«Москва үшін шайқас»: Орала соққан жау жаман

АСТАНА. ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихқа ие, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежесі бар ҚазАқпарат агентігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бұл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатігез бейнесі шынайы бейнеленген.

Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген роман, повесть қиса, дастандар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.

***

БҰЙРЫҚ

Бұйрық берілді. Тәуекелге бел байланды... Бұйрық командирдің қиялы ғана. Оймен жетіп, ауызбен айтылғанның өзі істеле бермейді. Ол іс жүзіне асып, алдағы мұнарланған мұратқа жеткеніңше талай сәтті-сәтсіз соқпақтар, тар жол, тайғақ кешулер, құз-қиялар алда толып жатыр. Орман іші жым-жырт, қап-қараңғы. Аяз танауды қуыстыра, бет-ауызды темірдей жалап барады. Қалың қарағай қыстың түбіт ақ тонын жамылып, үнсіз мелшиіп тұр. Әр ағаштың түбінде бір-біріне түйісе, қатар жатқан солдаттарда үн жоқ. Айналаның бәрі мылқау, ешкім бір-бірімен сөйлесіп, шүйіркелеспейді. Тып-тыныш. Ақыры әшейінде пысқыратын аттар, не мекіреніп, не оқыранбайды. Байланған ағаш түбінде жусап тұр. Командирлер мен солдаттардың барлығы ауыр ой үстінде, іштерінен тынып жатыр. Үндемеу - атам заманнан бергі сөйлесудің бір саласы. Бәріміздің ойымызды бір түйін зілдей басып барады. Бәріміз де бір мезгілді күтіп отырмыз. Ол мезгіл әлі жақындар емес. Сағыздай созылған уақыт, қылды қамырдан суырғандай қинап, өте шабан келеді. Бір сағат бір жылдай көрінеді. Күте-күте күтуден көтерем болып отырғандаймыз...

- Аяусыз қатал бұйрық болды-ау, - деді маналы берлі тіс жармай отырған Мадияр.

- Ия, мен де соны ойлап отыр едім, - дедім мен оған ойымның үстімен шыққан соң. Екеумізде тағы үн жоқ... Тым-тырыс отырмыз... Сағат екіде қол қозғалды. Орман дауыл соққан үйдей сықырлап, теңселгендей болды... Әр топтың бастығына көмек керек болар деген оймен штаб офицерлерім әр топқа жұмсап тараттық. Комиссар екеуміз: «Осы жолы біздің полк не алты қыстақты алып, бұйрықты орындап, мұратқа жетеді, не екеуміз бас болып, біріміз шықпай осы жерде қаламыз, не болса да жігіттермен қатар, ішінде болайық» деген келісімге келіп ажырастық.

- Ал, жолың болсын! - дедім Мадиярға.

