Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында к-птеген роман, повесть қиса, дастандар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.
***
МАҚТАМЕН БАУЫЗДАУ
Москва іргесінде үлкенді-кішілі деревниялар да аз емес. Соколово - солардың орташалауының бірі. Соколово - орман ортасында. Айнала қоршаған орман оның кен, қос етекті көйлегі сияқты. «Подполковник Курганов - бір жерде отыра алмайтын, әрі мазасыздау кісі. Оның бармайтын жері жоқ. Батареялар мен дивизионда, бақылау пункттері, зеңбіректердің тұрған жері, біз сияқты атқыштар полктарының бақылау пункті - оның аралайтындары осылар. Артиллерияда «Не вижу - не стреляю» деген ереже бар. Подполковник анасынан артиллерист болып туған. «Өз көзім көрмесе - күмәндімін» деген серт оны күндіз-түні шапқылатып жүрген. Таң атардың алдында Курганов бізге келді. Аттан түсе салысымен ол бізді жалпы жағдаймен таныстырды да:
- Немістер Соколовоны орағытып тастап кете алмайды. Айналаның бәрі қалың орман. Дұшпан күшін жинап алып, сендерді маңдайдан соғады да, бастарыңның миын шашады, - деді.
- Айтқаныңыз келсін! - дедім мен күліп.
- Сенің өзіңнің тілің ащы екен той! - деп Курганов шаж ете қалды.
- Кімнің тілі ащы екенін, құдай бар болса, естіп тұрған шығар! Логвиненко қарқ-қарқ күліп:
- Сіз жеңілдіңіз, Георгий Федорович. Мойындаңыз. Жеңіле білу де ерлікке жатады, - деді.
- Солай ма... Апырм - ай... Солай ма?
- Солай, жолдас подполковник, - деп Логвиненко тағы да күлді.
- Солай болса мейлі, мен жеңілдім. Ал, дұшпанды қалай жеңбексіңдер?
- Дұшпанның сыры бізге мәлім, күшін жинап, салмақтанып дайындалып жатыр. Біз оны көріп отырмыз, - деді комиссар.
- Онда неге қол қусырып қарап отырсыңдар?
- Күтіп отырмыз.
- Нені күтіп отырсыздар?
- Қай жақтан шыға келіп миымызды шашар екен деп күтіп отырмыз.
- Ай, өздеріңнің дендерің сау ма?! - Құдайға шүкір, біздің деніміз сау... Қорамсақта ешнәрсе жоқ.
- Сіздің бізге берген дивизионыңызда жүз - ақ снаряд бар. Онымен мен кімді отырып, кімді күйретпекпін? - дедім мен.
- Құр қол қарсы шабуылға шық демексіз бе? - деді комиссар.
- М-мм-да! - деп Курганов желкесін қасыды. - Сіздердікі дұрыс, - деді де, шөгіп қалды батыр артиллерист.
- Сабыр етіп, байқап, ақылға салып көрелікші, комиссар. Сендер мені оңдырмай төмпештеп алдыңдар ғой, - деді подполковник. - Ақылдасалық. Соколово бізге оңай тиіп отырған жоқ. Курганов орнынан ұшып тұрды да, телефон соқты:
- Иван Иванович. У Момыша положение швах... Я сам видел, я говорю от него... Он ждет атаку с часа на час... я здесь у него сижу... Алло, алло. Алло!.. Тьфу, черт, связь прервалась! - Неге қарсы шабуыл жасамайсыңдар?
- Таяқпен танкке қарсы шық деп ешкімге бұйыра алмаймын, жолдас подполковник.
- Тағы жеңдің! Дұрыс!- Жоғарымен тағы да сөйлесіп көрейік. Олар не дер екен?! - Дұрыс... Бізде, менімше, аздаған резерв бар еді. Соны осында жұмсамағанда қайда жұмсамақпыз. - Алло! Алло!.. Иван Иванович. Мен Курганов... Бізді үзіп жіберді... да... Иә... Момыштан сөйлеп тұрмын. Марков біледі. Біздің аздаған резервіміз бар. Соны дереу Момышқа жөнелтуіңізді өтінемін... Иван Иванович, олар өте қажет... Өзімнің көзім жетті... Иә, иә, түсініп тұрмын. Әрбір сағат қымбат, Иван Иванович! Курганов телефонды тастай беріп:
- Ал, командир мен комиссар, сіздердің тілектеріңіз орындалмақ, - деді қуанып.
