Мемлекеттік қызметшілер қандай заң бұзушылықтарға жиі жол береді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл мемлекеттік қызметшілердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелуінің екі фактісі анықталды. Осыған орай мемлекеттік қызметтегі антикоррупциялық шектеулер туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Асқар Баймұқановтан мемлекеттік қызметшілер қандай талаптарды жиі бұзатынын сұрап білдік.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

- Асқар Қайыржанұлы, өңірде мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлікпен айналысуына қатысты қандай заңбұзушылықтар анықталды?

- Ия, екі дерек анықталып отыр. Бірінші жағдайда соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде мемлекеттік қызметші заң талаптарын бұзған теріс қылығы үшін мемлекеттік қызметтен босатылды.

Екінші жағдайда мемлекеттік қызметші бала күтімі бойынша демалыста жүріп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Істі қарау нәтижесінде сот оны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 154-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 605 мың теңге мөлшерінде айыппұл салды.

Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Мұнда бір маңызды жайтты атап өткен жөн. Бала күтімі бойынша демалыста болу мемлекеттік қызметші мәртебесін тоқтатпайды және заңда белгіленген антикоррупциялық шектеулерді сақтау міндетінен босатпайды.

- Бүгінде өңірде мемлекеттік органдарға тән сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қандай?

- Ең жиі кездесетіні - мемлекеттік қызметшілердің заңнамада белгіленген антикоррупциялық шектеулерді сақтамауына байланысты. Атап айтқанда, жақын туыстардың бір мемлекеттік органда тікелей бағыныстылықта жұмыс істеуі және мүдделер қақтығысы.

Кейде мұндай заң бұзушылықтар формалды мәселе ретінде қабылданады. Алайда олар шешімдердің объективті қабылданбауына және қызметтік өкілеттіктердің жеке мүдде үшін пайдаланылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз - мұндай тәуекелдерді ауыр салдарға жеткізбей дер кезінде анықтап, жою.

- Мемлекеттік қызметші кәсіпкерлікпен іс жүзінде айналыспаса да, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде тұра ала ма?

- Жоқ. Мемлекеттік қызметші үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің өзі заң талаптарына қайшы келеді.

Сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңда мемлекеттік қызметке келгенге дейін жеке кәсіпкер немесе шаруа (фермер) қожалығының мүшесі болған азаматтарға қатысты арнайы норма қарастырылған.

Оларға мемлекеттік лауазымға тағайындалған күннен бастап алты ай ішінде кәсіпкерлік қызметін тоқтатуға және (немесе) тиесілі мүлкін иеліктен шығаруға мүмкіндік беріледі.

Осы мерзім ішінде мемлекеттік қызметші кәсіпкерлікпен айналысуға немесе өзіне тиесілі мүлікті басқаруға құқығы жоқ. Егер белгіленген мерзімде қажетті шаралар қабылданбаса, бұл мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады.

- Мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік органдар қандай жұмыстарға басымдық беруі керек?

- Ең алдымен, анықталған фактілерге ғана әрекет ету жеткіліксіз. Мүдделер қақтығысының туындауына және заңда белгіленген шектеулердің сақталмауына әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтау маңызды.

Сондай-ақ жүйелі түрде жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне қандай шектеулер қолданылатынын, мүдделер қақтығысы қандай жағдайда туындайтынын және оның алдын алу үшін қандай әрекет ету қажет екенін нақты білуі тиіс.

Біздің мақсатымыз - тек құқық бұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тарту ғана емес. Ең бастысы - мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін өздері алдын алатын және заң талаптарын мүлтіксіз сақтайтын қызметтік мәдениетті қалыптастыру.

Бұған дейін Жамбыл облысында мемлекеттік қызметкерлерге 735 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік