Мирболат Ерсаев: Көрісу күні – ежелден келе жатқан төл дәстүріміз

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Көрісу күні – ежелден келе жатқан төл дәстүріміз, өзіндік мәні бар айшықты мерекеміз. Осыған орай БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Мирболат Ерсаев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Мирболат Бижанұлы, алдымен Көрісу мерекесінің тарихына тоқтала кетсеңіз?

-14 наурызға келетін Көрісу күні бұрын Қазақстанның Батыс аймағына тән болды. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді.

Мейрамның тарихына көз салсақ, Көрісу – осы күнге дейін Қазақстанның Батыс өңірі және Ресеймен шектесетін аймақтарда сақталып қалған көне дәстүр. Осы салт-жора арқылы жастарды кішіпейілділікке, ауызбіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеген.

Кейбір тарихшылар Қазақстанның батыс аймағында сақталған 14 наурыз күнгі мерекені ескі күнтізбемен байланыстырады. Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деген ескіше араб айларының тууын әр айдың қазіргі есеппен 14-інен бастаған. Яғни, 14 наурыз айдың бір жаңасы деп есептеген. Қазақтың ескіше жаңа жылының басын Көрісу дәстүрімен байланыстыру ойға сыйымды. Көрісу күні кездескен адамдардың бір-бірін «Бір жасың құтты болсын!» деп құттықтауы осыған дәлел іспеттес.

Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін айтып кеткен, яғни: «Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады.

-Өзің басшылық жасайтын Батыс Қазақстан облыстық музейі мен оның ауыл-аймақтағы филиалдары Көрісу мерекесін қалай атап өтед і?

-Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның аудандардағы және Орал қаласындағы филиалдарында жыл сайын Көрісу айт күніне арналған шаралар өткізіп келеді.

Бұл шаралардың мақсаты – жас ұрпаққа көрісу айт пен қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы терең мағлұмат беру, орындалу барысын көрсету. Шараға өңірге сыйлы ақсақалдарды, әжелер халықтық ансамбльдерін, тарихшылар мен өлкетанушыларды, мәдениет саласы қызметкерлерін, журналистерді, студенттер мен оқушыларды шақырып келеміз.

Наурызға арналған мұндай шараларда Көрісу айтының шығу тарихын көпшілікке әңгімелеп, көрмеге музей қорындағы ұлттық бұйымдарымызды шығарамыз. Қазақтың ұлттық киімдерін киген музей қызметкерлері салт-дәстүрге байланысты шағын қойылымдар қояды. Театрландырылған қойылымдарда ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді сахналауға тырысамыз.

-Биыл Көрісу күніне арналған қандай шаралар өтуде?

-Көрісу күніне орай бас музейімізге өлкетанушы, белгілі журналист Тихон Әліпқали мен музей ардагері Сара Танабаеваны шақырдық. «Дәстүріміз тозбасын» атты көпшілік шарада ол кісілер жастарға Көрісу мерекесі жайлы көп адам біле бермейтін өте құнды мәліметтер айтты. Биыл пандемияға байланысты карантиндік шектеулер аясында көп адам жинай алмасақ та, Көрісу мен Наурыз мерекесіне байланысты мәдени шараларымыз барлық бөлімдерде де жоспарға сай өтіп жатыр.

Биылғы ерекшелік – Көрісу күні мен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі аралығында БҚО-ның бас музейі мен оның облыс орталығындағы филиалдарына ұлттық киім киіп келген адамдарға кіру тегін. Бұл мүмкіндікті ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін ойластырып отырмыз.

Қазіргі таңда музей ісіне жаңаша бір көзқарас қалыптасып, музейлер үшін жаңа бір даму кезеңі басталды. Егер күні кешеге дейін көпшілік музейлерге тек өткен кезеңнің бағалы бұйымдары мен заттарын, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор деп қараса, енді музейді сырлы әлем ретінде қабылдайтын болды. Сондықтан тарихи құндылықтар жиналып, сақталып, зерделеніп отырған музейлерге үлкен жауапкершілік жүктелуде. Біздің бүгінгі мақсатымыз – ел мен ұлт келбетін айшықтайтын музейді тек ғылыми-ағартушы мекеме ғана емес, кәдімгі рухани әрі мәдени демалыс орнына айналдыру.