- Айтқаның келсін, бірге болсын, - деп ол жүре жауап қатып, екі-үш қадам баса салысымен-ақ қараңғыға сүңгіп, ғайып болды...Адъютантым жұмсаған жерден тез қайтқан жоқ. Оның жолын біраз күтіп тұрып, алға кеттім. Қасымда жалғыз атқосшым, екі атты қатарымен жетектеп келеді. Аттар оқтағанда пысқырады. Аяқ астындағы шыны қар басқан сайын шықырлап, тымық түнде әрбір дыбыс бар әлемге жаршыдай айғақ қой. Николайға: «кейін, кейін» деп оны шегіндіре беріп, қап-қараңғы түнде, ақыры одан да айрылдым... Орманның шеті. Қала алда қарауытып тұр. Жап-жақын сияқты. Мен жалғызбын. Артта қалған атқосшымды дауыстап шақыруға болмайды. - Келе жатқанымды дұшпанға жариялай алмаймын. Жалғыздығыма өзіме-өзім ызаланып, опық жеп біраз кідіріп қалдым. «Екі неміс жер астынан шыға келіп, я өлтіріп, я байлап алса, не деген масқаралық» деген ой мені үрейлендіре қорқытты. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, алдағы әрбір бұтаның көлеңкесі қарауытып, мені шошытады. Өзіме-өзім кейіп, он атарымды қалтамнан шығарып кезей ұстап, алға қарай жүріп кеттім. Бірақ та аяғымның ұшымен басып, ұрланғандай болып келемін. Алда бірдеңе ербең еткендей болды. Қараңғыда дос қайсы, дұшпан қайсы ажырату қиын. Дұшпанға кез бола қалсам менің онымен атысқаным досқа да, дұшпанға да жаршы болып құпия сапардың барлығын бүлдірер деген оймен он атарымды қайтадан қабына салдым. «Егер де неміс кез бола қалса, оны қылышпен шабайын, я өңешінен шанша түйрейін» деген оймен қылышымды қынабынан шығарып, серпе ұстап келемін. Қаншама аяғымның ұшымен басуға тырыссам да, қар аязда майланбаған арбадай сықыр-сықыр етіп, әр қимылым менің келе жатқаныма айғақ... Алдымдағы қарауытқан қыстақтың шетінде оқшау тұрған сабан сарай екен. Келіп тасасына жарғанатша жабыса қалдым. «Мұның ішінде кім бар екен?» деп демімді ішіме тартып тыңдап тұрмын. Ешқандай дыбыс, ешбір белгі естілмейді. Бірақ өз құлағыма өзім сенбей қайта-қайта тыңдаймын. Ішіне кіруге жүрексінем, қобалжып қорқамын... Дуалдарын жағалай басып, ақырын, ұрланып жылжып, еміс сырғып келемін. Демім ішімде. Тыныс алудан қауіптенемін. Жылжи-жылжи дарбазасына жеттім. Тағы тыңдаймын, ішіне кіруге қауіптенемін, дарбазаға жабыса тыңдап турмын... «Әлде немістің қара басып ұйықтап қалған бір күзетшісінің үстінен шығып тұрмын ба?» деген күдікті сұрақ тағы үрейлендіре қорқытып, тұла бойыма бұғау салынғандай зіл боп басады, дуалға шегелегендей мықтап қағады. Тұрған орнымнан қозғалтар емес... Маған тәуекел тағы медет болды. Қылышымды серт ұстап, ыршып сарайдың ішіне ендім. Тым-тырыс, үн қатқан бір пенде жоқ. Сенбеймін, әдейі дыбыс беремін, жан-жақты пәле іздеп, қылышыммен түрткілеймін. Ешкім жоқ... Өзімді өзім орынсыз қобалжытып, қорқытқаныма ішімнен күліп, сабанның үстіне отыра қалдым. Дәл сағат төрт. Құлағымды алысқа түре салып, тыңдап отырмын. Алыстан хабар күтемін. Бородиноға құлақ түре тыңдаймын. Трошковоға жырақтың жайын болжап кірмекпін. Ол табан асты жақын-ақ тұр. Басқа жақтардың бастауының қалай екенін біліп кірмекпін... Сағат төрттен бірнеше минут асып барады. Жақыннан хабар, алыстан сарын жоқ. Күтудемін. Бір кезде жырақтағы пулемет - «бытбылдақ» деп екі сөзге «тілі» келмей қақала қалды. Ақтарсам дәл Бородиноның тұсы... Екінші жақтан тағы бір пулемет шаңқ ете қалып, лезде үні өшті... «Немістің күзетшілерінің шүйдесінен шоқита соғып, үндерін өшіріп жатқан біздің жігіттер болды», - деп ойланып тұрғанымда, алдымдағы Трошководан тұншыға күмпілдеген жер астынан шыққандай еміс-еміс атыстар естіле бастады. Аяз үнді жаңғырта ала қашады. Естігенім, далада атылған үнге ұқсамайды. Булыға, тұншыға, қарлыға шыққан дауыстай естіледі. Алыстап шыққан дыбыс, сарындар мені үш қыстақпен «тілдестіріп, ақпар алып келіп берді». Еңсем көтеріліп, сәт сағат болған деген тілекпен Трошковоға қарай тарттым... Бір көшеден өте бергенімде құлақшыны ербиген бір солдат алдымды кесе жүгіріп өте шықты. Meн оның соңынан өкшелей басып, ол енген үйдің табалдырығынан аттай бергенімде тарс ете қалды бір атыс. Қарасам мамық төсек алдында іш киімшең мұрны сорайып бір сап-сары неміс сілейіп жатыр. Автоматын серт ұстаған құлағы қалқиған бір қара домалақ жігіт маған үн қатпай: «көріп тұрсың ғой, істегенімді» дегендей бір қарап, шұғыл бұрылып шығып кетті. Мен үй ішіндегілерге назар салдым. Үлкен май шам қалқанның көлеңкесін үй жоғары түсіріп, үйдің ішін күндізгідей жап-жарық етіп жанып тұр. Кестелі ақ дастарқанмен жабылған столдың үстінде түрлі тамақтар мен мойны сорайған шыныларда ішілмей қалған арақ-шараптың сарқыттары (шамада бұл үйдегілер бүгін түн жарымына дейін серуендесіп отырысқан), қабырғада кілем, құрулы түскиіздің астында