Мейрамханада тұтынушы 10-15% қызмет ақысын төлеуге міндетті ме

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мейрамхана немесе кафеге кіріп, көңіліңізге жаққан тағамға тапсырыс бердіңіз делік. Алайда есеп айырысатын кезде мәзірде көрсетілген сомадан бөлек, қызмет көрсету ақысы ретінде тағы 10-15% қосылғанын көреміз. Көбіміз заңдылығына көз жеткізбестен көрсетілген соманы төлеп кете береміз. Алайда тұтынушы мұндай қосымша ақыны төлеуге міндетті ме? Бұл сұраққа заңгер Рауан Есбергенов жауап берді.

Фото: Kazinform

Заңгердің айтуынша, қоғамдық тамақтану орындары даяшының тапсырысты қабылдау, тағамды әкелу, үстелге қызмет көрсету және қонақтың сұранысын орындау сияқты қызмет көрсетуін өзі қамтамасыз етеді. 

— Мейрамхана мен кафеде даяшы қызмет көрсетуге онсыз да міндетті. Оның еңбекақысын қонақ емес, жұмыс беруші төлейді. Даяшыны жұмысқа кім алды? Қонақ па? Жоқ. Оны мейрамхана немесе кафе басшылығы жұмысқа алды. Демек, оның еңбегіне жұмыс беруші ақы төлейді. Мейрамхана әкімшілігі «қосымша ақы даяшылардың жалақысына жұмсалады» деп түсіндіруі мүмкін. Алайда жұмыс беруші өзінің қызметкеріне жалақы төлеу міндетін клиентке жүктей алмайды. Мысалы, мейрамхана «аспаз тамағыңызды пісіргені үшін тағы 10% төлеңіз» деп бөлек ақы алмайды. Ыдыс жуушының да, әкімшінің де жалақысын қонақтан бөлек өндірмейді. Даяшыға қатысты да қағида осындай. Мейрамхана өз шығынын тағамның бағасын белгілеген кезде есептей алады. Бір сөзбен айтқанда, даяшының еңбекақысын оны жұмысқа алған жұмыс беруші төлеуі қажет. Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес еңбек қатынасы еңбек шартымен рәсімделеді, — деді Рауан Есбергенов.

Қызмет ақысының мәзірде жазылуына заңды негіз болмаса, қонақ оны төлеуге міндетті емес.

— Сауда қызметін реттеу туралы заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес дастархан мәзірі қоғамдық тамақтандыру тауарларын бөлшек сатып алу-сату шартын жасауға ұсыныс, яғни жария оферта болып есептеледі. Бұл нені білдіреді? Сіз мәзірді көресіз, тағамды таңдайсыз, тапсырыс бересіз, мейрамхана тапсырысты қабылдайды. Осылай тараптар арасында құқықтық қатынас пайда болады, бірақ мейрамхана мәзіріне өзі қалаған кез келген талапты енгізе алмайды. Азаматтық кодекстің 7-бабының 1-тармақшасына сәйкес азаматтық құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін мәмілелерден туындайды. Демек, мәзірдегі талап та заңға сай болуы керек, — деді заңгер. 

Рауан Есбергенов Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды алға тартты.

Заңның 8-бабында тұтынушыны тауар алуға, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мәжбүрлейтін шарттар жасауға жол берілмейтіні жазылған. 8-бабы 1-бөлігінің 1-тармағында сатушыға немесе орындаушыға тұтынушының құқығын бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарды шартқа енгізуге тыйым салынған.

8-бабы 1-бөлігі 2-тармағының 3-тармақшасында сатушы немесе орындаушы қосымша таңған ақылы тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер бойынша тұтынушыға қосымша міндеттер белгілеу тұтынушы құқығын бұзатын талаптар қатарында.

— Тамақтану орнына барғанда «маған тамақ беріңіз, бірақ даяшының қызметін алмаймын» дей алмайтыныңыз анық. Себебі мейрамхана мен кафеде даяшы қызмет көрсетуге міндетті. Мейрамхана «тамақты сатып алу үшін міндетті түрде тағы 10-15% төлеуіңіз керек» деген талап қойса, қонаққа қосымша төлем жасауды таңып отырғаны. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның 28-бабының 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуды өзге тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады. Қарапайым тілмен айтқанда, бір нәрсені сатып алу үшін екінші нәрсені де міндетті түрде сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды. Егер мейрамхана даяшының қызметін бөлек ақылы қызмет деп есептесе, оның нақты бағасын теңгемен көрсетуі керек. Осы әрекеттің өзі олардың заңды бұзып отырғанын көрсетеді. Бұл жерде шайпұл мен міндетті пайызды шатастырмауымыз керек. Қонақ даяшының жұмысына риза болып, өз еркімен ақша қалдырса, ол — шайпұл. Екеуіне бір нәрсе ретінде қарауға болмайды, — деді заңгер.

Айта кетейік, жуырда Ақмола облысы Заң консультанттары палатасының заң консультанты Жаслан Шайымов «қандай міндеттемелер мұраға қалады, мұрадан бас тартуға бола ма және мұраны қабылдау мерзімі өтіп кетсе не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап берген еді.