«Астана су арнасы», «Астана-РЭК» сияқты компаниялар ескі ережелер мен нормаларды пайдаланып, шамадан тыс айыппұлдарды салып отырады. Мәселен, Астана су арнасына пломба салуға тапсырыс берсең, олар үш ай, төрт ай келмей жүреді. Сосын құбырлардың өткізу көлеміне қарай айыппұлды бұрқ еткізеді. Ол нысанда суды пайдаланды ма, жоқ па, бәлкім, әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, оған қарамайды. Мысалы, олар менің есептеуіш құралыма жарты жыл бойы пломба салмай жүрді. Артынан келіп, 1,2 миллион айыппұлды салып кеп жіберді. Негізі, монополистер үшін бұл қосымша табыс табудың көзіне айналды. Сол ақшаға өздеріне бонустарды жазып алады, жоғары жалақы қояды. Сондықтан салық төлеушілердің есебінен табыс табудың заңсыз жолына тосқауыл қою қажет», - деді Шажанбаева бүгін Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының отырысында.
Айта кетейік, сол жерде тағы бір кәсіпкердің мәселесі қаралды. Астана су арнасы оған 28,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. «Мен суға ай сайын 160-200 мың теңге төлеймін. Енді, айыппұлды 28 миллион теңгеге жазып беріп отыр. Біз барлық крандарды ашып, суды ағыздып қойсақ та, ондай ақша шықпайды. Сосын пломбаны бұзған кімге тиімді? Мысалы, маған тиімсіз. Мен үшін айына 200 мың теңге төлеп отырған дұрыс емес пе? Біз ай сайын банкке 17 миллион теңге төлейміз. Ал оның үстіне 28 миллион теңге айыппұл салған оңай дейсіз бе?», - дейді «Марден» бизнес орталығына қызмет көрсетуші компанияның директоры Жұлдыз Кәкенов.
Бүгінде кәсіпкерлер ескі ережелерді өзгертіп, айыппұлды құбырлардың өткізу көлеміне қарай емес, суды тұтынудың орташа мөлшеріне қарай есептеу керек деп санайды.