- Қалайша? - деп сұрады комиссар.
- Бізге тағы да 250 снаряд беретін болды. - 250... Олармен кімді қырып-жоймақпыз, чепуха!
- Тоқта, командирім!.. Оған да шүкірлік ет. -- Комиссар, сіз либералсыз. Сіз түсінбей турсыз! -Біраз суи тұршы, командир.
- Екі жүз елу снаряд!.. Бұл қорлағандық!..
- Ей, тентек! Сенен басқаға жиырма бес снаряд беруге де мүмкіндігіміз жоқ. Енді оттама! - деп айқайлады Курганов.
- Онда қойдым, жолдас подполковник... Екі жүзбен біз кімді мұқатамыз. Өте аз!
- Білем, қарағым, білем. Аз екенін мен білем.
- Оларды қалай жұмсамақпыз?
- Оларды шоғырланып жатқан фашистердің басына дәлдеп атамыз. Біраз үрейлендіреміз.
- Оныңыз дұрыс, подполковник. Тек үрейлендіреміз.
- Енді өздеріңіз келісе беріңіздер. Мен кеттім. Алда қандай жаңалық бар екен, - деп комиссар шығып кетті. - Егерде бізден бұрын неміс қимыл жасаса қайтеміз? - деп сұрады менен Курганов. - Мен солай еткенін күтіп отырмын. Қолдағы аз снарядтарды біртіндеп атпастан, бірден атқым келеді. - Егер сәті түссе, оның атакасын бір сағат кешіктірсек те, бізге олжа емес пе? - Егер солай болса. - Солай етіп көрелік, полк командирі. - Атқылай беріңіз, жолдас подполковник. Курганов атқылай бастады. - Жолдас командир! Біздің артиллерия дәлдеп атып жатыр!.. Тас-талқанын шығарып жатыр! - деп Семен Краев маған ентіге телефон соқты. Мен дүрбімен қарап тұрмын. Краевтың айтқаны шын екен. - Тағы да төмпештеуге дәрмен жоқ. Қап, тағы да жүз снаряд болар ма еді! - деді тісін қайрап Курганов. - Ол біздің зеңбіректердің тұрған жерін байқап қойды. Енді тез орын ауыстыру керек, - ден Курганов асыға - аптыға аттанды.
Ол кетті, біз қалдық. Азанғы сағат 9... Сағат 10. Жаудан әлі хабар жоқ.
- Манағы Кургановтың атқылауы өте жойқын емес еді. Жаудың ешнәрсесін жапыра қоймайтындай атқылау еді. Жау неге сонша күйгелектеді екен? - деді комиссар.
- Сіз жауды сағынып, сарғая күтіп тұрғаннан саусыз ба, Петр Васильевич?
- Орағытып, басқа бағытпен кетіп қала ма деп қауіптеніп тұрмын. 288
-Оған мына даңғыл жол керек, Петр Васильевич. Орағытса да қайтып келіп бізге соғады. Меніңше, ол бізді бопсалап шошытып, Соколовоны аз күшпен алғысы келіп еді. Кургановтың екі жүз елу снарядтары сол аз күшіне ойран салды. Енді ол сізбен...
- Иә, мен де солай ойлап тұрмын, - деп менің сөзімді бөлді комиссар. - Ол енді бізге шындап, күш жинап тиісуге бел байлады.
Күндізгі сағат 12-де жау артиллериясы дабыл қаққандай, бізді атқылауын бастады. Снаряд үстіне снарядты жаудырып жатыр. Айнала тарс - тұрс, ың-жың, қаптаған қара түтін, құйын. Жарқ - жұрқ еткен от, аласапыран. Есімді жинап алып қарасам: жау Соколовоньщ алды емес, шетін төмпештеп жатыр екен. Мұнысы несі деп таңданып тұрмыз. Әскер қатарында тыл бөлімшелерінің адамдары бейқам, олбыр - солбыр, тәртіп жағынан салақтау келеді. Біздің тылдағы бөлімдер түнде Соколовоның бір шетіне келіп орналасып, әрқайсылары әр жерден не сабаннан, не пішеннен, не мақтадан күркешелер істеп алып, арбаларын доғарып, жүктерін түсіріп, қазан-ошақтарын бұрқыратып асып жатыр екен. Жау соларды нысанаға алып, әкелерін таныта ойран салуда.
