Мемлекеттің әр теңгесі АӨК-ке 7 теңге инвестиция тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет ауыл шаруашылығына бөлген әр теңге саладан тағы 7 теңге қаржы тартуға мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында 2025 жылы АӨК-ке бағытталған қаражат көлемі 1 трлн теңгеден асты. Ал биыл бұл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдерін жетілдіріп жатыр. Оның басты ұстанымы бюджет қаражатын салаға тікелей бағыттаумен шектелмей, бюджеттен тыс қосымша қаражат тарту. 2025 жылы бюджеттен 153 млрд теңге тікелей бөлініп, агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асты.

Бұл тәсіл екі маңызды міндетті қатар шешуге жол ашады: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету және нарықтық ресурстарды тарту арқылы бюджетке түсетін салмақты азайту.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың атқаратын рөлі де өзгеруде: бюджет саланы қаржыландырудың жалғыз көзі болудан қалып, агроөнеркәсіптік кешенге жеке капитал тартудың құралына айналып келеді.

— Біздің міндетіміз — бюджет қаражатын салаға жай ғана бағыттау емес, оны барынша тиімді пайдалану. Бюджет АӨК-ке бірнеше есе көп қаражат тартуға мүмкіндік беретін қаржылық тетікке айналуы тиіс. Осындай тәсіл бюджет шығыстарын дәл сондай көлемде ұлғайтпай-ақ, қаржыландыру көлемін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Азат Сұлтанов.

Бұл тетік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қарыз қаражатының құнын төмендетуге негізделген. Шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары жылдық 5–6% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру алады. Нарықтық және жеңілдетілген мөлшерлемелер арасындағы айырманы мемлекет өтейді.

Аталған тетік екінші жыл қатарынан екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Бірінші бағыт — «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау.

Екінші бағыт — «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облигациялар шығару арқылы қаржы нарығынан қаражат тартуы. Бұл ретте тартылған қаражаттың құны да мемлекет тарапынан субсидияланады.

Осылайша, бюджеттен салыстырмалы түрде аз қаражат бөлу арқылы саланы қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтуға жағдай жасалады.

2023 жылы АӨК-ті қаржыландыру көлемі 160 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асты.

Бұл ретте бюджеттен тікелей 153 млрд теңге бөлінді, ал қаражаттың басым бөлігін бюджеттен тыс көздерден тартылған қаржы құрады.

— Іс жүзінде салаға бөлінетін қаржыландыру көлемінің айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Бұрын мемлекеттік қолдау көлемі бюджет мүмкіндігіне тікелей тәуелді болса, қазір бюджет қаражаты банктер мен қаржы нарығынан қосымша ресурс тартуға мүмкіндік береді. Бұл шаруалардың даму мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекет үшін де қолдаудың тиімді тетігін қалыптастырады, — деп атап өтті вице-министр.

Тартылған қаражат шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындарының негізгі қажеттіліктерін қаржыландыруға бағытталады.

Оның есебінен көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы жүргізуге, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен жанар-жағармай материалдарын сатып алуға мүмкіндік бар.

Қаражаттың едәуір бөлігі жеңілдетілген лизинг арқылы машина-трактор паркінің жаңаруына бағытталады. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға басымдық беріліп, бұл қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылы бюджеттен бөлінетін 272 млрд теңге есебінен көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға шамамен 1,1 трлн теңге көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда салаға 894 млрд теңге бағытталды. Оның 656,4 млрд теңгесі аграршыларға маусымдық егіс жұмыстарын жүргізу үшін берілді. Тағы 237,6 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталды.

Қаржыландыруға қолжетімділіктің артуы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі көрсеткіштерінің өсуіне де оң әсер етіп отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімінің жалпы көлемі шамамен 15 трлн теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі — 5,9 трлн теңге, мал шаруашылығы — 3,8 трлн теңге, қосылған құны жоғары өнім өндірісі — 5,2 трлн теңге.

Экспорт көлемі де ұлғайып келеді. 2025 жылы АӨК өнімдерінің экспорты 2024 жылмен салыстырғанда 37%-ға артып, 5,1 млрд доллардан 7 млрд долларға жетті. Бұл ретте экспорттық жеткізілімдердің жартысынан астамын өңделген өнім құрайды.

Оң үрдіс биыл да жалғасып отыр. Қаңтар–маусым айларында АӨК жалпы өнімінің көлемі 4,9 трлн теңгені құрады.

Осы кезеңде өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру 7,7%-ға, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 4,4%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру 14,7%-ға, сусындар өндіру 4,4%-ға өсті.

— Мемлекет нарықты алмастырып, саланы толығымен бюджет есебінен қаржыландырмауы керек. Оның міндеті — бюджет қаражаты жеке және нарықтық капиталдың едәуір көлемін тартуға негіз болатын жағдай қалыптастыру.

Бұл модельдің басты нәтижесі — бюджет қаражатының көлемі емес, оның есебінен қол жеткізілетін экономикалық нәтиже. Яғни өндірісті қаржыландыру, техниканы жаңарту, қайта өңдеуді дамыту, өнім көлемін арттыру және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін күшейту, — деп қорытындылады вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін жарты жылда АӨК-ке салынған инвестиция 926 млрд теңге болғанын жаздық.