Мінілген көлік алғанда, нені ескеру керек

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде көлікті қолдан сатып алу кең тараған сауда. Кейде азаматтар арзан бағаға қызығамын деп алаяқтарға ұрынып қалып жатады. Өйткені, оның ар жағында техниканың кепілде болуы, ұрлануы т. б. себептер болуы мүмкін. Мінілген машина алғанда, алданып қалмау үшін қалай тексеру керек екенін зерттеп көрген едік.

Коллаж: Kazinform\ЖИ

Қазір қолдан көлік алу лотерея секілді. Сәтті сауда жасайсыз ба, жоқ па, бағыңызға байланысты. Нарықта ұсыныстар толып тұрғанмен, арлы, адал сатушылар да, алаяқтар да кездеседі. Статистикаға жүгінсек, сатып алушылар бұл мәселеде негізінен үш түрлі қиындыққа ұшырайды.

  • Қаржы ұйымдарында кепілде тұрған көліктер;
  • Жеке сот орындаушылары тіркеу әрекеттеріне шектеу қойған машиналар;
  • Ұрланып, агрегат нөмірлері қасақана өзгертілген техникалар.

Қаскөйлердің тұзағына түсіп қалмау үшін автокөліктің өткенін ҚР заңнамасына және ресми деректер базасына сүйеніп, кешенді түрде тексеру керек.

Кепілге қойылған және сот тыйым салған көліктер

Кең тараған алаяқтық схемаларының бірі — несиеге алынған автокөлікті сату. Ондай машинаның техникалық төлқұжаты банкте сақталуы мүмкін. Ал иесі қаржыдан қиналып, «құжаттың түпнұсқасын жоғалтып алдым» деп алдап, көшірмесін жасатады да, мүлкін сатады.

ҚР Азаматтық Кодексінің 315-бабына сай, кепілдегі мүліктің сатылуы (басқа шарттар заңнамалық актілерде не келісімшартта қарастырылмаған болса) тек кепілге алушының келісімімен ғана жүзеге асады. Демек, несиеге алынған, кепілде тұрған көлікті банктің рұқсатынсыз сатып алсаңыз, келісімшарт жарамсыз болып есептеледі.

Тағы бір қатер — борышкердің машинасын сатып алу. Сатушының төленбеген айыппұлдары, алимент не салық бойынша қарыздары болуы ықтимал. Мұндай жағдайда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңы күшіне енеді. Оның 32-бабына сәйкес, сот орындаушысы борышкердің мүлкіне, соның ішінде автокөлігіне де тыйым салуға құқылы.

Бұл екі келеңсіздікке тап болмау үшін сату — сатып алу келісімшартына қол қойғанға дейін автокөлікті де, оның иесін де мемлекеттік қызметтер (Egov.kz, атқарушылық іс жүргізу органдарының порталдары) және банк қосымшалары арқылы тексеріп, тіркелген ауыртпалықтардың бар-жоқтығын, кепілде тұрған-тұрмағандығын тексеру керек. Егер көлікке қойылған шектеулер болса, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өз атыңызға аудару техникалық тұрғыда мүмкін емес. Бірақ көп азамат сатушыға ақыны алдын-ала төлеп, өрескел қателік жібереді.

Кедендік қақпандар және ұрланған көліктер

Шетелден әкелінген машина алғанда, айрықша қырағы болған жөн. Кедендік рәсімдері атқарылмаған, құжаттары толық реттелмеген техниканы ұсынатындар аз емес. Ұрланған көліктердің бөлшектерін ауыстырып, не арнайы нөмірлерін өзгертіп, сататындар да жеткілікті. Ондай мүлікті сатып алған соң, құзырлы органдар тіркемей қоюы ықтимал.

Ал сәйкестендіру нөмірі (VIN-код) өзгертілген автокөлікті сатып алудың салдары одан да ауыр болуы мүмкін. ҚР Қылмыстық Кодексінің 386-бабына сай, сәйкестіндіру нөмірін жоюға, қолдан жасауға және ондай көлікті сатып алуға қатаң жауапкершілік қарастырылған.

Егер сараптама нәтижесінде шанақтың не қозғалтқыштың нөмірлері өзгертілгені анықталса, онда машина қылмыстық іске қатысты заттай дәлел ретінде тәркіленеді. ҚР Азаматтық Кодексінің 261-бабына сәйкес, көліктің ұрланғаны әшкереленсе, онда оны ақ-адал жолмен сатып алған азамат та ұрлатқан иесіне қайтаруға мәжбүр болады.

Сондықтан VIN-код-ты міндетті түрде салыстырып, тексергеніңіз абзал. Құжаттарда жазылған нөмірлер мен шанақтағы, капоттағы, есіктердегі сандар бірдей болуы тиіс. Олардың жаңадан боялмағанын, дәнекерленбегенін мұқият қараңыз. Зәредей күмәніңіз болса, ақшаны төлеместен бұрын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, криминалистік тексерістен өткізуді талап етіңіз.

Сонымен бірге, заңгерлер қауіпсіздік үшін төлем жасауға асықпауға кеңес береді. Көлік мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында не ресми мобильдік қосымшалар арқылы сіздің атыңызға жазылғанша, ақысын төлемегеніңіз дұрыс.

Өзге де қатерлер

Жоғарыда жазылған техникалық манипуляциялардан басқа да қауіптер бар. Мәселен, автодропперлер, яғни мүліктің жалған иелері көлік ұсынуы ықтимал. Олардың артында алыпсатарлар жасырынады. Ондай делдалдардан сенімхат арқылы машина алу сатып алушыны заңдық қорғанысынан айырады. ҚР Азаматтық Кодексінің 167-170-баптарына сай, сенімхат кез келген уақытта кері алынуы не көлік иесінің өліміне байланысты күші жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда машинаны сатып алған жаңа иесі көлігінен де айрылып, ол үшін төлеген ақшасын да қайтара алмай қалады.

Тағы бір аса маңызды жайт — отбасылық құқықтар нормасы. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 34-бабына сәйкес, некелі азамат көлік алса, жары екеуінің ортақ мүлкі саналады. Демек, машина алғанда, көлік иесінің жолдасы нотариалды келісім беруі шарт. Әйтпесе, тіпті ұзақ уақыт өткеннен кейін де мүлікті сот арқылы даулауға құқылы. Сол себепті, машина сатушының отбасылық жағдайын, некеде бар-жоқтығын тексеру қажет.

Қаржылық қауіпсіздік ашықтықты да талап етеді. Егер дау туындаса, қолма-қол ақша төлегеніңізді сотта дәлелдей алмайсыз. Сондықтан автокөліктің VIN-кодын көрсете отырып, сатушының есепшотына банк аударымын жасағаныңыз жөн. Егер ол қояр да қоймай қолма-қол ақша сұраса, демек, есепшоттары бұғатталған немесе келісімшарттың шын бағасын жасыруға тырысқаны болуы ықтимал. Есіңізде сақтаңыз, машина нарықтағы бағасынан 20-30%-ға арзан тұрса, бұл күмәнді нәрсе. Құқықтық тұрғыда шикіліктері болып, олар сіз ақшаны төлеп қойғаннан кейін ғана анықталуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте 500-ден астам автокөлік айып тұрағына қойылғанын жазғанбыз.

Сонымен бірге, наурыз айында 170 мың автокөлік есепке алынды.