- Е, байғұс тыл, быт-шыты шығып жатыр, не қалар екен, - деп комиссар күрсіне бұрылып қарады.
- Алдағыларға тимегеніне шүкір етелік, Петр Васильевич. Алдағылар былқ етпестен қар мен мақтаға көміліп жатыр. Кенеттен жау тағы да құлашын соза атқылауға кірісті.
- Мұнысына жол болсын? Ол жақта ешкім жоқ емес пе?
- Кургановтың дивизиондарының орнын сипап жатыр ғой.
- Олар әлдеқашан-ақ орын ауыстырмап па еді? Олар ол жерде жоқ. Әлдеқашан көшіп кеткен. Жұртын атып неге жынданып тұрсың деп, барып айтсаңызшы жауға.
- Ха-ха-ха, қауіпті жағдайда орынды айтылған қалжың үлкен ғанибеттің бірі. Мен сенің сырыңды бұрын білмейді екенмін ғой, командирім, - деп Логвиненко күліп менің аркамнан қойып қалды да: - өз көзіңмен қасірет көріп тұрғанда күлсең де, жүрегің ауырады, - деді.
- Қасірет әлі алда, Петр Васильевич. Біздің алдыңғы шеп те орындарында былқ етпей жатыр. Жау атқылауын тоқтатты. Айнала жым-жырт. Орман шетінен қатар тізілген автоматшылар тобы андыздап шыға бастады. Олар автоматтарын қарына тіреп, серт кезеп бытырлатып атқылаумен жүріп келеді. Әзірше біз жақтан үн жоқ. Келе жатқан жау қатарында шамасы бір жарым, екі батальондай бар. «Соңында танктері де бар ма екен» деп, біз қауіптеніп қарап тұрмыз. Жоқ, әзірше танктер көрінбейді. Байқауымша жау жаңағы артиллерия төмпешінен кейін, Соколовоны жаяу әскермен алғысы келді. Біз орнымыздан қозғалып шегіне бастағанда, танктерін бізді өкшелей қуу үшін пайдаланбақ. Дұшпанның ойы - бізді енді қуса, еш жерге кідіруге мұршамызды келтірмей қумақ. Тым-тырақай бездіре қуып, шат - шәлегімізді шығармақ. Мен осы ойымды комиссарға айттым. Ол бұл болжауды мақұлдады. Жау қатары біздің алдыңғы шепке 200- 250 метрдей жақындағанда ентелеп жүгіре бастады. Біздің жақтан пулеметтер мен мылтықтардан жаппай атыс басталды. Кургановтың дивизиондары да жау үстіне снаряд жаудырып жатыр. Оқ пен снаряд астында қалған жау қатары ыдырай бастады. Дұшпанның сағы сынып, жер бауырлап жатты.
- Че добре! - деді комиссар, маңдай терін жеңімен сүрте күрсініп, демін бір алып. Полковник Серебряковке жағдайды баяндадым. Ол кісінің айтуы бойынша, бізбен көршілес полк та дұшпанның шабуылын тойтарыпты. Авиацияның мәлімдемесі бойынша, жиырма - жиырма бес километр қашықтықта жаудың танк колонналары шұбатылып келеді. Танкке қарсы қорғануды күшейту жағын бұйырды полковник. Мен Серебряковпен сөзімді аяқтап орнымнан тұрғанда, Соколовоның үстінен біздің самолеттер топ - тобымен ұшып ата бастады. - Танктерді бомбалағалы ұшып барады, - деді комиссар жоғары қарап тұрып. - Ал, ендігі шабуыл басталғанша елді тамақтандырып, жаралыларды жөнелту керек болар. Комиссар жүруге ыңғайланды. - Кургановтың дивизиондарын сіздерден алып, басқа жаққа ауыстыруға тура келіп тұр, - деді Серебряков. - Біз қалай құр қол қалмақпыз? - Сол жақта бұлт қоюланып келеді, - деп ол сөзін аяқтады. Полковниктің бұл хабары маған ауыр тиді. Комиссармен ақылдасып, кейбір топтарды, полктағы өзіміздің зеңбіректердің орындарын ауыстыруға келістік. Комиссар сол қанатқа, мен он, қанатқа кеттім.
