Мен ауыр шайқастарда да Отанға деген сүйіспеншілігімді жоғалтқан жоқпын - Ұлы Отан соғысының ардагері Константин Гусак

АҚТАУ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Мен ауыр шайқастарда да Отанға деген сүйіспеншілігімді жоғалтқан жоқпын,

дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Константин Гусак.

Ақтау қаласының тұрғыны Константин Гусак биыл 85 жасқа толды.Ол Ұлы Отан соғысында талай ауыр шайқастарға қатысып, жеңістің тәтті дәмін татқан азаматтардың бірі.

1943 жылы Константин Гусак жасы кәмелетке толмай әскери ант қабылдап үлгерді.

Сол жылы екінші Украина майданына жолдама алып, Кубан атты әскерлер қорпусының 138-полкінің құрамында шайқасты.

Украина, Белоруссия, Румыния, Венгрия және Чехословакия елдерін жау қолынан азат ету ұрыстарында белсенділік танытқан.

1944 жылы Белоруссияны фашист әскерлерінен босату кезінде ол, 1-Беларусь майданында болып, «Багратион» операциясына қатысты.

Осы жылдың күз айында бұл корпус екінші Украина майданына қосылып, Румыния, Венгрия, Чехословакия елдерінде соғысқан. Константин Чехословакияда үшінші рет жарақат алды.

«Үшінші рет оқ тигенде сәуір айы болатын. Бұл кез қысқы күртелерімізді көктемгі киімге ауыстыратын кез еді. Бірақ, біз әлі сол киімімізбен жүргенбіз. Күртемнің қалыңдығы тірі қалуыма себепші болды деп ойлаймын», дейді майдангер.

«Майдандағы жолдас-жораларымыздың оққа ұшқан сәттері әлі күнге дейін көз алдымда. Біз қиын жылдарды бастан кештік. Ауыр шайқастарда да Отанға деген сүйіспеншілігімді жоғалтқан жоқпын. Сендер бақытты, бейбіт өмірде тұрып жатырсыңдар. Соны бағалаңдар», дейді ардагер.