Мемлекеттілікті нығайтудың негізгі мәселелері - ақтөбелік ғалым Кенжеғали Кенжебаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қай уақытта болмасын қоғамның даму болашағы ұрпақтың мемлекетшілдігі мен атқарылатын істердің мемлекет мүддесіне негізделіп отыруымен айқындала түскен, деп жазады, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Кенжеғали Кенжебаев «Ақтөбе» газетінде.

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов жазып кеткендей, «Халық ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылға шебер істеген әдіс керек. Тіршілік - ғұмыр белгісі - алыс-тартыс, арбау, әдіс. Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі соныкі». Мемлекет - ұлттың ортақ үйі, оның тарихы, қалыптасуы, мәдениетінің дамуы, өркениеттілігі, тұлғалануы, яғни барлық құндылықтары мемлекетпен, мемлекеттің болуымен (тәуелсіздігімен) өлшенеді.

Қашанда мемлекет зиялылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде дамып отырған. Мемлекеттің тарихи, мәдени, экономикалық дамуының негізі зиялылардың ұлттық мүддеге бағытталған идеясында, тәжірибелерінде жатыр.

Ұлттық идея ұрпақтың елдік санасы арқылы жаңа буынның рухани өміріне жетіп, болашағына қызмет етіп отырады. Ұлттық идея дегеніміз - тарих бойы ұлттың қалыптасуынан бастап ел ішінен шыққан зиялылардың даналығы, кісілік қасиеттері, білімі арқылы қалыптасып отырған тәжірибелерінің жиынтығы. Ұлттық идеяда өмірді, уақытты, тарих пен болашақтың талабын қатар зерделейтін көзқарас, білім, нақты тәжірибе мен ұстаным бар. Әлихан Бөкейханов айтып кеткен: «Ғұмыр, жүріс-тұрыс қай халықта болса, қанша болса, осы халық рәсіміне құл. Ұрлық дүрілдеп жүріп тұрса, халық мақтаған, жұрт сүйген рәсімге сүйенген болады».

Ғылымның, сол арқылы экономиканың дамуына қай ел уақытылы қол жеткізсе, ғылым арқылы дамыған экономиканың өніміне мұқтаж ел сол елдің дәстүрін, мәдениеті мен елдің ұстанымын мойындайды. Ұрлығы көп, жанашырлық жоқ ортада мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілік жоғалады, жемқорлық халықтың сенімін жоғалтып, адамдардың қабілеті бағаланбайды.

Тәуелсіздік - әр ұрпақтың міндетіне жүктелетін дүние. Дүние дейтін себебіміз, тәуелсіздік идеясының негізінде ата-бабамыздың тәжірибелері, рухани қасиеттері, стратегиялық идеялары, елдігі мен ерлігі бар. Тарихтың қиын-қыстау кезеңінен сүрінбей өткен алаш тұлғаларының зиялылығы, ұлттың рухын көтеріп, елдің рухани тәуелсіздігін сақтап отыруында. Соның негізінде халық рухы жоғалған жоқ. Жеріне, тарихына, ділі мен тіліне ие болып келді. Бұл жөнінде өткен жылы қасиетті Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап айтқан болатын.

«Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Елбасы атап көрсеткендей, «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді.

Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді». Мемлекет басшысы айтқандай, Тәуелсіздік - ұрпақ үшін бабалардан келе жатқан идея, аманат іс. Оны сақтап, таза ұстау, ұрпаққа мүддесін тегістей табыстау - бүгінгі буынның міндеті. Тәуелсіздікті сақтаудың ұрпаққа қояр талабы - тазалық, қоғамды таза ұстау, еңбекқорлық, әділетті әрі білімді болу, мемлекеттің талабын уақыт талабымен қатар зерделей білу. Бұл, әрине, мемлекетіміздің алдында тұрған мәселе.

Қоғамнан талап етілетін тәуелсіздіктің мәселелері, ел мүддесінің қажеттіліктері елдің өткенімен немесе бүгінімен шектелмейді. Ол болашақпен жалғасады. Тәуелсіздік талабының болашақпен жалғасуының себебі - адамзаттық дамудың деңгейінде, ортақ құндылыққа айналған жетістіктерінде.

Қай заманда болмасын, «мемлекеттің байлығы - адам, адамның байлығы - білім» болып есептелген. Адамның қоғамдық өмірдегі еңбектену қызметі, кәсіби деңгейі, іскерлігі мемлекет экономикасы мен қоғам өміріне күш беретін құндылық болып саналған. Жапония, Германия сынды экономикасы мен ғылымы ерте дамыған немесе ғылым мен техника, технологияның дамуына ерте қол жеткізген мемлекеттердің құндылығы да, ұстанған мемлекеттік ұстанымы, зиялыларының көзқарасы - бір. Ол - мемлекетшілдік, мемлекеттің стратегиялық дамуға негіздейтін әлеуметтік философиясын қалыптастыру, өз ұлтының дәстүрін, тарихын зерделеу, құндылықтарын бойда иелену, сауатты болу, білімді, ғылымды меңгеру, әлемнің саяси ахуалын зерделеу, әлем елдерінің мәдениеті мен тарихының бойындағы құндылықтарды ескеріп мемлекетінің өміріне қажет идеяларды, тәжірибелерді жинақтау, сол арқылы мемлекет мүддесінің қорғалуына, экономикасының дамуына ықпал ету. Бұл алаш тұлғаларының да ұстанымы болды.