***
Сарайдың ішінде бір топ жауынгер тамақтанып отыр. - Қалай, жолдастар, көжелерің дәмді ме? - Сұйықтау, жолдас командир, - деп жауап қатты орта жастағы бір жауынгер. Түріне қарап тұрып, кешегі «соғыс жаңа ғана басталды ғой, жақында біте қоймас» деген жауынгерді тани кеттім.
- Сұйықтау болса да, әйтеуір, ыстық тамақ қой, - деді ол және. - Атыңыз кім сіздің?
- Менің фамилиям, жолдас командир, - Гапоненко. Ал өз есіміңіз?
- Спиридон Остапович.
- Бұрын ұрысқа қатысқан ба едіңіз, Спиридон Остапович?
-Жоқ, бұрын әскер қатарында болып көрмегендердің бірімін. Кешеден бері ұрыстың шет жағасында болғандаймыз ғой.
- Келе салысымен, соғыспай жатып гвардиялық атаққа ие болдыңыз ғой, - деп бір жауынгер оған әзілдеді.
- Маған сенгендіктен алдын ала гвардия атағын беріп отыр да
- Дұрыс айтасыз, Спиридон Остапович, - дедім мен. Басқа бір топ мақтаның теңінен пулемет үшін ұя қалап жатыр екен. Оларды басқарып жүрген маған бейтаныс сержант. - Біздің полкке келгендеріңізге көп болды ма? - Кешелі бері ғана осындамын, жолдас командир. - Партия қатарындамысыз? - Сегіз жылдан бері большевиктер партиясының қатарындамын, - деп ол мақтанғандай қалт тұра қалып жауап қайтарды. -Деревняның сырт жағындағы бір сарайға бардым.Ұзын бойлы, еңкіштеу, жалпақ иек қырғыз батареяның старшинасы Әлішеров бес-алты жауынгермен бір зеңбіректі орналастырып; жатыр екен.
- Бұл зеңбіректің оз командирі қайда?
- Командирі жарақаттанып кетті. Оның орнына мені тағайындады, - деді Әлішеров.
- Жаудың танктері өте қашықта емес көрінеді. Сондықтан сендерді де алға шығаруға тура келді.
- Түсінікті, жолдас командир. Айқасып көрелік. Штабқа қайтып келе жатырмын. Көргендерімнің барлығы да көкірегімде сайрап келеді. Алдыңғы шепте бірінші рет болып, ондағы адамдарды бірінші рет кездестірген сияқтымын. Бұрынғы уайым-қайғыдан арылғандаймын. Комиссарға қайда болғанымды, кімдермен жолыққанымды айтқанда ол жымия күліп: - Өзің өте көңілді қайтыпсың ғой, - деді.
***
Күндізгі сағат екіде дұшпанның самолеттері топтана ұшып келіп, жемтік үстінен айнала ұшып жүрген қара құстардай, бізді бомбалай бастады. Ірілі-уақты бомбаларды араластыра тастап, оралып ұшып, үстімізден пулеметпен атқылап өтеді. Біздің қолда аспандағы дұшпанға қарсы жұмсар қару-жарағымыз жоқ. Жарылған бомбалардың түтіндері тарқамай-ақ артиллерия атыстарының сарыны шықты. Көп уақытқа созылған жоқ. Бұршақ аралас шатынап жауған нөсердей сабалап, құйындата өте шыққандай болды.
- Халдеріңіз қалай? - деп сұрады телефоннан Серебряков.
- Орман шетінен танктер көрінді. Әне, үш-үштен қатарласып, кідіре тоқтан, атқылап келеді. Көріп тұрмын. Біздің зеңбіректер де оларды атқылай бастады.
- Алдынан тосқауыл қалдырып, негізгі күшіңізбен Дедешино совхозына қарай шегінуге кірісіңіз! Бұйрық солай, - деді полковник. - Демек, бір жерден тағы да майдан шебін опыра бұзған екен ғой, - деді комиссар.
