Маманның айтуынша, еңбек өтеу міндетіне қатысты талаптар әсіресе докторантура, магистратура және резидентура сияқты білім беру бағдарламалары бойынша грант иегерлеріне де қатысты. Сонымен бірге заңда міндеттен босатылатын және оны кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін жағдайлар нақтыланған.
Әскерге шақырылған азаматтар міндеттен босатылады
Заңдағы өзгерістердің бірі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға қатысты. Егер мемлекеттік грантпен оқыған жас маман әскери қызметке шақырылып, белгіленген мерзімдегі борышын өтесе, әскери билетін тапсырғаннан кейін еңбек өтеу міндетінен толық босатылады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген азаматтарға да осындай мүмкіндік берілген. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін олар да грант бойынша еңбек өтеу міндетінен босатылады.
— Мысалы, педагог мамандығын оқып, кейін мерзімді әскери қызметке шақырылған азамат әскери борышын өтеп, әскери билетін тапсырса, оның еңбек өтеу міндеті толық тоқтатылады, — деді Ақзира Серікқали.
Бұл үшін азамат өзі білім алған жоғары оқу орнында құрылған арнайы комиссияға жүгінуі қажет.
Еңбек өтеу міндетінен отбасындағы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған мемлекеттік жәрдемақы алушылар да босатылады. Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедекті күтетін және осыған байланысты жәрдемақы алатын азаматтарға да жеңілдік қарастырылған.
Магистратура мен докторантураға түскендерге мерзім кейінге шегеріледі
Мемлекеттік грантпен оқып шыққан жас маман магистратура, докторантура немесе резидентураға грант негізінде қайта түскен жағдайда еңбек өтеу мерзімі оқу кезеңіне кейінге қалдырылады.
Бұл мүмкіндік Қазақстанда ғана емес, шетелде аталған бағдарламалар бойынша білім алып жатқан азаматтарға да қатысты. Алайда оқуын аяқтап, диплом алғаннан кейін жас маман еңбек өтеу міндетін орындауға кірісуі керек.
Келесі білім беру деңгейіне түсу еңбек өтеу міндетін толық жоймайды, тек оны белгілі бір уақытқа кейінге шегере алады.
350 мыңнан астам түлек мониторингте тұр
«Қаржы орталығы» мемлекеттік грантпен білім алған түлектердің еңбек өтеу міндетін орындауына мониторинг жүргізеді. Бүгінде жүйеде 350 мыңнан астам түлек бар.
Қазір мониторингтің басым бөлігі электронды форматқа көшірілген. Алайда бұл үшін түлектің жеке деректерін өңдеуге келісімі болуы қажет. Азамат цифрлық мониторингке қосылуға келісім берген жағдайда, «Қаржы орталығы» оның еңбек қызметі туралы ақпаратты электронды түрде тексере алады.
— Егер жас маман цифрлық форматқа ауысқысы келсе, Қаржы орталығына хабарласып, өзіне жіберілген SMS хабарламаға жауап беру арқылы келісімін береді. Біз сол арқылы қажетті рұқсатты аламыз, — деді маман.
Сонымен қатар бұрынғы тәртіп те сақталған, яғни азамат жұмыс орнынан алынған анықтамаларды қағаз немесе электронды түрде ұсына алады.
7,5 млрд теңге бюджетке қайтарылған
Мемлекеттік грант бойынша еңбек өтеу міндетін орындамаған жағдайда білім алуға жұмсалған қаражатты бюджетке қайтару мәселесі туындайды.
Ақзира Серікқалидың айтуынша, «Қаржы орталығы» осы бағытта республикалық бюджетке 12 жылда шамамен 7,5 млрд теңге қайтарған. Оның ішінде сот шешімі негізінде өндірілген қаражат та, өз міндетін орындаудан бас тартқан азаматтардан өндірілген сомалар да бар.
Әсіресе, ауыл квотасы аясында білім алған медицина мамандары арасында еңбек өтеу міндетін орындамай, оқу шығынын өз еркімен қайтару жағдайлары кездеседі. Мысалы маман ауылдық елді мекенге барып жұмыс істеуден бас тартса, мемлекет жұмсаған қаражатты қайтаруға тура келеді.
Сондай-ақ шетелге көшіп кеткен немесе тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға қатысты да оқу шығынын өтеу мәселесі туындауы мүмкін.
Жеке мекемеде жұмыс істеуге болады
Мемлекеттік грантпен оқыған жас маман міндетті түрде мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуі керек деген түсінік негізсіз. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, тиісті шарттарды орындаған жағдайда жеке ұйымдарда да еңбек етуге болады.
Мұнда негізгі талаптардың бірі — жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдарды уақытылы төлеуі. Маманның айтуынша, жұмыс беруші тиісті жарналарды белгіленген мерзімде аударып отырса, азаматтың еңбек өтеуі есепке алынады.
Ал мұндай аударымдар жүргізілмеген жағдайда жас маманның еңбек өтеу міндетін орындағаны расталмай, грант қаражатын өтеу мәселесі туындауы мүмкін.
Сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесіне қатысты да түсініспеушіліктер кездеседі. Мамандардың түсіндіруінше, жай ғана өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде жұмыс істеу еңбек өтеу болып саналмайды. Азамат тиісті тәртіппен жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет.
Айта кетейік, бұған дейін, Астана әкімдігінің гранты кімдерге бұйырғанын жазған едік.