жап-жалтыр, ақ мамық төсек. Сол төсектің алдында әлгі өгіздей неміс абыройы ашылған күйде жан тәсілім етіп, тырайып жатыр. Оның тақау басында аға офицердің әшекейленген киімі орындық арқасында ілулі тур. Төсек үстінде патсайы көрпесі кіндігіне дейін сырылып, құс жастыққа шынтақтай тіреліп қалып, жирен шашы аппақ денесіне жайылған, үрейі ұшқан сары әйел шарасынан шығып бара жатқан тұздай көк көзімен қадала қаран жантая жатыр. Көзіме шашы жайылған албастының қызындай көрінді. Ызалана, ренжіп, жиренгендей болдым... Бұлардың кешкі серуеннен кейін, анық төсек қызығына батып жатқандарында, әлгі үн қатпай, шұғыл бұрылып шығып кеткен жігіт кенеттен кіріп келіп, мына сайқалдың ашынасын үстінен атып түсіргені ап-анық көрініп тур. Ренжіп, жиренген сезімді соның ізі тудырған болу керек. Бейбақ әйел, өмірінде кездеспеген екі қара торы адамды көріп, үрке шошынып, не түсі, не өңі екеніне сенбей, әлі қорқыныш шеңберінде жатқан түрі бар. Аяғандай, қызғанғандай тағы бір сезім пайда болды. Бейбақтың көзі шарасынан шығып, үн жоқ жаңағы қалпында тас болып қалғандай. Маған «қорқыныштың көзі шарадай» деген осы екен ғой деген ой келді. Қасына жақындап барып, қолымды көтере бергенімде, әйел шалқалаған күйі, оқпен атқандай сылқ етті. Ашылып жатқан көрпенің шетін көтеріп, басына бүркей салдым да: «ал енді көрген түсіңді жорып жата бергін» деп үйден шығып кеттім... Ал енді ол түсін жорып жата берсін, қырсық жауға олжа болған опасыз бір әйел шығар... Көшені аралап келемін. Айнала баяғы тұншыға атылған күмпілдер. Шошып оянған немістер қарсыласуға шамалары келмей, әрқайсысы бар қамын ойлап, шортандай шоршып, орнынан тұрып кез келген қуыстарға тығыла бастаған кез. Біздің жігіттер тіміскілей тінтіп, тауып алып, жатқан жерлерінен сүйрей шығарып алып, жаудың сазайын тартқызып жатқан ұрыстың үстінен шығып келемін. Өшіккен тиіс, аяқ асты қырғын, дұшпанға топалаңдай тиген өр көкірек соғыстың заңы. Болар іс болып жатыр, әр жауынгердің өз тізгіні өзінде, өзіне-өзі би, өз төрелігі өзінде. Жекпе-жек, бетпе-бет жағаласқан соғыста оларға ешкімнің жарлығы жүрмейді. Жағаласқан жақын соғыстың заңы солай. Оған сырттан қол сұғуға болмайды. Трошково алынды. Таң бозарып атып келеді. Тұс-тұсқа құлақ түріп аңдасам, көрші қыстақтарда әлі ұрыс тыйылмай, күмпілдеген атыс үндерінің сарыны шығып жатыр. Қыстақтың шетіне шығып Бородиноға жақын бір төмпештеу қопаға көзім түсті. Басқа жақтағы жағдайды болжамақ үшін сол төбенің басына шықтым. Айналаны азанғы сәуленің жарығы арқылы дүрбімен түгел көріп, көзбен шолып тұрмын. Әр қыстақта құлақшындарын ербеңдетіп жүрген біздің жігіттердің топтары көрінеді. Оларды көріп істің ойдағыдай шыққанына сенер-сенбесімді білмей біраз қобалжығандай, қуанғандай болып тұрғанымда, ор қыстақтан маған қарай біріндеп-екіндеп адам шыға бастады. Алыстан келе жатқандардың барлығын да танып тұрмын. Қарға малтығып, омбылай жақындап келеді. Мен оларды күтіп тұрмын. Түн жарымында өлімге аттандырған түн бойы олардың өлі-тірісінен еш хабарым жоқ, майдандағы жан жолдастарымның ажал арасынан аман шығып келе жатқанын көріп, олар жақындаған сайын тамағымды бір түйін булықтырып, тұншықтырып барады. Көремін бе, көрмеймін бе деген жолдастарыңды соғыстан кейінгі аман-есен көрген қуанышыңнан артық қуаныш дүниеде болмас. Міне, Мадияр арсалаңдап келіп, қол алысып бірдеңе деп тұр. Мамонов, Гундилович, Трофимовтар да келіп қалды... Кешегі ой, түндегі қиял алда сағымдалған арман еді. Соғыстың көбінде іс нәтижесі ойдағыдай бола бермейді. Тап осы жолы ойдың, қиялдың, бұйрықтың сәті келгендей бұлжытпай орындалуы таң қаларлық нәрсе. Сенер-сенбесімді білмей, айналаға тағы көз жіберіп қараймын. Арнадай жосылып жатқан алты жол. Қарауытып оларды бөгеп жатқан алты қыстақ. Қалбалақтап жүгіріп жүрген біздің жауынгерлер, қасымдағы тұрған топ бастығы командирлер сенуге дәлел екеніне көзім жетіп, орнымнан тұра сала бір тостаған суық айранды аш қарынға сіміргендей - суық таза ауаны көкірегімді кере жұттым. Россияның аязды қатты қысы, қалың қарға көмілген түрі бұдан бұрын көзіме мұндай ыстық, мұндай шырайлы көрінген емес еді. Ауасы сары қымыздай сіңімді, жұтқан сайын денеңді қыздыра балқытқандай командирлердің баяндамаларын бастан-аяқ тыңдап болып, оларға достық, үзеңгі жолдастық ретінде ризалығымды білдіріп, қолдарын алып рахмет айттым. Топтарына барғанда жандарын аямай, жеңу мақсатына күштерін салып жеткен ел азаматтары солдаттарға көптен-көп рахмет айтуларын тапсырдым. Батальонның комиссары Трофимов баяндамасының аяғында кінәлі түрде төмен қарап тұрып, кеше менің бұйрығыма наразы болып, оның іс жүзіне асуына зор күмәнді болғанын мойындап:

- Өте сәті түскен іс болды, - деп барлық табыстың абыройын менің басыма қопара салып сөйледі. Мен қасымдағы Мадиярға қарап, жолдарды арнадай бөгеп ор қазып жатқан топтарға қарай қол сілтеп:

- Мен істеді дегенше Мың істеді десеңші, Мың істеді дегенше Ер істеді десеңші. Ер істеді дегенше Ел істеді десеңші. Мен мендікі болмасам, Ер елдікі болмаса Кім істеді дер едің? - дегенімде, Мадияр жымың етіп күліп, Трофимовқа айтқанымның мазмұнын орысша аударып түсіндірді.

- Ия, ел азаматтарының ісі - ер ағасына әр уақытта да абырой, атақ нұрындай жауған, - деді Трофимов.

ОРАЛА СОҚҚАН ЖАУ ЖАМАН

Алған жердің бәрін аралап шыққаннан кейін мен генералға ақпар жаздым: «Жолдас генерал! Менің қоластымдағы полк түнгі сағат төртте дұшпанға шабуыл жасап, азанғы сағат сегізде жалғыз Трошково емес, осындағы алты жолдың түйіні айқасқан алты қыстақты түгелінен алды. Ордалы жау оңдап басылғандай. Дұшпанның шығыны, біздің шығын әлі анықталған жоқ. Бұйым қару-құралдардан мол олжалы көрінеміз. Анық-қанығын кейін толығынан мәлімдермін. Солдаттар, командирлер бұйрықты ойдағыдай орындады. Полк жолдарды қомдай ерттеп, бекінуге кірісті. Дұшпан бүгін қарсы шабуыл жасауы мүмкін. Қазірше, соған даярланудамыз. Сіздің бұдан былайғы бұйрығыңызды күтемін», - деп жазып, бір парақ қағазды офицер арқылы генералға аттандырдым. Қағазға қол қоярдың алдында оқып шығып, комиссарым Мадияр маған үрейлене қарап:

- «Дұшпан бүгін қарсы шабуыл жасауы мүмкін», - деп қайталап оқыды, - сен кімді бопсалап отырсың? - деді маған.

- Алдымен өзімді, сені бопсалап отырмын. Генералдың бізге берер жәрдемі жоқ. Оған, бірақ, болашақ есіңде болсын деп жазып отырмын... Мадияр біраз тоқталып, ойлап тұрып ақпарға қол қойды. Одан кейін жұлып алғандай менің жеңімді тартып:

- Жаңа ғана түсіндім, - деді ол, - бүгін қарсы шабуыл күмәнсіз болады. Мына алған алты жол бүйірімізге алты найзадай болып қадалмаса игі еді... - Ия, сыйынар күш артта, алыста. Қазірінше бар күшпен бекіну керек. Бекіну, бекіну! Алғанды берік ұстау біздің ендігі мұраттардың ең зоры!

- Артымызда С Чжолово. Одан қауіп басқа жаққа қарағанда аз көрінбейді, жолдас командир, - деді қасындағы Мамонов.

- Айнала қорғанып бекіну керек, - деді оған Мадияр. - Жолдас комиссар-ау, - деді ол оған, - азғана күшті, кішкене шағын көрпедей не аяққа, не басқа тартуға болмайды... - Резинкадай созып, аяқ-басқа жеткізу керек болды, жолдас Мамонов, басқа жақтан медет жоқ көрінеді ғой, - деді Мадияр.

- Сорая созылудың керегі аз болар, Мадияр, - дедім мен, - топтана мықтану керек, дұшпан алты жақтан бірдей соға қоймас, кезек соғар. Әсіресе қауіпті жақ қайдан екенін алдымен белгілеп алайық.

- Алты қанатымыздан қауіпсіз жақты мен көріп отырғаным жоқ, - деді ол, - барлығы да қауіпті, өте қатерлі, осы бес-алты күннен бергі қырғын соғыстың кілті осы жерде екеніне көзіміз жеткендей болып отыр. Дұшпан «жақсы келіпсіздер» деп бізге рахмет айта қоймас. Ол қайтарып алуға бар күшін әр жақтан салар.