- Әйтпесе бізге шегін демес еді. Алдағы зеңбіректер мен танктер жекпе-жекке шығысып атқыласып жатыр. Исламқұловтың жауынгерлері сол іргеден бастап, ашылып-шашылып жатқан мақталарға керосин құйып, от қоюға кірісті. Қара түтін лезде бұрқырап, деревняны қоршай бастады. Сол жақта ұрыс жүріп жатыр, зеңбіректердің барлығын сонда ауыстырғанбыз. Орталық пен оң жақтағы күштер шегінуге кірісті. Соколовоға келген неміс танктері біраз кідіріп тұрды да, кейін бұрыла бастады. Себебі: олар деревняға ене бергенде мақтаның қою ащы түтініне тұншығып, лаулап жанған от үстінен өтуге «өзім де өртеніп кетермін» деп қауіптеніп, амалы болмай, кейін бұрылған көрінеді. Ең соңынан Исламқұловқа шегінуге рұқсат етілді.
ЖОЛДАСТЫҚТЫ ЖАУҒА ТАСТАМА
Қалың орман ортасындағы алаңға жеттік. Алаңның арғы шетінде тұрған бір топ кісілердің қасына бардық. Жағаларындағы белгілеріне қарағанда, тұрғандардың көбі үлкен офицерлер. Біреуінің жағасында ұшы шала, біреуінде екі, кейбіреуінде бір... Олардың ішінде тұрған майор Стариковтан басқаларын мен танымаймын. (Логвиненко барлығымен қол алысып амандасты да, мені өз командирі ретінде оларға таныстырды. - Полкты қақ жарып екіге бөліп тастады. Жартысынан көбі жолдың арғы жағында қалып кетті. Комиссар мен штаб начальнигі солардың ішінде, - деді маған майор Стариков. - Жаяу эскадронның командирі, - деп өзін өзі таныстырды жаңа келген бір капитан. - Жаяу да эскадрон болушы ма еді? - Соғыста әрқилы нәрсе болады, жолдас үлкен батальон комиссары, - деп жауап қатты капитан. - Астымыздағы аттарымызды ұрыстарда жоғалтып, жаяу қалдық. - Қанша адамдарыңыз бар?
- Бір жүз он қол қылышымыз бар. Әр әскери қауымының өзіне жарасарлық аттары бар, өздерінің мамандық намыстары бар. Жаяу әскерлер «мұншама найзамыз» бар деп айтады, ал жаңағы атты әскердің капитаны жаяу қалғанына қарамастан, адамды: қылыш санымен есептейді. Ол басына түскен жаяулыққа әлі де көнер емес. Өз тобын ол рота деп атауға аузы үйренбеген. Олар жаяу да болса, капитан үшін - эскадрон. Біз соңғы шегінгендерді күтіп тұрмыз. Барлығының басын қосып, жиналып болған соң жүрмекпіз. Комиссар жаңағы топтың ішінде қалды. Мен өзіміздің полктың адамдары бас қосып жиналып жатқан орманға бардым. Орман шетінде, қос басында, пар ат жегілген шанада көрпеге оранып лейтенант Торопьпин отыр екен. Ол мені көре салысымен иегі кемсеңдеп көзі жыпылықтап, жыламсырай бастады. - Жарақаттанғаннан сау емессің ғой, мына түріңе қарағанда? - Екі аяғымнан да жараландым, жолдас аға лейтенант! - деді дірілдеген даусымен жауап беріп, шыдай алмастан еңіреп жіберді. - Тәйт! Өшір үніңді! Командир болмай кеткір! Ұрыста бәрімізді де минут сайын ажал аңдып жүр. Берік бол!- Жарайды, жолдас командир. Лейтенант Б. екеуміз бір ұядан ұшқан, көптен бері дос едік. Ол көріп тұрып мені тастап кетті. Соның ызасына шыдай алмай, көзімнен жас шығып кетті. « Лейтенант Б. ұзын бойлы, ашаң, бетінде сирек шешектің ізі бар, бес-алты қадам жерде бір ағашқа сүйеніп тұр екен. Мен оған қарағанымда ол үн қатпастан қалт тұра қалды. - Лейтенант Б... Сдать оружие, - деп бұйырдым. Ол наганын қабынан шығарып, тұмсығын өзіне қарата ұстап, жақындап келді де, жарағын маған ұсынды. Мен наганды алып, қасымдағы Сулимаға бердім де, лейтенант Б.