***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасының 2013 жылғы 8 қаңтардағы Жарлығы негізінде елімізде «Мобильді үкімет» бастау алды.
«Мобильді үкімет» жобасы аясында eGov.kz мобильді қосымшасы жасап шығарылды. Қосымша смартфондары бар қолданушыларға Google Play және App store онлайн-дүкендері арқылы жүктеуге болады.
«Мобильді үкіметте» тіркелу туралы толығырақ айтсақ, мобильді қосымшаны активтендірген соң қолданушыға қызметтің кең спектрі қолжетімді болады. Бұл қосымша өте тиімді. Біріншіден, Мобильді жеке кабинет. Бұл тарау қолданушының жеке деректерін қарау үшін жасалған. Мобильді жеке кабинетте қолданушы тіркелу мекенжайы, жылжымайтын мүлігі, автокөлігі, ЖЖТ бұзғаны үшін тіркелген айыппұлдары туралы және т.б. ақпараттарды көре алады.
Екіншіден, қызметтер тізбесі. Қосымша қолданушысына 50-ден астам мемлекеттік қызметтер және сервистер қолжетімді, мысалы, мекенжай анықтамасы, сотталғандығы бар/жоқ туралы анықтама, жылжымайтын мүлік, ХҚКО-да кезек брондау, ұялы телефонға ақша салу және басқа да көптеген пайдалы сервистер. Мұнан былай осы тізім жаңа қызметтермен толықтырылатын болады. Мемлекеттік қызметтерді алу үшін электронды цифрлық қолтаңба болу керек. ЭЦҚ-ны алдын ала мобильді телефонға импорттау қажет», - делінген мақалада.
Басылымның атап көрсетуінше, бұл қосымша арқылы хабарландырулар алып тұруға болады. Мысалы, ХҚКО-да және ЭҮП-да құжаттардың дайын болуы туралы, ЖЖТ бұзу туралы және айыппұл сомасы туралы, сондай-ақ, көп деген басқа қызметтер.
Төртіншіден, нысандар картасы. Жақын ХҚКО, нотариустар, балабақшалар және басқа нысандарды қарау үшін мобильді қосымшада карта жасалды. Жақын арада картада басқа әлеуметтік маңызды нысандар туралы ақпарат пайда болады. Толығырақ, «Мобильді үкімет» оның артықшылығы неде?» Атты мақаладан оқуға болады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымы Астана Саммитіне 5 жыл толуына орай көлемді мақала арнап отыр.
«Тәуелсіз Қазақстанның саяси өміріндегі бүгінгі таңға дейінгі ең маңызды оқиға Астана Саммиті десек қателеспейтін шығармыз. Бүкіл әлемде ЕҚЫҰ-ның VІІ саммиті ауызға алынса болды, Астана бірге аталады, ал Астана десе бүкіл Қазақстанның да тұлғаланып шығары сөзсіз. Ал 2010 жылғы бұл саммит әлемдік Ұйымның бір жетістігі ретінде ауыздан түспейді. Бұл күндері Астана Саммитінің өткеніне бес жыл толып отыр», - делінеді «Астана Саммиті» атты мақалада.
«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстанның Қырғызстандағы 2010 жылғы сәуір төңкерісіне батыл араласып, азаматтық соғысқа ұласа жаздаған кикілжіңнің отын өшіре білгендігінің өзі әлемде үлкен түсіністікпен жоғары бағаланды», - деп жазады басылым.
Ұйымның жарғылық регламенті бойынша 2-3 жылда бір рет өткізіліп тұруға тиісті мемлекет және үкімет басшыларының саммиті 10 жылдан бері өткізілмей келе жатқандықтан оны Астанада өткізу қажеттілігін Президент Н.Назарбаев Вена қаласында 2010 жылдың 14 қаңтарында болған Қазақстанның Ұйым төрағалығына кірісуге арналған инаугурацияда жарияланған Үндеуінде айтқан еді. «ЕҚЫҰ саммитінің 10 жылдан бергі уақыттағы үзілісі Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұрғанын аңғартады. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы жоғары деңгейдегі кездесуді шақыру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырамыз» деген еді ол.
«Әрі төрағалықты алып, әрі көптен бері ешкімнің батылы жете қоймаған саммитті өткізуге ұмтылуды да скептиктер біржақты бағалаған жоқ. «Көрпесіне қарай көсілмей ме, мынау қайда асып барады» деген ойлар ашық айтылмаса да емеурінмен білдіріліп жатты. Бірақ «құмыраны құнттаған Құдай емес» деген орыс мақалында айтылғандай, Қазақстан Президенті бейбітшіліктің сақталуына бел шешіп кірісе алатын Еуропа ғана емес Азия мемлекеті де бола алатынын айдай әлемге айтқысы, дәлелдегісі келген секілді көрінді.
Қазақстан өзінің белсенді бітімгершіл әрекеттерімен ақыры саммит өткізуге де мүмкіндігі барын дәлелдеп шықты», - делінген материалда.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Тілді төмпештеп емес, түсіндіріп үйреткен жөн» атты мақала жарияланып отыр.
