Мен ештеңеден ұялмаймын, баламды ертіп жүремін - ерекше баланың анасы

Ақтөбе облысы бойынша мүгедектігі бар бала саны 5 мыңға жуықтады. Әзірге баласының денсаулығы үшін күресіп, «жазылып кетеді» деген үмітпен өмір сүріп жүрген отбасы саны беймәлім. Белгісі - ерекше күтімді қажет баланың жанында көбінесе анасы болады. Kazinform үй тірлігінен, табысты анаға айналған, өзгеге үлгі бола білген аналарды әңгімеге тартты.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қызым 5 жастан кетсе де, салмағы 4,5 келі

Қызылордалық Ақтоты Тынымбаева Ақтөбеге арнайы келді. Ол өзі секілді ерекше бала өсіріп отырған аналармен етене араласып, қазір көп қиындықты артта қалдырған. Алғашында көзі құрғамай, сәл нәрсеге ашуланса, қазір сол ашуын ақылға жеңдірді. Қызы туа бітті түрлі дертке шалдығып, 15 диагноз қойылса да мойымады, бәрін қаз-қалпында қабылдап, өзі өзгерді. Айналасы да өзгеріп сала берді.

- Қызым өмірге келгенде оны қаз-қалпында қабылдау қиын болды. Арада бес жыл өтті. Қазір бәрі қалыпты жағдайға түсті. Өзімді жоғалтып алмау үшін психологқа көп бардым. Әлеуметтік желі арқылы емес, баласы ерекше аналардың айтуымен тауып, сөйлестім. Мені күйеуім өте жақсы қолдайды. Қайынжұртым, ата-анам, барлығы көп көмегін берді. Диагнозы көп, 15 диагнозы бар деп айтсам болады. 5 жаста болғанымен, салмағы 4,5 келі ғана. Мамандардың көмегіне жүгінген соң өзіме деген сенімділік пайда болды. Өзімді жек көріп, бәрінен тыс қалып қойған сияқты күй кешетін едім. Ол да өзгерді. Күйеуіммен ара қатынасым жақсарды,- деді Ақтоты Тынымбаева.

Ол Алматы мен Семей қалаларындағы психологтардың көмегіне жүгінген. Онлайн да сөйлесті. Ақтоты Тынымбаева екінші сәбиін өмірге әкелу кезінде де көп қиналғанын жасылмады. Маманның сөйлесу арқылы ғана қорқынышын жеңіп отырған.

- Қазір әлеуметтік желі арқылы менен кеңес сұрайтындар болады. Массаж жасайтын адамдар да «төрт жыл бұрын өзге едің, қалай өзгердің, сен сияқты адамдарға көмек керек» деп айтады. Ең бірінші - баланың жағдайын қабылдау, алға ұмтылу. Ол бала Алланың берген сыйы. Болашаққа ұмтылу керек. Сау баланың жағдайын ойлау керек. Мен ештеңеден қалмаймын. Кейбір аналар шақырған жерге баласын ертіп апаруға ұялады. Мен қызымды қалдырмаймын, ертіп апарамын. Ұялмаймын. Менің қызым маған үлкен сабақ болды, көп нәрсені ұғындырды, түсіндірді. Бұрын жылап, ашуланатын едім. Қазір пысыдым. Тез шешім шығарамын,- деді Ақтоты Тынымбаева.

Egov қызметін еркін меңгерген ана қазір өз күшімен табыс тауып, әр күн сайын алға жылжып келеді. Тіпті замандастарынан оқ бойы озық.

Жан жарасы ешқашан жазылмайды, адамның жүрегінде қалады

Гүлсаян Ыбырай ақтөбеліктер үшін жақсы таныс. Мамандығы – журналист. Қарағанды облысының тумасы. Ақтөбенің жігітіне тұрмысқа шығып, осында тұрақтап қалды. Ерекше баланың анасы өмір қиындығымен өзі күресіп, қазір өзгеге үлгі болып жүр. Айтары да, үйретері де көп. Тек аналардың ынтасы мен ерік-жігері мықты болса дейді.

- Үлкен баламыз өмірге келгеннен кейін көп ұзамай инсульт алды. Әрі қарай туа бітті сал ауруына шалдықты. Алты жыл емдедім. Апармаған жерім жоқ. Қолым, аяғым жеткен жерге апардым. Демеушілер де көмектесті. Жүгіріп жүргенде күйзеліске түскенімді білмей қалдым. Сол кезде «жұмысқа шығу керек, үйде отыра берсем ауру боламын» деп ойладым. Өмір бойы мүгедек баламен өмір сүрген ана ерік-жігері мықты болмаса, үйінен шықпай қалса, баламен бір деңгейде қалады. Тез ашуға салынады. Содан газетке жұмысқа тұрдым. «Баланың болашағы қалай болады? Тағдырыма не болды? Неге менің басымнан өтіп жатыр?» деген көп сұрақ тұрды алдымда. Сөйтсек, мұндай ана көп екен. Арада 11 жыл өтті. Ұлым қазір «Жайна» сауықтыру орталығында. Сонда бергеніме төрт жыл болды. Психолог Сәулентай Талғатқызына барып, кездесіп, сөйлескен соң еңсемді көтердім. Өзімнен кінә іздеуді тоқтаттым. Басқа адамдарға да көмектескім келді,- деді Гүлсаян Ыбырай.