- ға:- Вы арестованы, лейтенант! -дедім. Ол үн қатқан жоқ. Торопыгин да, Б. да соғыс басталғанда ғана училищені бітіріп, тура менің қарамағыма келген лейтенанттар еді. Екеуі де бір ротада взвод командирі болатын. Училищеден бастап, екеуі бір-бірімен дос еді. Оларды батальонда әзілдеп кейде «егіз қозылар» деп те атайтын. Екеуі де жақсы жігіттер еді. Училищеден кейінгі қызмет жағынан да, ұрыс кезінде де олар мені өздерінің ұстазы деп санайтын. Екеуі де біздің батальонның барлық ұрыстарының ішінде болған жауынгер жігіттер. Міне, мен енді полк командирі болғанда біреуі ауыр жараланып орнынан қозғала алмай отыр, бірі болса, оның қазір мен өзім жарағын сыпырып алдым. Бұл маған ауыр соғып тұр. Мен олардың қасынан кеттім. Менің пысық, ақкөңіл жәрдемшім, майдандағы үзеңгі жолдасым, көпті бастан бірге өткізген Хабибулла Рахимовтың аяқ-қолы дірілдеп, көздері бозарып, бет-аузы теңбілдене көгеріп, бір құлағынан қан сорғалап тұрғанын көріп: - Әй, мынаған не болған, жігіттер - ау?! - деп едім. - Бомбалағанда қатты контузия алды, жолдас командир, - деді оның қасында тұрған Бозжанов. - Өзін құлаған үйдің астынан әрең суырып алдық. - Торопыгиннің қасына алып барып, шанаға отырғызыңдар. Политрук көмекшісі Ю. шегінгенде алды-артына қарамай, дегбірсіздене, жападан жалғыз қашады. Алдынан шығып тәртіпке шақырған полк партия ұйымының секретарына ол: «Өз басыңды аман сақтау қамын ойла! Әйтпесе мына гранатамен күліңді көкке ұшырып жіберемін!» - деп ұмтылып, оған бағынбағанын маған баяндады. - Дереу Ю.- ді тауып, қару - жарағын сыпырып алыңдар! - деп мен Сулиманы жұмсап жібердім. Бір жерде алдымнан шыққан атқосшым Николай Синченко қиналған түрде біраз бата алмай тұрып: - Жолдас командир, мана самолеттер атқылап жүргенде жирен қасқаның омыртқасынан оқ тиіп өлді. Міне, мен соның ер - тоқымын арқалап келдім, - деді. Менің әскери төл атым да жауынгерше мерт болып, майдан шебінде орнынан тұрмай қалып қойды. Комиссар келді. Оған көрген - білгенімді айттым. Ол сұп-сұр болып, біраз үн қатпай турды да:- Бұл жолсыздықты дереу тоқтату керек. Біз қайда тұрғанымызды, алдымызда не барын білмейміз. Мұндай олқылықпен ілгері жылжуға болмайды, - деді. - Мен де солай ойлап тұр едім, Петр Васильевич! Басқа жағдайларда кешірілетін нәрсені мұндайда кешіруге болмайды. - Олай болса, сіз командирсіз ғой, шешімге келіңіз! Басқа да келісімсіз жандайларымыз аз емес еді. Ұрыста көргендердің бәрін бірдей айта беруге болмайды, айтылғандарды жаза беруге болмайды, жазылғандардың бәрін бірдей баспаға ұсына беруге болмайды. Мен шешімге келдім. Ол шешім орындалды. Аға офицерлердің кеңесінің шешімі бойынша маған сол маңайдағы өз полкімді - Стариковтың полкінің үштен бірін, «Жаяу эскадронды», бір саперлер батальонын басқару тапсырылды. Түн жарымы ауа бастағанда бәріміз де Дедешино совхозына келіп жеттік.
