***
Биыл еліміздің көптеген аймақтарында қар қалың түсті. Енді, міне, қыстың қаһары да кетіп, аяғы көрініп қалды. Әне-міне дегенше көктемнің жылылығы жетіп, қалың қардың көбесі сөгіледі. Оның арты бірқатар жерлерде қар көшкініне, тасқын суға да ұласатыны сөзсіз. Сонда тау, тасты, сай-саланы қуалай аққан қызыл судың қуатына қарсы тұрып, төтеп берер су бөгеттері мен тоғандары құрылыстарының қауқары қандай болмақ? Жаман айтпай жақсы жоқ деген, кенеттен орасан су тасқыны болып жатса, гидрожелі тоғандардың қауіпсіздігі сенімді ме?
Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында жазады. Газеттің жазуынша, көңілді алаңдатқан осындай мәселелерге байланысты облыстардағы тілшілеріне тығыз тапсырма беріліп, артынша аймақтардағы су тоғандары мен су қоймаларының қазіргі жай-күйі туралы нақты мәлімет жиналған. «Тасқын таяу. Тосқауыл қойыла ма?» деген мақалада солардың бірқатарын жарияланған екен.
«Жалпы, Алматы облысында аумағы 8647 текше шақырым болатын 145 сел тасқынының қауіпті телімі анықталған. Онда 40527 адам қоныстанған 5962 тұрғын үйден тұратын 122 елді мекен бар. Темір жол, автокөлік жолы, өндіріс орындары, мәдениет нысандары өз алдына. Жетісу жерінде биыл жауған қар қалыптағыдан 1,5-2 есеге артық түскенін, наурыз айында ауа райы күрт өзгеріп, 20-25 градусқа дейін жылынуы мүмкін деген «Қазгидромет» мәліметін де қаперден шығармаған дұрыс», - деп жазады газет.
Сондай-ақ, басылымның ескертуінше, абылды жағдайлар Іле, Топар, Тентек, Шелек, Байынқол, Шарын, Көксу, Быжы, Бүйен, Қаратал, Тышқан, Есік, Өсек, Лепсі, Басқан, Сарқан, Түрген, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінде болуы мүмкін. Райымбек ауданындағы Байынқол, Шелек өзендерінде су деңгейі көтерілсе, Алғабас, Жамбыл, Нарынқол елді мекендерін су тасқыны басу қаупі бар. Еңбекшіқазақ ауданында Есік өзені көтерілсе, Белек саяжайлар аумағына қатер төнеді.
***
Әлемдік жиырма алып ұйымына төрағалық жасау Ресейге көшті. Ресей басшылығы осынау халықаралық ықпалды ұйымның отырысына қарқынды дамушы елдер басшыларын да құрметті қонақ ретінде шақыратын болды. Сол құрметті қонақтардың бірі және бірегейі қазақстандықтардың ұлттық Көшбасшысы, соңғы 20 жыл ішінде өмірге келген талай игі бастамалар мен халықаралық ұйымдардың негізгі ұйытқысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болуы халықаралық сарапшыларды елең еткізгендей. Олар G-20 дөкейлерінің жаңа кезекті басқосуынан үлкен үміт күтетіндіктерін қазірдің өзінде айтып жатыр. Қысқасы, G-20 жұмысына бұған дейін талай сын айтып келген өзіміз де болашақтан үміт сәулесін сезгендей әсерде жүрміз. Не боларын уақыт көрсетер, бірақ G-20 тыңдаса, біздің ұлттық Көшбасшымыз әлемдік экономиканы қыспағынан шығармай тұрған дағдарыспен күрестің нақты және жалғыз дұрыс жолын көрсетіп беретініне сенімдіміз. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев не дер еді? Біздіңше, Қазақстан Президенті бұған дейінгі барша әлемге жариялаған ұсыныстарын нақты кейінгі мысалдармен толықтыра отырып, тағы да бір оң жолды көрсетіп берер еді. Бұл туралы бүгінгі санында «Айқын» газеті жазып отыр.
