— Мемлекеттік органдарға өз бюджеттерін 15 пайыз лимит шегінде нақтылаусыз түзетуге мүмкіндік берілді. Алайда мұндай мүмкіндік қосымша пысықтауды талап етеді. Егер түзетілген бюджетке қатысты есептесек, онда небәрі 8 түзетудің негізінде бастапқыда бекітілген бюджетті толығымен қайта бөлуге болады. Іс жүзінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жетті, — деді ол.
Оның атап өтуінше, бұл республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау кезінде Парламентте егжей-тегжейлі талқыланып, бекітілген бюджет параметрлерінен едәуір ауытқу тәуекелдерін тудырады. Осыған байланысты, Парламенттің бақылауында болуын қамтамасыз ете отырып, мұндай түзетулердің көлемін шектеу қажет.
— Қаражат тапшылығы және шығыстарға басымдық беру маңыздылығы жағдайында блоктық бюджеттеудің әсері шектеулі болып отыр. Пилоттық мемлекеттік органдар бойынша толыққанды талдау жүргізіп, оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдау керек деп санаймыз. Ковенанттардың сақталуына және тұрақты кредиттік рейтингтерге қарамастан, мемлекеттік борышты басқару әрі қарай жетілдіруді талап етеді. Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында көзделген қолданыстағы шектеулерді күшейту керектігіне назар аударамыз, — деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы бюджеттің өз кірістеріне түсетін жүктемені, қарызды өтеуге жұмсалатын шығыстар көлемін, сондай-ақ жаңа қарыздардағы қайта қаржыландыру үлесін ескеретін қосымша көрсеткіштер қажет екенін де атап өтті.
— Ал қарыздарды тарту өнімділіктің, экспорттың өсуіне, сондай-ақ олардың салық түсіміне ықпал ету тұрғысынан бағалануы тиіс, — деді ол.
Айта кетейік, жалпы отырыста Мәжіліс пен Сенат депутаттары Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап жатыр.