Молдова спортшылары Ванкувер Олимпиадасының «алтыны» үшін 50 мың еуродан сыйлық алады

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - Ванкуверде өтетін ХХІ Қысқы Олимпиадалық ойындарда қанжығаларына алтын медаль байлайтын молдовалық спортшылар мемлекеттен 50 мың еуро көлемінде сыйақы алатын болды.

Республика үкіметінен хабарлағандай, елдің премьер-министрі Владимир Филат республиканың атынан Ванкувер Олимпиадасында өнер көрсететін құрама мүшелерімен болған кездесуде осындай мәлімдеме жасаған.

В.Филат Олимпиада ойындарында алғашқы алтылыққа кіретін молдовалық спортшылар үшін сыйақылар қарастырылғанын атап көрсетті. Бірінші орын алғандарға 50 мың еуро сыйақы қарастырылса, күміс жүлдегерлер 30 мың еуро, қола жүлдегерлерді 15 мың еуро сыйақы күтеді. Ал төртінші орын алған спортшылар - 10 мың еуро, бесінші орынға табан тірегендер - 5 мың еуро, алтыншы орынды қанағат тұтқандар 3 мың еуро сыйақыны иемденеді.

Ванкувер Олимпиадасы ақпаннның 12-сі мен 28-і аралығында өтеді.