Мемлекеттік қызметші тәртіп бұзса, жауапкершілігі қалай өлшенеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне қатысты көзқарас түбегейлі қайта қаралып жатыр. Оның басты мақсаты — жазалау емес, алдын алу шаралары мен қызметтік тәртіп болмақ. Бұл жаңашылдықтар «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасында жазылған.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, заң жобасында жауапкершілікті жеңілдететін (теріс салдардың болмауы) және ауырлататын мән-жайлар (қызметтік міндеттерді өрескел бұзу, тәртіптік теріс қылықты алкогольдік, есірткілік, не өзге де мас күйде жасау) нақты айқындалады.

— Тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы мен кінә дәрежесін ескере отырып, тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі 2 айдан 6 айға дейін сараланады, — деді Д. Жазықбай Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жауапты шешімдер қабылдау кезінде туындайтын салдардан мемлекеттік қызметшілердің қауіптенетінін бірнеше рет атап өткен болатын.

— Мұндай жағдайларда әрбір әрекеттің уәжін нақты ажырата білу аса маңызды. Осыған байланысты заң жобасында, егер қабылданған шешімдер азаматтардың өмірін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған болса, жауапкершілікті болдырмайтын жағдайлар айқын бекітілген, — деп атап өтті агенттік төрағасы.

Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тәуелсіздігіне берілетін кепілдіктер күшейтіледі. Қызметке негізсіз қысым жасауға, араласуға, дәлелсіз айып тағуға жол берілмейді.

— Қызметшілерді құқықтық тұрғыдан қорғау мемлекеттің міндеті. Бұл — адал әрі салмақты шешімдер қабылдаудың қажетті шарты, — деді Дархан Жазықбай.

Айта кетейік, Мәжілісте «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мемлекеттік қызметшілердің қызметіне соңғы түпкілікті бағаны ел азаматтары беруі керек.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер еңбекақысы кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеледі. Зейнетке шыққанда 4 жалақы мөлшерінде төлем беріледі.