Менедженті жақсы жолға қойылған мекеме дәрігерлері жалақысына қосымша 160 мың теңге алады

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Менедженті жақсы жолға қойылған мекеме дәрігерлері жалақысына қосымша 160 мың теңге алады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Салидат Қайырбекова айтты.

Оның атап өтуінше, елімізде құрылған менеджмент орталықтарында 2 мыңнан астам денсаулық сақтау менеджерлері оқытылған. Сонымен қатар өткен жылы стационарлық көмек көрсететін мамандардың оқуына бөлінген қаржы алғаш рет халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген тарифына енгізілді.

«Бұл ұйым басшыларына 12 мыңнан астам маманның оқу бағыты мен тақырыбын өздігінен айқындауға мүмкіндік берді. Менедженті жақсы жолға қойылған мекемелерде қосқан үлесі мен қызметтік бейініне қарай дәрігерлердің жалақысына 160 мың, мейірбикелерге 40 мың теңгеге дейін қосымша ақы төленді», - деді министр.

Осы ретте С.Қайырбекова менеджерлерді оқытуды жалғастыру барысында медициналық ұйымның автономдығын арттыру бойынша жұмыстар күшейтілетіндігін баса айтты.