Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін жан-жақты тексеру керек - «Халықтық коммунистер» фракциясы

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттары Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына сараптама жасап, оның қаржылық қызметін тиімсіз деп тапты. Осыған орай Үкімет басшысы Серік Ахметовке депутаттық сауал жолданды.

Фракцияның мәліметіне сәйкес, бүгінде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың саны 1,9 млн. адамды құрап отыр. Бұл - республика бойынша екінші көрсеткіш. Соған қарамастан, қордың қаржылық қызметі тиімсіз жүргізіледі. Бір жылдың ішінде ол тек 1,1 пайыздық табысқа ғана қол жеткізді. Осының салдарынан салымшылардың ақшасы өспей жатыр. Ал жинақтаушы зейнетақы қорларының шығындары барған сайын артып келеді. Мәселен, «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өткізген бір шараға мемлекеттік сатып алу арқылы 9,5 млн. теңгеге - жылы көрпелер, 7,5 млн. теңгеге - сувенирлер, 2,5 млн. теңгеге - визитницалар, 4,1 млн. теңгеге - құттықтау хаттары, 7 млн. теңгеге күнтізбелер сатып алынды. Жалпы, қордың имидждік өнімдеріне 65 млн. теңге жұмсалды. Ал өткен жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының жарнамалық төлемдері 240 млн. теңгені құрады. «Одан салымшыларға келетін пайданың жоқ екендігін ескеру керек. Осыған байланысты біз Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін тексеріп, салымшылардың ақшасын қорғау бойынша нақты іс-шараларды қолға алуды ұсынып отырмыз», - делінген «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттық сауалында.