Газеттің жазуынша, G-20-ға қатысушы елдер басшылары енді әлемдік экономиканың жағдайын талқылау үшін «посткеңестік» аймаққа жиналады.
Бұл - ежелгі капиталистер мен кешегі «коммунистердің» бір арнадағы экономиканың мәселелерін бірігіп талқылау деген сөз. Бұдан 20 жыл бұрын дәл осылай болады деп ойлау мүмкін де емес еді. Тіпті әлемнің 20 дөкейінің «құрметті қонағы Қазақстан Президенті болады» дегенді қиялдау мүмкін емес еді. Бірақ сол мүмкін еместер өміріміздің ақиқатына айналып тұр. Бір ақиқаттың беті ашық, ол - Қазақстан Республикасын құрушы, ұлт Көшбасшысы, ХХІ ғасырдағы көреген де беделді, іскер тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өміршең ұсыныстары ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Ол игілікке ертерек қол жеткізсек, ұтарымыз соншалықты көбірек болады. Кешеуілдесек керісінше, ұтылыс көбейеді. Қайсысы дұрыс, оны таңдау G-20 дөкейлерінің өз шаруасы. Қазақстан - қалай болғанда да қарқынды дамуын жалғастыратын, «асығы алшысынан түсе беретін» мүмкіндігі мол ел. Мақала «G-20-ға құлаққағыс» деген тақырыппен беріліп отыр.
Айдың күннің аманында, ойламаған жерден жеті қат көктен аспан денесі құлады. Бізге емес. Орыстың жеріне. Челябі қаласының маңына. Қазақ жерін жанай өтті. Көкке көтерілген көк шыбынға дейін қалт жібермей бағып отыратын Дүниежүзінің бірнеше жүз обсерваториялары қапы қалды. Тұрқы он бес метрлік, салмағы 10 мың тонна болатын метеорит «көзге түспей», Жерге аман жеткен. Тек атмосфераның соңғы қабатына жеткенде жартылай жанып, қалғаны жарылып кетті. Егер де көкте тас-талқан болмай, жерге соқтыққанда, күші 1945 жылы тамызда Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 20 есе қуатты екен. Онда миллионнан астам адам тұрып жатқан Челябі шаһары мен оның маңайындағы ірілі-уақты елдімекендерден не қалады? Әрине, күл қалады. Болды. Челябі облысының тұрғындарын «періште» қақты. Жеңіл-желпі жарақатпен құтылды. Жүздеген ғимаратқа зақым келді. Көктен түскен «қонақтың» шығыны миллиардпен (рубль) саналады. Мейлі ғой, аспан денесі қайда құламай жатыр дерсің. Бірақ бұл жолғысы өзгерек. Соңына сарыжалқын із қалдырған жұмбақ дене Челябі аспанында төрт рет жарылған. Ал уфологтар: «метеориттер артына жүздеген шақырымдық із қалдырмайды» дейді. Жерге құлаған талай метеориттерді дәйек ретінде алға тартады. Жалпы, «Шұбаркөл метеориті» деп аталған бұл аспан денесі жөнінде болжам-жорамал көп. Дегенмен метеорит құлаған жер неге қоршауға алынды? Ондаған ұшақтар аспанға көтерілді. Мыңдаған техника тартылды. 20 мың әскер (тұрақты армия) метеорит құлаған аймақты қоршап, жан баласын жолатпауға тырысты. Мұның бәрі не үшін? Ресей неге дүрлікті? Жай ғана аспан денесі құласа, мұнша шығын жасап, армияны төгіп несі бар? Демек, бұл жерде үлкен жұмбақ бұғып жатыр деген сөз. Челябіге құлаған аспан денесі ме, әлде...
Бұл сұраққа «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Метеорит пе, әлде...» деген тақырыппен берілген мақала жан-жақты жауап іздеп көрген.