***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, «Ертеңі ертегідей елорда» атты тіркестің аңыздан ақиқатқа айналатындығының әлден-ақ куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен жыл сайын өткізілуі дәстүрге айналған елорданың даму бағдарламалары қаралатын кеңестің биылғы отырысында Елбасы Астананы болашақ қаласы ретінде дамытудың «Smart City» - «Ақылды қала» халықаралық форматының «Smart Astana» жобасын 2017 жылға дейін іс жүзіне асыру міндетін күн тәртібіне қойған болатын.
Міне, осы бір келелі міндетті орындау мақсатында Астана қаласының әкімдігі «Smart Astana» тұғырнамасы аясындағы екі ірі жобаны - «Қауіпсіз қала - Астана қаласының тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі». (ТҚКҚЖ) және «Интеллектуалды көлік жүйесі» жобаларын іс жүзіне асыруды қолға алды. «Smart Astana» жобасының басты мақсаты елорда тұрғындарының тұрмыс дәрежесін, әл-ауқатын арттыру, Астана қаласының инфрақұрылымын жақсарту және одан әрі жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздік дәрежесін арттыру болып табылады. Бұл заманауи жобаның негізгі операторы «Astana Innovations» АҚ болып отыр. «Smart Astana» жобасы үлгісінің негізіне мынандай алты тұғырнамаға негізделген еуропалық «ақылды» қалаларды дамыту моделі алынған: ақылды экономика, ақылды басқару, ақылды өмір сүру деңгейі, ақылды жұмылу, ақылды адамдар және ақылды қоршаған орта. Бұл жайында «Smart City» - ақылды қала Астана» деген мақалада берілген.
Осы басылымда «Даму даңғылындағы 27 қала өңірлер өндірісін өрістетпек» деген мақала басылды. Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Жиынды аша отырып, С.Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында бұл бағдарламаның былтыр қанатқақты жоба ретінде іске қосылып, биыл толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Одан соң алғашқы болып сөз алған Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 27 моноқалада 1,53 млн. адам, яғни республика қалалары тұрғындарының 16,8 пайызы тұрады. 6 қала жоғары, 19 қала орташа әлеуетке ие.
Бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда, шағын қалалардың проблемалық мәселелерін жүйелі шешуді көздейтін бағдарлама өткен жылы басталған болатын. Бұл мақсатқа 6 млрд. теңге бағытталып, 170 жоба орындалды. Ағымдағы жылға қарастырылған 18,8 млрд. теңгенің 10 миллиарды немесе қарастырылған қаржының 54 пайызы бөлінген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Ақтөбе облысындағы 659 тарихи және мәдени ескерткіштің қорғау міндеттері жоқ. Бұл туралы Ақтөбе облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының аға көмекшісі Нұрлыбек Жолаев хабарлады. «Тексеру көрсеткендей, қазіргі кезге дейін 659 нысанның, олардың 9-ы республикалық мәндегі ескерткіштер, біреуіне де қорғау міндеттері берілмеген», - деді Н. Жолаев. Оның айтуынша, тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау тәртібі бойынша, осындай ескерткіштердің иелерінің әрқайсына қорғау міндеттері берілуі тиіс. Егер ол сақталмаса және зақымдану немесе құртылып кету қаупі төнсе, оған қарсы әрекет тетіктері, оның ішінде ескерткішті кері қайтарып алу тәртібі де бар. Мамандар тарихи-мәдени мұра инспекциясының қызметіне жасаған тексеру барысында облыстағы тарихи немесе мәдени құндылығы бар ескерткіштерге лайықты көңіл бөлінбейтіндігін анықтады. Сонымен қатар басқа да бірқатар бұзушылықтар анықталды. «Одан басқа, тексеру көрсеткендей, инспекция бастығы жұмысқа инспектор етіп өзінің ұлын алғаны және оған жүргізуші жұмысына да жалақы төлеп отырғаны анықталды», - деді Н. Жолаев. Қабылданған шара барысында инспекция бастығы қызметінде төмендетіліп, оның ұлы жұмыстан босатылып, ал мемлекеттік сатып алуға жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл материал «700-дей ескерткіш қорғаусыз қалды» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «G-20 шешімі: орындалмайтын үміт» атты мақала жарияланды. Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен G-20 дөкейлерінің кезекті бас қосуында өздерінше әлемдік экономиканы түзейтін шешім қабылдағандай болды. «Экономикадан жөнді хабары жоқ БАҚ өкілдері де бұл шешім жөнінде пайдалы және нақты қадам деген сөзді айтып салды. Ал біз болсақ, оны «орындалмайтын үміт» деп бағаладық. Демек, бұл мақалада осы ойымыздың дұрыстығын дәлелдеу басты мақсат. Әңгімені басынан бастар болсақ, онда Дүниежүзілік сауда ұйымы дейтін халықаралық қауымдастық «протекционизмге қарсы» ең алғашқы қадам болатын. Ұйымға мүше мемлекеттер бір-біріне кедергісіз тауар алмасуды бастады. Сөйтіп, бір мемлекеттер арзан импортқа қарық болғанда келесі бір мемлекеттердің экономикасы үстемеленген инвестиция алып шықты. Яғни дамыған елдер өз тауарларын өткізетін рынок тапты да, қалғандары солардың арзан тауарына бір мезгіл риза болды. Уақыт өте берді. Нәтижесінде дамушы елдердің әлгі арзан тауарға ризашылығы енді дамыған елдерге өкпе түріне ауысып шыға келді. Өйткені дамыған елдер мен дамушы елдер өндірістік экономикасының бәсекелес бола алмайтыны бесенеден белгілі. Ақыры пайда болған мұндай жік алауыздықты ұлғайтып, соның салдарынан алғашқы одақтар пайда болды. Европада ол «Ортақ рынок» деген атпен өмір сүрді. Келе-келе ол Еуроодақ атанып кетті»,-деп жазады «Айқын» газеті. Қарқынды дамыған Жапонияның электронды-тұрмыстық тауарларын өз рыногына өткізбеу мақсатында Мексика-АҚШ-Канада үштік одағы пайда болды. Бұл күнде мұндай одақтар әлемнің барлық құрлықтарында, аймақтарында бар. Мәселен, Қазақстан-Ресей-Белоруссия үштігі Кеден одағын құрды. Осы жайында толық білгіңіз келсе мақаланы қарап шығыңыз.
***
«Жаңа оқу жылы жаңалығын ала келді. Алғашқы қоңырау соғылған күні білім және ғылым министрі ауысып, елді елең еткізген, енді, міне, орыстілді мектептерде қазақ тілі пәні қысқартылып, жалпақ жұрттың жағасын ұстатты. Қайтсек қазақстандықтарды тегіс қазақша сөйлетеміз деп жүргенде білім саласы басшыларының тасадан тас лақтыруын түсіне алмай далмыз. Әлде олар Елбасы діттеген 2020 жылғы межеге мерзімінен бұрын жетіп, халықтың 100 пайыз қазақша сөйлеп кетуінен қауіптенеді ме екен?» ,- деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл мақала «Министрлік кімнің сойылын соғып жүр?» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.