Мені бәрібір тауып алды: тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары полицияға жүгінуден неге қорқады

АСТАНА. KAZINFORM – Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейді. Соған қарамастан көптеген әйел әлі де полицияға арыз жазудан бас тартып, үнсіз қалуды жөн көреді. Бұған не себеп? Kazinform тілшісі осы мәселені зерттеп көрді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Ақмола облысында бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және құқықтық көмек көрсететін төрт дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері өңір полицейлері мұндай орталықтарға 58 адамды, оның ішінде 21 әйел мен 37 баланы жолдаған.

Алайда Ақмола облысындағы кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсететін «Шанс» орталығының басшысы Әсем Аппаеваның айтуынша, әйелдердің басым бөлігі полицияға емес, дағдарыс орталықтары мен 111 байланыс орталығына жүгінеді.

Фото: Әсем Аппаеваның жеке архивінен

 

– Полицияда мұндай істер өте аз тіркеледі. Өйткені әйелдердің көбі тек психологпен сөйлесіп, кеңес алғысы келеді. Көпшілігі отбасын сақтап қалуды қалайды. Бірақ күйеуі ұрып-соғып, ішімдікке салынса, бұлай өмір сүруге болмайтынын және полицияға жүгіну қажет екенін бәрі бірдей түсіне бермейді, – дейді ол.

Маманның айтуынша, әйелдердің полицияға жүгінбеуінің негізгі себебі – қорқыныш. Олар арызданғаннан кейін зорлық көрсеткен адамның қайта оралып, кек алуы мүмкін деп қауіптенеді. Кейбірі туыстары мен қоғам алдындағы ұяттан қорқады. Басқалары экономикалық тәуелділіктен шыға алмайды.

Қазір Көкшетаудағы дағдарыс орталығында 6 әйел мен 18 бала тұрып жатыр. Мұнда келгендердің көбі уақыт өте келе өз бетінше өмір сүре алатынын түсініп, бұрынғы отбасына қайтпайды.

Бес баланың анасы Елена (аты өзгертілген) да осындай орталықтардың бірінен пана тапқан. Ол 15 жылдық некеден кейін күйеуінен ажырасып, балаларымен бірге дағдарыс орталығына көшкен. Алайда бұрынғы жұбайы оны Астанадағы орталықтан тауып алған соң әйел Көкшетауға кетуге мәжбүр болған.

– Ол мені алғашқы балама жүкті кезімде-ақ ұрды. Кейін бәрі түзелер деп үміттендім. Ұл бала тусам өзгерер деп ойладым. Бірақ екі ұл дүниеге келгеннен кейін де жағдай жақсармады, – дейді Елена.

Әйелдің айтуынша, күйеуі өзін де, үлкен қызын да үнемі соққыға жыққан. Соңғы рет ол әйелді және туған әпкесін бейсбол добымен ұрып-соққаннан кейін Елена балаларын алып қашып, полиция шақырған.

– Біз 15 жыл бойы отбасымыздағы жағдайды ешкімге білдірмеуге тырыстық. Бірақ сол түні бәрі сыртқа шықты. Жасыратын ештеңе қалмады, – дейді ол.

Дағдарыс орталығының көмегімен әйел жұмыс тауып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алған. Алайда бұрынғы күйеуі оны Көкшетаудан да тауып алған соң қорқынышты күндер қайта оралған.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны 46-дан 38-ге дейін азайған. Оның ішінде 16 ауыр қылмыс және 22 қылмыстық теріс қылық тіркелген.

Фото: Жеке архивінен

– Бүгінгі таңда тұрмыстағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 1600 адам жауапкершілікке тартылды. 657 адамға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді. 1837 қорғау нұсқамасы шығарылып, олардың талаптарын бұзған 233 адам жауапқа тартылды, – деді Ақмола облысы ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Мнуара Жолмағанбетова.

Оның айтуынша, көптеген әйел отбасыны сақтап қалғысы келгендіктен күйеуін кешіріп, жағдай өзгереді деп сенеді.

– Бірақ зорлық-зомбылықтың циклдік сипаты бар. Ол міндетті түрде қайталанады. Бір айдан кейін болсын, екі айдан кейін болсын қайта орын алады, – дейді полиция майоры.

Психологтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері ретінде балалық шақтағы психологиялық жарақаттарды, билік пен бақылауға ұмтылысты, күйзеліспен күресе алмауды, қатаң гендерлік стереотиптерді және кейбір психикалық бұзылыстарды атайды.

Психолог Филипп Кочериннің пікірінше, кез келген отбасында жанжал болады. Бірақ оны зорлық-зомбылыққа жеткізбеу үшін ашық диалог қажет.

Фото: Жеке архивінен

– Егер зорлық-зомбылық орын алған болса, мәселені өз бетіңізше шешуге тырыспау керек. Ұялмай, тиісті органдар мен мамандардан көмек сұраған жөн, – дейді ол.

Қазақстанда биыл 15 сәуірде әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заңға қол қойылды. Құжат тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді.

Айта кетейік, Алматыда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр.