Мен Қазақстан азаматы болғанымды мақтан тұтамын

ОРАЛ. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мен Қазақстан азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Бұл туралы Оралдағы №22 «Колобок» мектепке дейінгі ұйымының қазақ тілі мұғалімі Любовь Айтасова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда игіліктердің бәрі барлық ұлт өкілдері үшін жасалуда. Осының бәрі - Ата заңның арқасы. Өздерінің болашағын ойлаған өзге ұлт өкілдері балаларын қазақтілді балабақшаларға беруде. Мектеп қабырғасында да білім алып жүргендері аз емес. Бұл, әрине, қуантады.

«Бірнеше ұлт өкілінен құралған біздің отбасында барлық мемлекеттік мереке тойланады. Дегенмен Ата заңның орны ерекше. Басқа заңдар содан бастау алып, үнемі жетілдіріліп отырады. Біз тәуелсіз де еркін елдің азаматтарымыз. Елімізде көп ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқаны үшін Елбасына ризашылығымызды білдіреміз», дейді Л.Айтасова.