МАМАНДЫҚ ҚҰШТАРЛЫҒЫ
Ұрыста тағы да бірнеше күндер өтті. Бірде жығылып, бірде жығып, бір сүрініп, бір сүріндіріп жүрсек те, жеңеміз деген сенім бізде мол. Айбаттанған күші басым зұлым жау сағымызды сындырып, көңілімізді жасыта алмады. Арпалыса, айқаса табан тіресіп, қарсыласа жылжи - жылжи, ноябрьдің ақырғы жаңасында Крюково селосының айналасындағы орманға келіп бір-ақ тірелдік. Сол маңда жау да, біз де барлық күштерімізді жұмсап, жағаластық, тайталастық. Екі жағы да аянған жоқ. Село Крюково, станция Крюково сол себептен біздің есімізде қалды. Бүл шепте біздің полк көпке төтеп бере алмады. Жаудың басым күштері шабуыл үстіне шабуылдап, бізді тықсыра - тықсыра барып, Александровка, Каминка селоларын басып алып, екі бүйірімізден қысып, маңдай алдымыздан соғып, бізді бірте-бірте ығыстыра берді. Тек кешке қарай, ымырт жабылуын пайдаланып, Крюковоның іргесіне тақап барып бекініп алуға мұршамыз зорға жетті. Біздің полктың оң жағында Шехтман басқарған, сол жағында Стариков басқарған полктар да бізбен шынтақтаса, иін тіресе бекіністі. Соғысқа кіріскелі көршілерімізбен бірінші рет қана қоян-қолтық отырып, қатар бекініскеніміз осы еді. Дивизия соғыса, қатарын шумақтай, қабаттаса caп түзеп бекінуіне қарағанда, алдағы қауіп бұрынғыдан да зор көрінеді. Бұдан бұрын өткен отыздан аса шайқастар қатарымызды едәуір сиреткенін де байқаймыз. Рота, батальондарда адам саны азайса да «атын жоғалтпаймыз» деген оймен олардың номерлерін сақтадық. Саны аз болса да, сыннан өткен сенімді, сапалы жауынгерлер. Қазір архив материалдарына көз салсақ, дивизияның бұйрықтарында сол кезде біздің полкқа қосымша күштер берілген екен деп ұғынуға болады. Сол кездегі бұйрықтарда коп әскер бөлімдерінің аттары аталады. Бірақ олар сан жағынан да, сапа жағынан да өте жұпыны болатын.
Есіме бір кезең түсіп отыр. Соны ғана айтайын. Менің бақылау пунктіме орта бойлы, тұнық, көк көз аға лейтенант келіп: - Мен 135-ші айрықша танктер батальонының командирімін. Сіздің қарамағыңызға келдік, - деді.
- Батальоныңызда қанша танктеріңіз бар?
- Бір «Т-37», - деді аға лейтенант темен қарап.
- Өте күшті батальон екенсіздер. Ал қару - жарақтарыңыз қанша?
- Танктің пулеметі кеше ғана бұзылып қалып еді.
- Ал менен сізге не керек?
- Біз сіздің қарамағыңызға келдік қой. Қайда жұмсасаңыз да өзіңіз білесіз. - Бүгін тамақ іштіңіздер ме?
- Жоқ, әлі тамақтанғанымыз жоқ.
- Онда біздің штабтың асханасына барып, бір тойып алыңыздар. Сізге одан басқа жауынгерлік тапсырма бере алмаймын, жолдас аға лейтенант, - дегенімде комиссар қарқ - қарқ; күліп жіберді.
- Одан кейін ше? - деді қызара бөртіп аға лейтенант.
- Одан кейін «Т-37-іңізді» жөндеуге, жақындағы бір базаға барыңыз! Менің қарамағыма ол күндері жаңағы «танк батальонынан» басқа бірнеше әскери бөлімдер де келіп қосылды: он қылышы бар «атты әскер эскадроны», жиырма сапері мен отыз минасы бар «саперлер батальоны», екі зеңбірегі бар «жеке артиллерия дивизионы»...
- Маған әскери бөлімдердің аты мен номері керек емес, сапасы мен күші керек. Бұл не деген сұмдық! Келгендердің барлығы өңкей жалаң аяқ, жалаң бастар! - деп мен бір жолы ызаланып, комиссарға ақырып жібергенімді өзім де сезбей қалдым.
- Тұра тұр, командир, сабыр түбі сары алтын деген емес пе... Сен мені сабайтын түрің бар ғой, - деп күліп, Петр Васильевич мені тоқтатып, біраз ойланып отырды.
-Меніңше, әзірге осыған да шүкірлік ету керек. «Жалаң аяқ, жалаң бастар» отқа түсіп, суды кешіп өткен нағыз батырлардың жұрқасы. Олардың біреуін мыңға балау керек. Меніңше, күш те, әскери техника да артта қорланып, өз кезегін күтіп жатыр. Мен солай ойлаймын. Егер де сен сияқты әр полк командирі наразылық білдіріп, шатақ шығара берсе, не болмақ?! Мен қарап үн қатпадым. Біздің полктың штабы орман ішіндегі екі-үш үйлі Ново - Малино дейтін қонысқа орналасқан екен. Түн ортасы ауа бере мен алдыңғы шептен штабқа келдім. Маған бір үй даярлап қойған екен. Бөлмеге енді еніп, шешініп жантаса бастадым. Қораның исі мүңкіп түр. Бұрыштарында ағаштан істелген бірнеше жәшіктер көрінеді. Олардың ішінен тықыр естіледі. - Мына бөлмең қалай, жігітім - ау? - Бұл жер, жолдас командир, - деді Сулима, - бір ғылыми-зерттеу институтының тышқан, қоян, теңіз шошқаларын асырайтын, өсіретін үйі екен. - Ал оның иелері қайда екен? - Осында. Үш баласы бар бір әйел -- аға ғылыми қызметкер көрінеді Самолеттер мен артиллерия төмпештей бастағанда балаларын жетектеп жертөлеге тығылған екен, әлі сонда жатыр. - Онда салқын ғой. Балаларына суық тиіп қалар, тезден мұнда шақыр! _
..Бөлмеге орта бойлы,толықша реңді сары әйел кіріп келеді. Сыртқы бейнесі өте жұпыны Көздері кіртиіп, жүзі солғынданып, азап шеккен әйел.
- Балаларыңыз қайда?
- Балалар осында ғой, жолдас командир. Мені неге шақырдыңыз. Менің бір тілегім: мына бишара жәндіктерді далаға лақтырып тастатпаңыз. Олар бізге өте керек, құнды жәндіктер.
- Оларды даладағы аязға лақтыру менің ойымда да жоқ. Алайда, бұларды бұрынырақ алып кету керек еді ғой.
- Өзіміз де солай ойлап едік. Мен осылармен, үш баламен машина күтіп, жертөлеге тығылып отырғаныма үш күн болды. Иегі кемсеңдеп, әйел еңіреп жылап жіберді.
- Жыламаңыз, жыламаңыз, құрбым.
- Мені құрбым дейсіз бе?
- Менің де жасым жаңа ғана отызға толды. Шамалас болуымыз керек.
- Ал маған не демексіз? - деді әйел сұстанып.
- Сізге мен қырындайын деп тұрғаным жоқ, құрбым, - дедім күліп. Әйел де күліп жіберді.
- Ия, енді күліп отырып сөйлесейік.
- Ия, оныңыз дұрыс қой.
- Жағдай өте ауыр. Оған сіз түсінесіз. Атылып жатқан оқтар мен снарядтар баланы да, ананы да, мына жәндіктерді де аямайды. Майданның алдыңғы шебі екі-ақ қадам. Сіз дереу кетіңіз бұл жерден.
- Қалай кетемін. Қалай тастап кетемін. Маған жәрдемдесіңіз, жолдас командир.
- Жәрдемдесеміз. Даярланыңыз. Сізге енді кешігуге болмайды!
- Фу, жолдас командир, егер маған бір деревняны көшір деп бұйырсаңыз, ол оңай орындалған болар еді,-деді терлеп-тепшіп, ентігіп кіріп келген штаб бастығының жәрдемшісі Курганский. - Әйтеуір аттандырдық жаңағы әйелді. Балаларын көрпеге орадық, жәндіктерін сабанмен, пішенмен қоршадық. Жолазық тамақпен қамтамасыз еттік. Өзі қызық әйел екен: бізге сенбестен тышқандарын өзі көтеріп, өзі орналастырды, тышқандар мен қояндарды балаларымен бірдей көре ме деп ойлап қалдым, - деп Иван Данилович қарқ-қарқ күлді. -Мамандық құштарлығы, Иван Данилович,-деді комиссар. Демек, ол адал қызметкер. Ол - совет әйелі. Ол өз еңбегін, мемлекет меншігін сақтай біледі. Ол оз постысындағы ұстамды, табанды кісі екен.
Роман Әдеби KZ порталынан алынды
Жалғасы бар