*** «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Бәйтерек» биіктей береді» атты мақала жарияланды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі 2014-2023 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті. Мемлекет басшысының Үкімет пен ұлттық холдингке жүктеген ауқымды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді мүлтіксіз жүзеге асыру мақсатымен осынау ұзақ мерзімді құжат әзірленіп, мұқият пысықталды. Былтыр «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы жылды рекордтық табыспен аяқтады. Табыс көлемі 35-40 млрд. теңге шамасында. Бұл көрсеткіш халықаралық аудиторлар тарапынан нақтыланған. «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаев атап өткендей, табыс деңгейі даму институттарының 2012 жылғы ортақ көрсеткішінен екі есеге дейін асып түскен. Айта кетерлігі, 2013 жылдың мамыр айында холдинг құрылған сәтте, жалпы табыс 6,5 млрд. теңге шамасында межеленген болатын.
Бас басылымда «Мектептерде кіші ассамблея құрылады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Газеттің жазуынша, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалында этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен өкілдері қатысуымен өткен дөңгелек үстелде осындай ұсыныс жасалды. Мұндай пікір білдірген «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамаз Ширановтың айтуынша, мектептерде, орта буын оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясы үлгісінде ұйым құрудың маңызы зор. Сонда жеткіншектердің өздерінің қызметін еш кедергісіз, ешкімнің араласуынсыз-ақ белсенді жүргізуіне мүмкіндік ашылып, бұл өз кезегінде достық пен бауырмалдыққа ерте бастан баулуға үлкен ықпал етер еді. Р.Ширановтың ұсынысы жылы қабылданды.
***
«Қазақстандағы білім беру сапасы туралы сын көп. Жылдан-жылға мектеп бітіруші түлектердің білім деңгейі төмен түсіп бара жатқаны жасырын емес. Неге бұлай? Білім беру саласына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы жеткілікті. Мұғалімдер корпусы да жыл өткен сайын білікті кадрлармен толығып жатыр. Соның бәріне қарамастан қазақстандық жастардың білім деңгейі көңіл көншітпейді. Мәселе неде?»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Қазір білім сапасы қандай деген мәселеге мұғалімдердің өздері де бас қатырмайды. Қағазда тастай болса, болды. Өйткені мұғалімдердің әр пәнді жақсылап беруі, жоспар жасауы, ізденуі, сабақтың мазмұнын байытуы бірінші кезектегі талап емес. Соңғы үш жылдағы сабақ жоспары, шәкірттердің біліміне баға қою дәптері, мыңдаған кәкір-шүкір жазбаларды реттеуі басты көрсеткішке айналған. Соның салдарынан күнделікті сабақтарын өз дәрежесінде өткізу мүмкіндігінен айырылған. Бұл мәселе арқау болған осынау мақала «Мораторий - мұғалімдерге керек» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Мұнайдың бағасы - қалай болар екен, ағасы!» атты мақала жарияланды. Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің, АҚШ пен Еуропа бірігіп, ресейлік мұнай мен газдың экспортын шектеуі мүмкін. Ал қазақ мұнайы мен газы, негізінен ресейлік тұрба-құбырлармен және РФ аумағы арқылы бүкіл әлемге тарайды. «Егер біздің экспорттың мүмкіндіктері бұл бағытта шектелсе, онда Қазақстанның экспорттық жеткізілімдері азаяды. Сондықтан ол жағдайда басқа бағыттар бойынша жеткізілімдер көлемін арттыру туралы ойластыруға тура келмек. Біз бүгінде әртүрлі нұсқа-варианттарды қарастырудамыз. Атап айтқанда, Каспий бағыты күшейтіледі: осы теңіз арқылы Әзірбайжан мен Грузияға шығып, ары қарай Қара теңізге жеткізе аламыз. Оның үстіне Грузияда қазақстандық Батуми айлағы бар, оның әлеуеті мен мүмкіндіктерін пайдаланып, біздің Ақтау айлағы әлемдік нарыққа 12 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алады» деді министр.
***
«Жас қазақ» басылымының соңғы санында «Ортаны оралман толтырады» деген мақала берілген. «Оралман көші тоқтағалы екі-үш жыл болған, бірақ осы аптада ел үкіметі қандастарды қоныстандыратын облыстар туралы қаулы қабылдады. Наурыздың 20-сында қабылданып, ақпарат құралдарында 1 сәуірде жарияланған қаулы «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» деп аталады. Қаулы бойынша елге келетін бауырларымыз Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастырылады»,-деп жазады газет. Естеріңізде болса, бұған дейін, «Көші-қон туралы» былтырғы заң қабылданбай тұрып, қандастырымыз елдің қай өңіріне баратынын өзі таңдаған. Сөйтіп, шетелден келген қаракөздердің тең жартысы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысына шоғырланды. Алайда бұл аймақтарда халық саны көп. Жұмыс, баспана мәселесін шешу қиындау. Сондықтан ағайындар оңтүстікке қоныстанғанымен, одан кейінгі тұрмыс-тіршілігінде қиыншылықтар туды. Ал қаулыда аталған 7 облыста жыл сайын келгендерден кеткендердің саны көбейіп барады. Екіншіден, оралмандарға бұл облыстарда баспаналы болуға, шаруашылықпен шұғылдануға мүмкіндік мол.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Вы чьих будете? Я всех буду!» атты мақала жарияланды. Кеше Қарағандыда № 3 автопаркінің 200-ге жуық жүргізушісі ереуілге шықты. Нәтижесінде қаланың кейбір аудандары қоғамдық көліктің қызметінсіз қалды.
Қалалық бағдарларда жүретін 170 автобустың тек 50-і ғана жолға шықты. Айта кетейік, Қарағандыда жолақы сомасы елдегі ең жоғары тарифтердің бірі болып саналады, яғни 80 теңгеге тең. Бағдарға шығар алдында жүргізушілер мен кондукторлар автокәсіпорын директоры Артур Манукянмен кездесуді талап етті. Жұмысшылар басшыдан жолақыдан түсетін ақшаның міндетті деңгейін төмендету, айыппұлдар тәжірибесінен бас тарту және жағармай шығыстары нормасын арттыру секілді мәселелерді көтерді. Наразылық білдірушілердің сөзіне қарағанда, жолақы тарифі өскеннен кейін, тапсырылатын табыс жоспары да артқан, алайда оның орнын толтыру мүмкін емес көрінеді.