Онда биыл белгілі ұлт жанашыры Дос Көшім бастаған белсенді топ ресми тілдің қатпары сөгілмеген Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарын аралап, ауыл-қаладағы қарапайым елмен етене араласып, еркін кездесулер өткізіп қайтқандығы туралы жазылады.
«Бірден кесіп айтайық, табиғатынан ашықтықты сүйетін орыстілді ел осындай әңгімеге сусап отыр. Сондай-ақ ең бастысы, он жыл бұрынғыдай емес, мемлекеттік тілді үйрену керектігіне ешкім де қарсы емес. Қайта олар қазақ тілін балабақша мен мектептердегі оқытылу жүйесіне қатаң сын айтып, өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. Бұл сеңнің қозғалуы емес пе?!» - деп жазады басылым.
«Біз жолыққан жұрттың шамамен тоқсан пайыздан астамы мемлекеттік тілді үйренуді басыбүтін қолдағаны байқалады», - дейді арнайы сапардың қорытындысына орай Астанадағы Бейжің сарайында баспасөз мәслихатын өткізген Дос Көшім.
«Бірді-екілі азаматтардың аса қаламайтындығы сезілді, бірақ олар бұрынғыдай мінберге шығып, қарсылық танытқан жоқ, жәй немқұрайдылығы мен көзқарастары арқылы аңғартып тұрды. Қысқасы, орыстілді орта мемлекеттік тілді толығымен мойындап, оны меңгерудің жолдарын жетілдіруді ұсынып отыр. Олардың ойынша, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйрене алмауының басты себебі мынада. Біріншіден, тілді тұрмыста пайдаланатын орта жоқ. Аталған облыстардағы аудан-қалалардағы халық та, мемлекеттік қызмет көрсетуші орындар да түгелдей дерлік ресми тілде сарнайды. Екіншіден, балабақшада қазақ тілі сабағы аптасына бір-ақ рет болады. Ал одан не үйренесіз? Үшіншіден, мектепте қазақ тілі пәні күрделі түрде жүргізіледі. Тұрмыстық қатынас түрінде емес, бірден грамматикалық негіздері оқытылатындықтан, оны кім түсінсін? Төртіншіден, Ұлттық бірыңғай теске қазақ тілін енгізіп, онда жиналған балл есепке алынуы керек. Сонда ғана балалардың бойында нағыз қажеттілік туып, талпыныс пайда болады. Жалпы, біздің кездесуімізде талай әңгіме ашық айтылды», - дейді ол.
***
Елімізде жемқорлықпен күрес «дағдарысқа қарсы шараға» теңелді! Өйткені жемқорлардың жымқыруынан «құтқарылған» миллиардтаған ел қаржысы мемлекет пен халыққа игілік әкелер шараларға арна тартып, экономиканың үлкен күйзеліске ұрынбауына қосымша ықпал етеді. Бұл туралы «Айқын» басылымы «Жемқорлыққа қарсы жойқын соғыс ашылады» атты мақаласында хабарлауда.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдады. Ұлт жоспарының 56-қадамын іске асыратын, әрі Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен әзірленген бұл заң енді Елбасының қол қоюына жолданады.
Газеттің жазуынша, кейбір жемқор шенеуніктер тендер талаптарын нақты бір жеткізушінің ерекшеліктеріне ыңғайлап, құрады. Келер жылдан бастап бұған тосқауыл қойылмақ.
«Қолы да, ниеті де таза емес лауазымды тұлғалар қолданатын тағы бір коррупциялық схема «жеңуі мүмкін басқа әлеуетті компанияларды тендерге жібермеуді» қарастырады. Бұл ретте ол компаниялардың конкурстық өтініштері негізсіз, еш түсіндірусіз кері қайтарылып жатады. Бұл түйткілді мәселені шешу үшін заң жобасы бойынша бұдан былай тапсырыс беруші мекеме құжаттарды негізсіз қайтармауға, егер қайтарса, соған салмақты негіз болған себептерді «толық және нақты сипаттауға» міндеттеледі.
Бұл талап сақталмаған жағдайда заң жобасы бойынша лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (20 мың теңгедей) мөлшерінде айыппұл салынады және «әкімшілік жауаптылығы көзделеді», - делінген аталмыш мақалада.
***
Семей полигонының аумағы қалыпты өмірге қайта оралуы ықтимал, деп жазады «Экспресс К» «Степь исцеляет сама себя» атты мақалада.
Газеттің жазуынша, бұны шетелдік ғалымдар да растап отыр.
Қазақстанда болып қайтқан Норвегияның қоршаған орта институтының профессоры Брит Сальбу Семей ядролық полигонында радиациялық ахуал әлдеқайда күрделі болады деп ойлаған.
«Бұл аумақта 450-ге жуық атомдық сынақтар жүргізілгенімен, тек кейбір жерлерде ғана аса жоғары радиоактивтілік байқалған», - дейді Сальбу Dagbladet атты норвегиялық басылымға берген сұхбатында. - Біз Бельгия аумағына пара-пар жерді зерттеп шықтық, оның басым бөлігі таза. Демек, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясына сай, ондағы жерлерді мал жайылымына беруге болады. Табиғаттың қоршаған ортаны қалпына келтіру қабілеті біз ойлағаннан да тез жүретін болып шықты», - дейді профессор.