Моңғолиядан көшіп келген ерлі-зайыпты қазақтың ұмыт бола бастаған қолөнерін жаңғыртып жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Лобаново елді мекеніндегі Қапезовтер отбасы ата-бабадан қалған ұлттық өнерді ұмыттырмай, келер ұрпаққа аманаттап келеді. Ең бастысы — осы өнердің қыр-сырын балалары мен немерелеріне үйретіп жүр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Шағын аулаға құрылған жеті қанат киіз үй алыстан көз тартып, үй иелерінен хабар бергендей. Қабырғаға сүйеулі тұрған шаңырақ, уық жасауға арналып үйілген тал, жартылай тоқылған ши, ер-тұрман, балаларға арналған қолдан жасалған ат ойыншық — бәрі де шебер отбасының ұзақ жылдар бойы маңдай терімен қалыптастырған қолөнер әлемі.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Темірошыр Қапезов пен Мария Жіңкен отбасымен Моңғолияның Баян Өлгий аймағынан ата қонысқа алғашқы лекпен 1991 жылы көшіп келді. Айыртау ауданының Лобаново елді мекеніне табан тіреген ерлі-зайыпты келе сала іске кірісті. Отағасы ағаштан ер-тұрман, киіз үйдің сүйегін және балаларға арналған ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаса, зайыбы киіз басып, ши тоқып, киіз үйдің жабдықтарын тігеді. Жарты ғасырға жуық уақыт қолөнермен айналысқан шеберлердің ең үлкен арманы — ата кәсіптің ұрпақ сабақтастығын үзбей, кейінгі буынға жетуі.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Ағаш өңдеуді ауылдың ақсақалдарынан үйрендім. Олар ер тоқым жасап, сиырдың терісін илеп, қайыс дайындайтын. Соның бәрін көріп өстім. Ешқандай оқу оқыған жоқпын, бар білгенім — аталарымнан көрген өнер. Осы кәсіп нәпақамызға жарап келеді, — дейді шебер.

Темірошыр ағаның есімінің де өзіндік тарихы бар. Бала кезінде оған «Жетікемпір» деген ат қойылыпты.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Мен бір атадан жалғызбын, менен үлкен үш апам бар. Сондықтан дүниеге келгенде жеті әженің батасын алып, ырымдап Жетікемпір деп атаған екен. Кейін ауылға оқып келген жас дәрігер әкеме бұл есімнің болашақта балаға қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін айтып, рұқсат сұрап, құжаттағы атын Темірошыр деп өзгерткен екен. Темірошыр деген мұңғылдың бір есімі, не атауы шығар. Содан Темірошыр болып кеттім, — дейді шебер.

Жұбайы Мария небәрі 17 жасында Темірошыр ағаға тұрмысқа шығып, бүгінде бірге отасқандарына 43 жыл болған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Қазақстанға көшіп келгенімізге ешқашан өкінген емеспіз. Осы қазақ жерінде еңбек етіп, жастарға, келіндерімізге, қыздарымызға, немерелерімізге қолөнерді үйретіп жүргенімізге шүкіршілік етемін, — дейді Мария Жіңкен.

Мария апайдың өзі сегізінші сыныптан кейін оқымаған.

— Қыздарға оқуға болмайды деп әкем жібермеді. Бірақ, «барған жеріңе бәрін біліп бар» деп тәрбиелейтін әжелеріміз. Сондықтан ши тоқуды, жүн иіруді, киіз басуды, киіз үйдің барлық жабдықтарын жасауды сол кісілерден үйрендік, — дейді ол.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қазір қолөнерші киіз үйдің туырлығы мен үзігінен бастап, ішкі жасауларына дейін тігіп, тапсырыс бойынша әзірлейді.

Сондай-ақ әлі күнге дейін ши тоқып киіз басады. Мәселен, шиді тоқу үшін жергілікті қамысты пайдаланады. Тоқылған шиді киіз үйдің қабырғасына ит-мысы кірмеу үшін жабады. Сондай-ақ оны құрт жаюға да пайдалануға болады.

— Киізге қолданылатын қой жүні әуелі жуылып, тазаланып, сабалады. Кейін ши үстіне төселіп, су себіліп, бірнеше сағат бойы білектің күшімен иленеді. Киіз басу үшін міндетті түрде ши керек. Онсыз киіз шықпайды. Су құйып, орап, қайта-қайта айналдырып, екі-үш сағат бойы басамыз. Сонда ғана сапалы киіз дайын болады, — дейді Мария апай.

Шебердің айтуынша, бұрын киізді асарлатып басып, арты тойға ұласатын.

— Қойды қырқып болған соң ауылдың қыз-келіншектері жиналып, бір күнде бір үйдің киізін басып беретінбіз. Үлкендер қазанға ет асып қоятын. Жұмыс біткен соң бәріміз дастарқан басына жиналамыз. Қазір ондай дәстүр жоқ. Киіз басуды білетіндер де ілуде бір кездеседі, — дейді ол.

Темірошыр аға кейінгі уақытта жасаған бұйымдардың бірі — ат ойыншық. Іші ағаштан құрастырылған, сырты қойдың жүнімен қапталып, жылқының жалы мен құйрығы тағылған. Ер-тұрманы, жүгені, ноқтасы — бәрі қолдан әзірленеді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Мен аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақпын. Балалар атқа мініп үйренсін, көкпар тартсын, үзеңгіге аяқ салып өссін деген ниетпен осы атты жасап бердім. Бір данасын жасауға бір айдан астам уақыт кетеді, — дейді шебер.

Қазір бұл ойыншыққа сұраныс жоғары. Әсіресе сүндет тойға немесе балаларға ұлттық нақыштағы сыйлық ретінде жиі тапсырыс береді екен.

Ерлі-зайыпты ұлттық қолөнердің қыр-сырын балалары мен немерелеріне үйретіп жүр. Олар үшін ең бастысы — ата кәсіптің үзілмеуі.

— Жастайымыздан көрген-білгенімізді ұрпаққа мұра етіп қалдырсақ дейміз. Қазақтың қаны бар жерде ұлттық өнерге деген қызығушылық ешқашан жоғалмайды. Біздің бар тілегіміз — жастар осыны біліп, үйреніп өссе, — дейді Темірошыр Қапезов.

Бұған дейін Петропавлдық шебер қазақтың ұлттық киімдерін қуыршақтар арқылы насихаттап жүргенін жазған едік.