- Ол анық, жолдас комиссар, ол даусыз, күмәнсіз, - деп қоштады Мамонов. - Оған көзім жетеді. Қауіптің бәрі алда. Тойдың әкесі болашақта жатыр,- деп Мадияр күрсініп маған қарады.

- Бізге қай жақтан келсе де жау танктері қауіпті. Оның ойранын түсіріп қарсы алатын біздің артиллерия артта, жуырда жете алмайды, - дедім мен оған.

- Ия, қауіп-қатердің барлығы сонда деп ойлаймын мен, - деді ол.

- Мына азанғы қуаныш - ерте қуаныш, бізді мезгілінен бұрын мәз қылған қуаныш болып жүрмесе игі еді.

- Не болса да, жолдас комиссар, аларымызды алдық, - деді отан Мамонов, - бүгін оң жағымыздан тұрған болармыз, алдағыны тағы көре жатармыз, несін уайымдаймыз.

- Уайым командирдің ойының кең саласының бірі, - дей бергенімде, Мадияр:

- Соғыста уайым ой түбіне жеткізеді, - деп менің сөзімді бөліп, маған таты қарап, - сөзің аузыңда, айыпқа бұйыра көрмегін, - деді әдеппен, - неше күннен бері ұйықтамай, аяз сорған өне бойы жорық пен соғыстан шаршап, шалдыққан жігіттер тың жатқан жаудың мол күшіне кездессе қалай шыдар екен...

- Ия, жолдас комиссар, халіңіз өте қауіпті, - деді оған Мамонов, - күш әкесін танымайды дегендей, тың күш тыңдығын, әрине, істейді.

- Ал, енді уайымды соға бермеңдер, - дедім мен екеуіне, - аларымызды алдық. Уайымдай берсең қиямет-қайым тез орнайды. Жүріңдер, жерді аралап көрейік. Жер жағдайын аралап жүріп, байқайық. Ол ойымызға ой қосар, - деп бастап жүріп кеттім. Алған жерді аралап жүріп келеміз. Солдаттар қалың қарды қопара көтеріп ор қазып жатыр. Жерді аралау командирдің бір тоқтамға келуіне үлкен себептің бірі. Жер жағдайы оның ойына ой қосып, көп күдікті мәселелерді баяндайды. Киім пішкендей көлденең, ұзынын көрсетіп, жағдайды екшетеді. Жер жағдайына қарап тұрып командир ойша соғысады, жеңіледі, жеңеді, қашады, қуады - сахна, оны көріп тұрып командир ойша репетиция жасайды. Аралап жүріп келеміз. Жер жағдайына қарап: «мына жаққа әзір болыңдар», «мына жолды мықтап ұстайтын болыңдар», «ана жолды қиғаштап ататын болыңдар» деген сияқты нұсқауларды жолшыбай топ басшыларына айтып өтіп барамыз. Кей жерде кідіріп, тоқтап, олардың ой-пікірлерін тыңдап солдаттармен үш-төрт ауыз сөз қатысып келеміз. Солдаттар бала мінезді келеді. Соғыстың қиындау жағдайында жүрген адамға жылы көзқарас, «жақсы сөз, жарым ырыстан артық». Командир жақындап келе жатқанда ол алдымен тұрпайына қарап, қабағына көз салып, ізет тұтып тұрады. Ақ ниетімен жанын аямай атқарған жауынгерлік қызметіне әділетті баға алғысы келеді. Ол мақтанады, қуанады, кейде қайғырып, қамығады, қабырғасы қайысып, қиналады. Солдат ер көңілді болады. Ол қатты айтылған әділетті тура сөзге шамданбайды, көңіліне алып, кек сақтамайды, жөнге жығылады. Соғыстың ең ауыртпалығы солдаттың мойнында. Солдатқа тағдырдың артқан жүгі өте ауыр . Ол ылғи от пен судың ішінде, қызара жарқылдаған найзағайдың астында. Ол жағдайды сезеді. «Баратын да, істейтін де мен ғой. Жөндеп жұмсасаңшы» дегенді жауынгерлердің көзіне көзім түскенде талай сезгенмін. Жауынгердің өз тағдырын командирге сеніп тапсыру нарға артқан ауыр жүкпен тең.