«Дүниеде адам баласының басына келетін әртүрлі қайғы, қасіреттерді бір жолы мүлдем тамырынан құртып жіберу мүмкін емес. Сөйтсе де, біраз жеңілдетуге болады» - деп жазған өткен ғасыр басында өмір сүрген қазақ жастары. Шынымен де қоғамның мәселелерін шешу, мемлекеттің даму жетістіктерін сақтау, ел экономикасының дамуына ықпал ететін нәрсе - сауаттылық. Іскерлік, еңбек, білім осыдан шығады.

Әр ұрпақ буынның тарих кеңістігінде тігіп отыратын тәуелсіздік туы - мемлекеттілік. Мемлекетін өз үйіндей сезінген, оның әрбір құндылығына жауапты қызмет еткен адам қоғам проблемасын өз күшімен жеңілдетеді. Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямыздың мәні осында жатыр. Әрбір заң, кез келген жоба мемлекет болашағы үшін жауапты дүние. Оны насихаттау, жүзеге асыру, халықтың түсінігіне жеткізу мемлекет өмірінде, билік саласында жүрген адам, ғалым, әрбір маман үшін жауапты іс.

Ұлт жоспары бойынша зерделейтін болсақ, мемлекетті нығайтудың бастапқы негізі - мемлекеттілік. Мемлекеттілік мәселесінің негізі - кәсібилік, ел басқарудың, қоғамның қай саласы болмасын елге қызмет етудегі кәсібилік. Ол іскерлікті қолдау, іскер, білікті мамандарды қолдау, тәжірибелі ұлттық кадрлар қатарын қалыптастыру. Кәсіби мемлекетте адам өзінің біліміне, қабілетіне, тәжірибесіне сүйенеді, бұндай билік саласында сыбайластық, туыстық, достық байланыс, жемқорлық болмауы тиіс. Адамның еңбегі, оның шығармашылығы, мемлекет өміріне ықпал ететін идеясы бағалануы қажет. Мемлекет қызметіндегі мамандардың Отан, халық алдындағы жауапкершілігінің, мәдениетінің болуы - үлкен мүмкіндік. Жауапкершілікті арттырып, мәдениетті сақтайтын - этика. Сондықтан да жаңа этикалық ережелерді үйрету, енгізу Ұлт жоспарында кеңінен зерделенген.

Мемлекет әділетті өмір сүрген ортамен нығаяды. Заңның үстемдігі халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады. Заң мәдениетке айналуы қажет. Заң мәдениетке айналған кезде ғана әрбір мемлекет азаматы өзінің қоғам алдындағы құқын, жауапкершілігін толық сезінеді. Билікке қызығушылықтан, ұмтылыстан гөрі жауапкершілік, өзінің біліміне, тәжірибесіне, қабілетіне деген сенім ғана мығым болады. Бұндай жағдайда нағыз мамандар іріктеледі.

Мемлекеттің даму жетістігі, дамыған әлем елдерінің қатарында орнығуы жаңа экономикалық дамудың жетістіктерімен өлшенеді. Экономикалық дамудың талабы - жаңашылдық, әлеуметтік дамудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру. Бұл тек қана ғылым, білім, кәсіби деңгей арқылы ғана жүреді. Қазір әлемде барлық ел жер байлығының қорын үнемдеуге үлкен мән беруде. Ертең елу жылдан кейін қазіргі дамуы баяу жүріп жатқан елдердің табиғат байлығы үлкен сұранысқа ие болады деген болжамдар қазіргі күннің өзінде айтылуда. Қазақстанның индустрияландыру және экономикалық өсім саясатының мақсаты - ауыл шаруашылығын жетілдіру, жерлерді уақтылы тиімді әрі дұрыс пайдалану. Бұл үлкен мағынаға ие саясат. Мемлекеттілік мәселесінің ең үлкені тәуелсіздікті қорғау ісімен тығыз байланысты көрінсе, ол қазіргі күні Қазақстан халқының атадан мирас болған жерді тегіс әрі дұрыс пайдаланып, жерге ие болуында болып отыр. Ұлт жоспарында осы мәселе негізге алынды. Ауыл шаруашылығын дамытудың, ауыл шаруашылығы арқылы экономиканың өсімін көтерудің, яғни ішкі өнімді сыртқа шығарып табыс көлемін ұлғайтудың бір ғана шарты - технология, жетілген ғылым. Бұл - үкіметтің ғана емес, барлық адамның (әкім, ғалым, кәсіпкер) бірігіп атқаратын ісі. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, қолдау ісі қоғамда жүріп жатыр, оны қолға алам деушілерге мемлекет тарапынан жағдай жасалуда.

Қазақ елінің басты байлығы - жер, халық саны алпауыт көршілес мемлекеттермен салыстырғанда едәуір төмен. Жерді сақтау - халықтың өсімімен, тұрмысының жоғары болуымен тығыз байланысты өзекті мәселе. Ұлттық идеяның бүгінгі ұрпаққа қояр талабы - заманның талабына сай мемлекеттілік мәселелерін оңтайлы шешу. Ол жаңа айтып өткен, бірлік, еңбекқорлық, жауапкершілік, сауаттылық, ғылым мен білімнің дамуы, жемқорлықтың болмауы, шынайы отансүйгіштік, білікті жастарды қолдау.

Жерді дұрыс пайдаланып, шаруашылық түрлерін дамыту, жұрттың сұранысына ие сапалы өнім өндіру, оны әлемге шығару, ғылым мен білімнің жаңа жетістігіне қол жеткізу, ел бірлігін сақтау - Тәуелсіздігімізді нығайтатын ұстаным. Қоғам алдында тұрған мәселе - Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде қол жеткізген елдің жетістіктерін зерделей отырып, елдің даму күшін халық болып жұмыла күшейту, кейінгі ұрпаққа қуатты тәуелсіз мемлекетті табыстау. Ұлт жоспарындағы мемлекетіміздің даму стратегиясының мәні осында жатыр.