«МƏМС идеясының беделі түсіп, тіпті осы жүйеге сенбегендіктен, біршама адам оны жоюды талап етіп отыр. Өкінішке қарай, қазір МƏМС қоры сақтандыру принциптерінің негізіндегі қор орнына, жай ғана қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды. Не істеу керек? Бюджеттен МƏМС-ке төленетін жарналар заңға сəйкес орташа жалақы есебінен төленуі тиіс. Яғни келесі жылдың бюджетінде МƏМС-ке тағы 275 млрд теңге бөлінуі тиіс. МƏМС қорының қаражатын мемлекеттің тікелей міндеттерін орындау үшін жұмсауға тыйым салу керек. Мемлекеттен əлеуметтік санаттарға төленетін жарна ставкасы қайта қаралуы қажет», - деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған шығындарын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасының орындау үшін жоспарланған қаражат та толығымен бюджеттен бөлінуі тиіс. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін салаға жыл сайын кемінде 500 млрд теңге қосымша қаражат бөлу қажет. Бірақ келесі жылдың бюджет жобасында бұл қаражат əлі жоқ.
«Келесі жүйелі проблема - медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесінің жеткіліксіздігі. Яғни, қазір медициналық қызметтердің жоспарлы көлемі халықтың нақты ерекшеліктерін, медициналық көмектің тұтыну көрсеткіштерін, көші-қонды толығымен есепке алмай бөлінеді. Ал енді осы медициналық қызмет көлемін бөлудің нақты жəне түсінікті əдістемесінің, критерийлері мен принциптерінің болмауына байланысты денсаулық сақтау ұйымдары арасында көптеген проблема туындап отыр. Сондықтан қысқа мерзімде медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесін дайындау қажет деп санаймыз. Ол үшін медициналық қызметтерді пайдалану нормаларының əдіснамасын зерттеу арқылы дайындау қажет. Бізде салалық республикалық əдістемелік орталық бар. Сонымен қатар, медициналық университеттер де бар. Олар бір адамды емдеу үшін қанша қаражат керек екені туралы арнайы нормативтерді, қанша төсек-орын, жалпы бір адамға шаққандағы тұтыну нормасын дайындап шығаруы керек деп есептейміз. Міне, сонда ғана ауруханаларға мемлекеттік тапсырыс дұрыс беріледі. Сонда ғана медициналық қызмет мөлшерден көп немесе тіпті атқарылмады деп айтуға негіз болады. Ал қазір, министрлік медициналық қымет мөлшерден көп көрсетілді деп ауруханалардың бюджетін азайтып немесе тіпті мүлде жеткілікті мөлшерде бөлмей отыр. «Перепотребление» деп айту үшін, ең бірінші зерттеулерге сүйенген осы тұтыну нормативтері болуы тиіс қой?! Бұндай норматив болмайынша, ұзын-сонар кезектерден де, басқа проблемалардан да құтыла алмаймыз», - деді депутат.
Оның пайымынша, жоспарлау, ұйымдастыру процесіне облыстардың денсаулық сақтау басқармаларын тарту қажет. Олар қазір бұл функциялардан шеттетіліп, өз бетінше жұмыс істеп жатыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, медициналық көмек деңгейінің төмендеуіне МƏМС-те жоспарланған параметрлердің өзгеріп кетуі әсер еткен.