- Ерліктеріңе, қызметтеріңе рахмет, азаматтар, - деп жолшыбай солдаттарға алғыс айтып келеміз. Бірақ та арамызда бұрынғыдай дәнекер, берік байланыс жоқ, оны мен де, солдаттар да сезеді, сеземіз. Бір-бірімізге сыр бермеуге тырысамыз. Кейбіреулер маған таңдана состия қарайды. Кейбіреулері езуін жиып күлімсірегендей болады. Оларға мен де емірене өзеурегендей, түсімді жылыта қарағым келеді. Бірақ та түсім жыли қоймағанын басқалардың көзінен көріп сеземін. Әйтеуір бір-бірімізді арбаумен шаршап-шалдыққан сезім арамызға айғақ болады да тұрады. Оны білеміз, сеземіз. «Менің көргенімді сен көрсең» дейді маған әдепті сүзілген солдаттың көзі. «Менің қабырғамды қайыстырған ой сенің басыңа түссе...» деп қараймын мен оларға. Оларда үн жоқ. Мен де үндемеймін. Содан кейін екінші топқа қарай жүріп кетеміз.«Дұшпанның кешікпей-ақ қарсы шабуыл жасауы мүмкін. Оны тұс-тұстан күтуге болады. Қолымыздағы жолдардың барлығының қыстақтарға кіре берістері қолдан шығарылмайтын болып тезден бекітілсін. Барлық командирлер мен саяси нұсқаушылар топ ішінде, басы-қасында өздері бірге болып қарсы шабуылды тойтару жөнін ойлап басқаруларын міндеттеймін. Шегінуге жол жоқ. Жауынгерлерге жағдайдың анығы айтылып түсіндірілсін. Әр топтың сенгені өз күші ғана. Басқа жақтан жәрдемге ешкім дәмеленбесін», - деп бұйрық жазып, оның бір көшірмесін генералға жолдадым...

- Мадияр, мына ауылдың, - дей бергенімде:

-Бала-шаға, қатын-қалаштарын ба?-деді ол.

-Ие, соларды қайтеміз, алдағы соғыста. Қайда тығып, қайда орналастырамыз? - деп маған сұрақ берді. - Оқ борандай бұрқаса олар бекерден бекер оққа ұшады ғой. Мадияр тағы да қинала түнере тұрып, бір нәрсені ойлап тапқандай, қуанған түрде, - үйлерінің астында подвал, жертөлелер бар, соған орналасып соғыс басталғанда тығылып, аяғына дейін шықпаңдар деп елге жария салу керек. Жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, - деп өзін өзі мақұлдап, далаға шығып кетті. Кекті жау орала соқса, артқы күшіміз жетпестен бұрын соқса, мына даңғыл, кең алты жолмен аңдатып танктерін жұмсаса қауіптің әлі алда тұрғанын елемей, немене! Қатер де, қорқыныш та алда. Қуаныш осы екі белдің аржағында жатыр. Мұзды өткел, шеңгелді жол, құз қиялы асулар жатыр. Біздің жігіттер соны сезіп, соған түсініп, «қарман, қарман да қамдан» дегендей қызу қимылда. Қыстақтар шетінде, жолдар бойындағы қалың қарды күректермен бората, аударып, төңкеріп қопарып, адам бойы ор қазып жатыр. Командирлердің қабақтары түюлі, көздері жауды күткен жақта. Жаудан әлі хабар жоқ. Күте-күте екі көзіміз төрт болғандай болды. Батыстан буырқанып ірі жыртылған сұйық тұман арғы белден асып, біз жаққа қарай жылжып келеді. Жігіттер кешелі-берлі нәр татпаған еді. Орларын қазып болған соң, ор түбіне отыра қалып тоңазыған жол азықтарын мұздай опырып, қанттай қаршылдатып шайнап, қорек етіп жатыр. Мен ор ішінде келемін. Ор түбінде тамақтанып отырған үш-төрт солдатқа жақындай бергенімде, біреуі орнынан ұшып тұрып, жанында отырғанды желкесінен түйгіштей бастады. Жолдасы қатқан нанның бір үзімін қомағайлана жұтқанда, ол тамағынан ия әрі, ия бері өтпей тұрып қалыпты. Әлгі жігіт көзі бозарып түйілген жолдасын шүйделеп «тұс-тұстан» соғып тұр екен. Екі көзінен жасы ағып:

- Ал, болды, әрі кетті, - деп қолымен түйгіштеп қорғана бергенде мен де қастарына келдім.

- Абайлап жесең болмайтын ба еді!

- Мейлі, не қылады дейсіз, ішке кетті ғой, өзі де асқазанға барып ери бастаған болар, - деп көз жасын жеңімен сүрте беріп күлді. Бәріміз де күлдік.

