Мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты жетілдіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кәсіпорындар жеке сектормен бәсекелеспеуге тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін қолданыстағы қолдау шараларына ревизия жүргізу; жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді ретке келтіру; халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен ауқымды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының пулын айқындау жоспарлануда. Тағы бір басым міндет – мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясатын жетілдіру. Олар жеке сектормен бәсекелеспеуге тиіс. Заңнамалық деңгейде оларды құру мақсаттары айқындалады, жұмыс форматы регламенттеледі», - деді Нұрлан Байбазаров.

Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, активтерді қайтару жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізу бойынша жұмыс аясында оларды ерікті негізде қайтару, сондай-ақ ел экономикасына инвестиция салу жолымен қайтару тетіктері пысықталады.

«Агроөнеркәсіп желісі бойынша қолжетімді кредиттеу көлемін ұлғайту, мемлекеттік субсидиялардың пайдаланылуын бақылауды күшейту, сондай-ақ жер учаскелерін қайтару рәсімін жеңілдету сияқты жекелеген шаралар қабылданады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын жасау, жаңа құрал – «тауар несиесін» енгізуге мүмкіндік жасау, сондай-ақ азаматтарды өнімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша оқыту орталықтарын іске қосу жөніндегі шаралар көзделетін болады», - деді ол.