Агенттік төрағасының айтуынша, бүгінгі күні ведомство арнайы заң жобасын әзірлеген. Заң жобасы тариф белгілеудің ашықтығы, реттелетін қызметтер сапасын арттыру және қаражаттың мақсатты пайдалануын бақылауды күшейту мәселелерін қарастырады.
«Бұл ретте біріншіден - әкімдердің есеп берулері секілді жария тыңдауларды және монополистердің жыл сайынғы міндетті есептерін өткізуге қатаң талаптар қоюды ұсынамыз. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау бағалары өзгерген жағдайда жария тыңдаулар өткізу енгізілмек. Екіншіден - монополистер сатып алатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер бағаларының жүйеленген тізбесін әзірлеу арқылы сатып алу ашықтығын арттыру қарастырылады. Үшіншіден - реттелетін нарық субъектілеріне және табиғи монополия субъектілеріне алдын ала төлемақы алуға тыйым салуды ұсынамыз. Төртіншіден - қызметке қосу кезінде монополистер келтіретін кедергілерді жою. Бұл ретте монополистерге веб-сайтта желілер мен жабдықтар жұмысының шамадан тыс көптігі, қуаттардың болуы және желілердің өткізу қабілеті туралы ақпаратты тоқсан сайын орналастыруға қосымша міндеттер енгізу ұсынылады», деді Мұрат Оспанов.