КОМИССАР ГУСЕВ

Дуалға сүйене беріп. қалғып кетсем керек. Күтпеген жерден оқ зу-зу ете қалды. Қапылыста не болып қалды дегендей әркім өз орындарына жүгірісіп кетті. Мен орталықтағы бір сарайдың панасында тұрмын. Қарасам, тұманның ішінен қаптай шығып келе жатқан ақ киімді дұшпанның лектері жүре атып, оқ жаудырып келеді. Қалың оқ зуылдай жауып, бас көтертер емес. Біздің жақтан ешқандай қару-жарақ дыбыс қатпайды. Бұларға не болып қалды! Андап келе жатқан жаудың легін неге атпайды! Немістердің біреуі де жығылмай-сүрінбей қаптап келеді. Өздері тіпті жақын келіп қалды... Біз жақтан әлі үн жоқ. Жау бас көтертпей атып келеді... Мен ызаланып абыржып тұрмын. Бұрқақтана қорғасын бүркіп келеді. Қол астымда төтеннен жұмсауға резервім жоқ. Командирлер қайда? Біздің жауынгерлер бас көтермейді, әлде неміс арбап келе ме? Азаннан бері қарды қопарып өзімізге көр қазып па едік деп тұрғанымда «ура» деп біреу жаныма құлай кетті. Қарасам, аласа бойлы, бет-аузын түк басқан, орта жасқа келген кісі, қолын көкірегіне қусыра қулап жатыр. Біздің дивизиямызға жақында, саяси бөлімнің бастығына орынбасар болып тағайындалған батальон комиссары Гусевті таныдым. Бұл қайдан келіп қалды. Оның аузы-мұрнынан қызарып қан көрінді. «Е, байғұстың аузынан тиген екен ғой» деп басын сүйей бергенімде ол қинала ыңырсып:

-Мені қойғын, қалқам, соғысты басқар, - деді. Қайдан келіп қалғанын қайдам, жалт қарасам қасымдағының біреуі Мәлік.

- Ойбай, Мәлік, аналарға тез жүгір. Қырылып қалмаса бастарын көтерсін. Келіп қалды ғой, - деп сөзімді аяқтағанша Мәлік автоматын серт ұстап, бұғып жатқан роталарға қарай тұра жөнелді. Жау басынып, айбынды келеді. Қаптап, жақындап келіп қалды... Ал, кешеден бергінің барлығы зая кетті деген осы деп жүрегім сұлқ түсе бергенде оң жақтағы бір шоқыдан 5-6 автоматшылар жер астынан шыққандай, автоматтарын безілдете жүре атқылап келіп қалған неміс тобының ту сыртын ала ұрандап айқайлай тиісті. Бүйірден соғу қандай жаман: жау легінің сол қанаты жапырыла қулай бастады. «Айналып кетейіндер...» деуге тілім келгенше жаудың оң бүйірінен Мәлік бастаған жиырма шақты адамдар атқылай қарсы шапты. Мен алға бақтым, жау алдындағы окоптардан да дүркін атыстар басталды. Ентелеп, басымсынып келе жатқан жаудың солдаттарының шат шәлекейі шығып, кейбіреулері қалбалақтап оқ тиіп, мұрттай ұшып жатыр. Құлаққа ұрған танадай неміс топтары үш құйынның арасында әрі-бері шалқақтап, тірі қалғандары үріккен қойдай дүркіреп кейін шегіне қашты.

- Аман құтылғандары аз, - деп қуана, Гусевтің басын сүйей жоғары көтердім.

- Дұрыс, - деп ол әлсіреп көзін ашады.

- Халіңіз қалай, қай жеріңізден тиді? Жауап қата алмай Гусев көзі бозарып, қабағын жабады. Иығынан дем алып есінен танып жатыр. Мен жалма-жан оның омырауын ашып қарадым. Көкірегінде Россия Құрамасының депутаттық белгісі бар. Қолымды омырауына сұғып, арқасын сипағанында жонынан аққан жылы қанды сездім. Екі оқ оның өкпесін тесіп өткен екен. Санитарды шақырып алып, оның жарасын таңдырдық. Салқын ауа Гусевті қайтадан есіне келтірді. Синченко қалбалақтап айналып жарақаттының қасынан шықпайды. Жанындағы торсық-флягасының тығынын ашып, Гусевтің тірілгеніне қуанғандай.

- Мынадан бір-екі жұтыңызшы, жолдас комиссар, - деп Гусевтің аузына ұсынды. Ол екі жұтып барып қақалып, қолымен фляганы итеріп қағып демін ала алмай.

- Фу! Не деген удай нәрсе еді, - деді.

- Спирт, жолдас комиссар. Дәрігерлер дұрыс болады дейді...

- Дұрысын қайдам, ішімді өртеп барады.

- Мынаны асаңыз.

- Синченко қалтасынан алып, тоңған майды ұсынды...Гусевті тонға жылы орап, шанаға салып Мадияр екеуміз «жараның түбі қайырлы болсын, тез айығып кетіңізші» айтып қоштастық. Кетердің алдында ол бізге қарап:

- Менің екеуіңізге бір тілегім - жауынгерлер мен командирлерге ұрыспадыңыздар. Соғыста кім саспайды. Ғабдуллинді батырлыққа ұсынуға болады, - деп сөзі әлсіреп, зордан аяқтай беріп. - Әрине ол менің ойымша ғана, -деді.

- Ғабдуллинді батырлыққа... Кетіп бара жатқан шананың ізіне қарап тұрып Мадияр:

- Иә, батырлыққа, - деп маған қарап.

- Бала мінез, ер көңіл кішіпейіл біздің Мәлік тірі ме екен? - деп үрейлене сұрады.

