үстіміздегі жылы тілді дамытуға ел бюджетінен 5 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Осының арқасында қоғамда мемлекеттік тілді дамыту процесі кең қолдау тауып, оның қолдану аясы кеңейе түсуде.
Бүгінде 25 мыңнан астам ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мың бала қазақ балабақшаларына барады. 200 жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге этнос балалары қазақ тілін үйренуде.
Қазір еліміздің аумағында мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. Ал 2011 жылы олардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда.
Барлық аймақтарда тиісті оқулықтармен және әдістемелік құралдармен, сөздіктермен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.
Сондай-ақ, мемлекет қазақ тілін оқыту мақсатында түрлі қоғамдық ұйымдарға, этномәдени орталықтарға белгілі мөлшерде қаражат бөліп отыр.
Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілдің біртіндеп өркен жайып, қазақстандықтарды топтастыратын күшке айнала бастағанының нақты көрінісі.
Осылайша, мемлекеттік тілдің рөлі жылдан жылға арта бермек. Мемлекеттік тілді білу - әрбір азаматтың перзенттік парызы екенін отандастарымыздың шынайы ұғына бастағаны бәрімізді қуантады.
«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мемлекеттік тілге байланысты көтеріп жүрген проблемалары - өзекті, ұсыныстары орынды. Бұл салада кемшіліктердің бары да шындық. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты жұмыстарды барынша күшейту қажет. Алдағы уақытта осы бағытта нақты жұмыстар жасалатын болады.
Ал, «Қазақстанның Ел бірлігі» доктринасы жобасына келетін болсақ, онда қазақ ұлтына, қазақ тіліне қарсы ешқандай ой айтылмаған. Бұл - тек жоба ғана. Оған түзетулер мен өзгерістер енгізіп, пысықтауға мүмкіндік мол.
Айтылған бұл ұсыныстар жөнінде «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшілері келісімге келді. Енді бірлескен жұмыс басталатын болады.