Естеріңізге сала кетейік, 2004 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік орман қорларындағы қылқан жапырақты және сексеуіл ағаштарын кесуге тыйым салынатын 10 жылдық мораторий жарияланған болатын. Алайда, қоғам арасында бірқатар орман шаруашылығын пайдаланушылар мен қарапайым кәсіп иелері бұл мораторийді алып тастау қажеттігін көтерген еді.
«Шын мәнінде мораторийдің пайдасы зор. Оны әлемдік тәжірибелер де айғақтайды. Мәселен, өткен ғасырдың 90-ы жылдары Қытайда осындай тыйым салу енгізіліп, онда мемлекет қарауындағы өңірлерде кез келген ағаш түрін шабуға тыйым жасалған еді. Тіпті мемлекет қарауындағы ағашты заңсыз кескен адам өлім жазасына дейін үкімге кесілетін. Осылайша бірнеше жылдың ішінде Қытай орман қорын әжептәуір еселеді. Ал Қазақстанға келетін болсақ, біз мораторий енгізілгеннен кейін де орманның жайқалып кетпегенін білеміз. Оның ішінде ағашты пайдаланушылар өздерінің жеке бас пайдасы үшін заңды айнала отырып, орманды отаудың түрлі жолдарын табуда», - дейді орман шаруашылығының маманы Талғат Кертешев.
Оның айтуына қарағанда, орманды бей-берекет отаудың нәтижесінде елдің шығысындағы орман арасы селдірей бастаған. Ресми мәліметтер бойынша тек Шығыс Қазақстан облысының Риддер орман мекемесінде 2004-2008 жылдар аралығындағы заңсыз әрекет орман шаруашылығына 1,5 млрд. теңге залал келтірген.
«Қылқан жапырақты ағаштарды кесуге тыйым салынғанына қарамастан, оларды кесудің түрлі жолдары табылып отыр. Мәселен, орман шаруашылығында санитарлық отаулар қарастырылған. Алайда бұл тәсілде ішінара ауру немесе қураған ағаштарды кесуге рұқсат берілген болса, осындай желеумен сау ағаштардың тұтастай алқабы оталғаны белгілі болып отыр», - дейді Т. Кертешев.
«Мораторийға қарамастан, бұндай өрескел кемшіліктерге жол беретін болсақ, онда Қазақстанда орман мүлдем қалмайды», - дейді ол.