***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша,кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкімет отырысы өтті. Онда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Қазақстанның биылғы жылдың соңына дейін ДСҰ-ға мүшелікке кіруіне қатысты көпжақты келіссөздер жөніндегі мәселелер қаралды. Үкімет отырысындағы бірінші мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова баяндама жасап, Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақстандықтарды жұмыспен қамтуды басты міндет ретінде белгілеп бергенін атап көрсетті. Елбасы тапсырмасымен өткен жылы қанатқақты режімде тәжірибеден өткен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын толық ауқымда іске асыру қолға алынды. Осыған байланысты бюджетті нақтылау кезінде бұл мақсатқа қосымша 12 миллиард теңге қарастырылды. Сөйтіп, аталмыш бағдарламаға бағытталатын шығыстардың жалпы сомасы 62,3 миллиард теңгені құраған. Мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санындағы «Жұмыспен қамту жаңаша жүргізілмек» мақаласында жазылған.
Сондай-ақ осы басылым кеше, араға тура 20 жыл салып, Алматыдағы сол Достық үйінде ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ТМД-ға қатысушы елдер ПАА Кеңесінің отырысы болып өткендігін жазды. «Әрине, бұл аралықта Қазақстанда жаңа елорда бой көтерді, екі бірдей астана салтанат құрып тұр. Ғажайып ғимараттар да салынды. Алайда, ТМД парламентшілерінің сол тарихи орынға - Достық үйіне оралып, 20 жылда атқарылған жұмыстарға ой жүгіртіп, жаңа бағдар жасауының да өзіндік символикалық мәні жеткілікті. Сондықтан да бұл басқосу ресми деуге де келмейтін, бөлек мерейтойлық сипатқа ие болды. Ақиқатында, сол кезде дұрыс қадам жасалғанын уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл аралықта Ассамблея беделді де ықпалды органға айналғанын бүгін көз көріп отыр. Қазір замана ахуалы құбылып тұрса да, ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттердің бөлісе алмай отырған мәселесі жоқ. Қайта осындайда кеңесіп, тұрлаулы бір ұстанымдармен келісіп отырудың да көкейкестілігі көрінуде», деп жазылған «Егемен Қазақстанның» «Парламентаралық Ассамблея - Достастық елдері парламенттері өзара іс-қимылының бастауы» мақаласында.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Мигранттарға тәуелділіктен қалай құтыламыз?» атты проблемалық мақала жариялады. Басылымның жазуынша, мигранттарға деген тәуелділіктен құтылу үшін ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға мән берілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, 1992-1993 жылдары дайындалған кәсіби техникалық мамандықтардың базасы бұл күні нарықтық заманға сәйкес келмей қалды. Қазір жаңарған техниканың тілін білетін қазақ азаматтары некен-саяқ. Сондықтан орта кәсіби мамандарды заманға сай және жаңа технологияның тілін білуге бейімдегеніміз жөн.
Осы басылымның «Қазақтың шұжығы мен қазы-қартасы экспортқа шықпақ» мақаласында жазуынша, Ақмолалық шаруалар жер тоңы жібіп, қар көбесі сөгілген сәтте Ресейге жылқы ет өнімдерін экспорттамақшы. Яғни мәскеуліктер қазақтың қара шұжығы мен қазы-қартасына қарық болады. Астана іргесіндегі Қорғалжың ауданында орналасқан комбинат жылына мың тонна ет өңдейді. «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жылдың ішінде ішкі нарықта өзінің орнын тауып үлгерді. Қазір бұл серіктестіктің шұжықтары мен жартылай дайын өнімдерінің 100-ден астам түрі Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Павлодар қалаларының тұтынушыларына ұсынылып келеді.
***
Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Көксарай су реттегішінің Шардара су қоймасы мен Сырдария өзенінде болып тұратын төтенше жағдайлардың алдын алудағы маңызды рөлін тағы бір рет атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің мәліметтері бойынша, уақытында қолға алынған жоба бірнеше облыстың аймағында орналасқан елді мекендерді су басуының алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Арал-Сырдария бассейнінде биылғы жылдың алғашқы үш айында соңғы 32 жылда болмаған күшті су тасқыны орын алып отыр. Қаңтар айында Шарада су қоймасына 10 миллиард текше метр су келген. Қоймаға келген судың ернеуінен асып кетуіне байланысты 6 миллиард текше мерт су Шардарадан Көксарай су реттегішіне жіберілген. Өз кезегінде бұл Қызылорда облысына баратын су ағынын айтарлықтай кемітіп отыр. Бұл мәселе жөнінде «Казахстанская правда» өзініңбүгінгі санында жариялаған «Держать ситуацию под контролем» атты мақаласында жазған.