***
«Егемен Қазақстан» газетінде Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановпен арадағы сұхбат берілген. «Мынаны қараңыз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, қан айналымы жүйесінің аурулары және қант диабетінің зардабы мемлекеттің әл-ауқатының басты көрсеткіштерінің бірі - ішкі жалпы өнімді 7 пайызға дейін азайтады екен. Аса таңғаларлық, сонымен қатар, басты назарға алатын жайт: аталған қауіп-қатері мол, жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларынан болатын өлімді интервенциялық кардиохирургиялық әдістер тек 7 пайыз кемітсе, ал дұрыс тамақтану тәсілдерін қолдану 24 пайыз азайтады. Оған жалпы холестеринді, май қышқылдарының трансизомерлерін, қаныққан май қышқылдарын тұтынуды азайту арқылы қол жеткізіледі. Ал осы орайда, темекі шегуден бас тарту өлім-жітімді тек - 12, дене белсенділігін арттыру 5 пайыз ғана азайтады екен. Жалпы, ДДҰ мәліметтері бойынша, әлем халықтарының өлім-жітімінің 60 пайыздан астамы дұрыс тамақтанбаумен тікелей байланысты. Сондықтан бірде-бір мемлекет халықтың сапалы тамақ өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырмай, қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етпей тұрып, елдің экономикалық, саяси немесе ұлттық қауіпсіздігі туралы айтуы оңайға соқпайды», - дейді Т.Шарманов. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Отандық өнімнің орны бөлек, отандастарым!» деген тақырыппен басылған сұхбатты оқып шығыңыз.
Бас басылымда «Еуроодақ етек-жеңін жинай алар емес» атты көлемді сараптамалық мақала жарық көрді. Жалпы, еуроаймақтың әрі-сәрі күй кешуіне әсерін тигізіп отырған жағдаяттар өте көп. Әсіресе, Грекияның ахуалы еуропалықтардың «шашын ағартып» бітті. Алайда, серіктес басқа мемлекеттер бұл елдің бөлініп кетпеуі үшін бар қиындыққа шыдауға ыңғай білдіруде. Ал сыртқы қарызы 340 млрд. еуроға жеткен Грекияның негізгі көзірі әріптес елдерге жайсыздау тиетін «Еуроодақтан шығамыз» деген бір ауыз сөзі ғана болып тұрғандай. «Ал Афина аталған бірлестіктен бөлініп кетер болса, онда оның соңынан ілесе жүгіруге дайын тұрғандар табыла кетуі ғажап емес. Бұл жайт орын алса, Еуропалық одақтың тұмсығы тасқа тірелетінін ішіміз сезеді. Дәлірегі, ол өмір сүруін тоқтатуы немесе ықпалы мардымсыз қатардағы ұйымдардың біріне айналуы ықтимал»,-деп жазады газет.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, жуырда Мәжіліс депутаты Ольга Киколенко Қостанай облысын жазғы уақытқа ауыстыру қажеттігін айтып, ұсыныс көтерген. Үкімет басшысына жолданған депутаттық сауалға аймақ тұрғындары мен әлеуметтік сала мамандары түбегейлі қарсы. Олар сағат тілінің кейінге шегерілгендігін қолдамайды. Естеріңізде болса, Қазақстандағы уақыт белдеуі соңғы рет 2005 жылы өзгертілген еді. Қостанайда да сол өзгеріс 2005 жылы болған. Содан бері қостанайлықтар жазғы уақытқа ауысу ұғымын ұмытқан. Таң қараңғысымен мектепке баратын оқушылар үшін тіптен тиімсіз. ... Дәрігерлер де уақыттың өзгеріске ұшырауы адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтып, дабыл қағуда. Әзірге, қала тұрғындарының пікірі екіге жарылған: бірі - қолдаса, бірі қарсы... Бұл проблеманың мән-жайы әрі қарай қалай таратылғанын білгіңіз келсе, газеттегі «Уақыт белдеуін өзгерту тиімді ме?» деген мақаланы оқыңыз.
Жақында Денсаулық сақтау және әдлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова одаққа мүше елдерден еңбек мигранттары тасқыны болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарған еді.
Алайда, отандық сарапшылар Орталық Азия аймағында Қазақстанның жақын келешекте де еңбек мигранттары үшін тартымды ел қатарында қала беретінін алға тартады. Бұл жайында «Айқын» газетінің «Мигранттар тасқыны ел нарығына қауіпті ме?» - деген сараптамасында баяндалған.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Жат есімге неге әуеспіз?» деген мақала жарияланды. «Қазіргі қоғамда дүниеге келген нәрестеге есім қоюда да етек-жеңімізді әлі де болса жинай алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Есім адамға берілетін Алланың үлкен сыйы. Есім арқылы адамның болмыс-бітімін, болашағын бағдарлауға болады. Неге екені қайдам, жаңадан шаңырақ көтерген жас отау иелері ұл-қыздарының есімін Алина, Альбина, Милана, Расул, Алишер, т.б. қоюдан танбай келеді. Жастардың, өзіміздің ұлттық есімдеріміз тұрғанда, шетелдік есімдерді таңдауына не себеп? Бәлкім, бұл да өзіміз көп айтып жүрген батыстық мәдениеттің әсерінен шығар. Тіліміздің қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіруде батырлар жырларының, лиро-эпостық жырлар мен дастандардың алар орны ерекше. Таңды-таңға асырып жыр жырлаған баба дәстүрі ұрпақ бойына сіңімді болса, келер күніміздің жарқын болары сөзсіз. Осы ретте бір ұсынысымды да қоса кетсем деймін. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілеріне бала жастан жыр жаттатудың оңтайлы бағдарламасын жасаса оң болар еді», - деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Бесславные убийцы» деген материал берілген. Ақмола облысында киіктерді жаппай қырған қаскөй аңшылардан құралған топ сотты болды. Өткен жылдың жазында жергілікті тұрғындар жазықта бөкендердің өлексесін жиі кездестіре бастаған. Браконьерлер жануарларды атып, олардың мүйіздерін кесіп алып жүрген. Атап айтқанда ұзақ уақыт бойы бұл қаскөй аңшыларды қолға түсіру мүмкін болмаған. Тек Егіндікөл ауданында олар 84 жануарды қырған, ал жалпы браконьерлер 109 киікті жайратып салған. Бөкен мүйіздерін Қарағанды облысында бүгінде аты-жөні әлі анықтала қоймаған бір тұрғынға өткізіп келген.
-0-