Ол қазір өзі секілді ерекше баласы бар аналардың өмірге қайта оралып, табысты болғанын қалайды. Көпшіліктің басын қосып, семинар-тренингтер ұйымдастыруға ұйытқы болып жүргенінің негізгі себебі осы. Бұл жолы ақтөбелік аналар ешкімнен көмек күтпей, өз жүгін өзі арқалап, биікке көтерілуге бірікті.

- 2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде парақшамды жүргіздім. Бар қадамымды жаздым. Аналар да психологқа баратын адамдардың ақыл-есі ауысқан емес, күрескерлер екенін түсінді. Осы уақытқа дейін онға жуық тренинг болды. Содан кейін жұмысқа қосылып, қайта балалы болып, баласын арнайы орынға апарып, өз өмірін реттеген, қайта тұрмыс құрған, қызметін өсірген, кәсіп ашқан аналар өте көп. Қазір тренинг үйлестірушілері бұрын сол тренингке қатысқандар. Міне, біз осылай бас біріктірдік, күресті жалғастыра береміз. Себебі бала ауырған кезде ананың да өмірі қыл үстінде болады. Өзімді кереметпін, бақыттымын деп айтпаймын. Бірақ алға қадам бастым. Әйелдің қолдаушысы әйел деп айтқым келеді. Әйелдің мұңын әйел ғана түсінеді. Жан жарасы ешқашан жазылмайды. Адамның жүрегінде қалады. Сондықтан үнемі психологпен жұмыс істеп, соны басып отыру керек. Бұл өзі толқын сияқты дүние. Ем алып жүрген бәрі жақсы болады. «Жазылып кетеді, жұмысқа орналасамын, баспаналы боламын» деп жоспар құра бастайсың. Бір айдың жиырма күні солай өтеді, он күні қинайды. Езіп тастағандай күй кешесің. Көтеріп шығаратын – психолог,- деді ол.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған анаға кез келген психолог көмектесе алмайды

Психолог көп, бірақ ерекше бала тәрбиелеп отырған ананы ұғатыны аз. Жан жарасын емдеп, өмірге қайта бейімдейтіні некен-саяқ.

- Баламды емдетіп жүргенде аналар үшін психолог көмегін неге қоспайды екен деп айтатынмын. Шынында да сондай. Бір ерекшелігі кез келген психолог баласы түрлі ауруға шалдыққан анаға көмектесе алмайды. Кейде «бәрі жақсы болады» деп шығарып салатындар да бар. Бұл нағыз маманның тірлігі емес. Осы олқылықтың орнын толтырып, өзгелерге көмек болсын деп өзіме көмектескен Сәулентай Талғатқызымен келістік. Жылына бірнеше рет тегін тренинг ұйымдастырамыз. Бұл жолы 100 адам жиналса да қамти алатынын айтты. Кәсіби тұрғыда ұйымдастырып, маңызды шара қатарына қостық. Бізде қор емес. Демеушілердің көзіне түсу үшін емес. Үйлестіруші болдым. «Тамшы project» деп атау қойдық. Тамшыдай болса үлес қосу мақсат,- деді Гүлсаян Ыбырай.

Психолог Динара Наурызбаева да бір кездері ерекше баланы тәрбиелеуге бар күш-жігерін салды. Өткен күндерін еске алған сәтте көзіне жас алатын ана қайта тұруды үйрену, қайта өмір сүру қиын екенін, сол қиындықты еңсеруге көмектесуге әзір болғанын жеткізді.

- Іштен тынып, қиналып жүрген аналарға көмектескіміз келді. Ерекше баланың анасы болған кезде қоқыс төгуге шықсам да өзімді кінәлайтынмын. Себебі «менің балам жатыр, таза ауа жұта алмайды, ал мен сыртқа шығып кеттім» деп іштей жегідей жеп, кінәлі сезінетінмін. Сондай кезде морт сынбай, күш беру мақсатын көздеп жүрміз. Қолымыздан келгенше көпшілікке жеткізу, көрсету,- деді ол.

Мұндай басқосуға тек аналар ғана келіп, көмекке жүгінеді. Ал ерекше бала тәрбиелеп отырған әке көбіне емі үшін табыс табуды міндетіне алған. Бұл да бір ортаға жиналған аналардың өз сөзі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform