Министрлік «Papillux» препаратын қолдануға Тамара Дүйсенованың атынан таратылған ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамара Дүйсенованың азаматтарға адамның папиллома вирусымен күресуге арналған «Papillux» препаратын қолдануды ұсынуы туралы Интернетте таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Денедегі папилломаны, қалдар мен сүйелдерді емдеуге арналған «Papillux» препаратының тиімділігі туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова мен «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ Басқарма басшысы Абай Байгенжиннің веб-сайттар мен интернет-порталдардағы түсіндірмелері түріндегі берілген ақпарат шындыққа жанаспайды»,  - деп атап өтті ведомство баспасөз қызметінен.

"Аталған хабарламадағы дереккөз белгісіз болғандықтан, ол шындыққа сай келмейді.

Ақпаратта көрсетілген мамандар ешқашан мұндай түсіндірме бермеген.

Хабарламада жарнамаланған «Papillux» прапараты Қазақстанда тіркелмегендіктен, сонымен қатар, емханалық тиімділігі дәлелденбегендіктен, оны азаматтардың қолдануы үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсына алмайды", - делінген хабарламада.  

Емханалық тиімділігі дәлелденген барлық дәрі-дәрмектер Қазақстанның ұлттық дәрілік формулярына енгізілген, оны www.knf.kz сілтемесі арқылы көруге болады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ДСӘДМ қызметіне қатысты барлық шынайы ақпарат министрліктің www.mzsr.gov.kz  ресми сайтында жарияланады. 

Айта кетейік, дәрілік препаратты қолдануға министр Тамара Дүйсенова кеңес береді деп жазылған жалған парақша ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми сайтының дәл көшірмесі ретінде жасалған. Ондағы бөлімдердің атаулары да дәл министрлік сайтындағыдай етіп істелген. Алайда кез келген бөлімге өту үшін батырманы басқанда сілтеме дәрілік препараттың жарнама бетіне бағыттайды.