- Соғыс жаңа ғана саябырсыды ғой, адам жіберіп білейік, - дей бергенімде, бір көшенің арғы шетінен шаршаған бейнелі, екі қолы салбырап, жай қадам басып келе жатқан Мәлікті көрдік.

- Ой, сен тірі жүрмісің! - деппін қуана сасқанымнан. Мәлік жымия, езу тартып:

- Қайдам, соған өзім де түсінбей келемін, - деді.

- Ерлік көрсеттің... - деп қасымдағылар барлығы Мәлікті қуана қоршап ортасына алды. Аспандағы сұр бұлттан күн көзі көрініп, ол да бізге қуаныш қосқандай жымыңдап жарқырап тұр. Жау жағадан алып, қысылтаяң туып, ер сасқанда қиядан ұшып қырғидай тиген алтау кімдер екен? Оларды бастаған қандай ер? Ол кім?

- Анау жақтан шыққан алтаулар кімдер еді? - деп Мәліктен сұрадым.

- Біздің ротаның жігіттері болар, - деп ол күмілжіп жауап берді.

- Шын анық-қанығын білу керек! Олар тірі ме екен? Мәлік бір нәрсе айтайын дей бергенде сол жақтан зуылдап тағы оқ жауды. Жау басқа бүйірден жаңа шабуылын бастады. Барлығымыз орын-орнымызға тұра жүгірдік... Күн бойы шабуылдың артынан шабуыл. Біресе оңынан, біресе солдан, кезек-кезек әр әдіске салып, әр тұстан соғыс, бізге дұшпан өшіге тиіп, бар күшін салуда болды. Біздің жігіттер де тайталаса арпалысып, орнынан қозғалар емес. Дұшпанның шабуыл толқыны үсті-үстіне шығынға ұшырап, тойтарылуда...

ТӨЛЕГЕН ТОҚТАРОВ

Тағы бір шабуыл тойтарылып аяқтала бергенде генерал келді. Қаймыға шегініп бара жатқан дұшпанды көріп, аттан түсе беріп:

- Не қып тұрсыздар, аналарды өкшелей қумастан, - деп маған зеки бастады.

-Жолдас генерал, бізге бекінген орыннан қозғалу өте қауіпті, - дей бергенімде генерал санын бір ұрып күрсініп, тұрған жеріне отыра кетті. Әбден құсаланды білем, ашулы көзімен маған бір қарап, орнынан тұрып, бұрылмастан алға қарай жүріп кетті. Мен тұрған орнымнан қозғалмай қала бердім. Генералдың соңынан ере жөнелді Мамонов. Мамонов генералға бастан-аяқ істелген істерімізді көрсетіп бір сағаттан кейін қайта ілесіп келді. Генералдың түндегі ызғары сынған, бұрынғысынан көңілді. Кінәлі түрде жақындап келіп маған:

- Қарағым, қарт жаман ағаңды айыпқа бұйырмағын. Сәл, қызбалығым билеп кетіпті... Бірақ та барлық жағдайдың анық-қанығына жету өте қажет болды,- деп басқа сөз қатпай аттанып жүріп кетті. Біз барлығымыз генерал қасындағыларымен бірге орманға енгенше, соңынан қарап тұрдық.

- Ер көңілді, жігіт ағасы екен біздің генерал. Бұрын кім білсін, - деді Трофимов.

- Ия, кішіден кішірейіп, кешірім сұрағаны, адамгершіліктің ең үлкен дәрежесі, - деді Мұхамедияров.

- Қалай, жол-жөнекей генерал менің сілемді қатып па боқтаған болар, ә? - деп сұрадым Мамоновтан. Ол жымиып күліп:

-Жоқ, ең алғаш аздап кейіді. Соңынан аралап көріп жұмсарды. «Тағы не көрсетесіз?» деді маған. Мен оны тағы немістердің көбірек жатқан шетіне алып бардым. «Жоқ, шырағым, бұларды мен көргемін» - деп менің айыбымды ашқан соң: «Енді сізге көрсетерлік ешнәрсе жоқ», - дедім. Барлығымыз Мамоновтың генералды алдаймын деп алдай алмағанына қарқ-қарқ күліп тұрғанымызда бір солдат келіп маған қағаз ұсынды.

- Саяси жетекші Мәлік Ғабдуллин жіберіп еді, - деді ол. Дәптерден жыртып алынған бір жапырақ қағазға Мәлік қазақша «Батырлар тобын бастаған батыр Төлеген Тоқтаров екен...» деп жазыпты... Кеше біз күн бата рекогносцировка жүргізген орманның шетінен бір топ адам көрінді.

- Miнe, Клименко да келіп қалды! - деді Мамонов.

- Батальонды орманға қалдырып, өзі маған келсін, - деп бұйырдым мен оған.

- Синченко! - деп айқайлады Мамонов менің атқосшыма.

- Бауырым, шауып барып Клименконың алдынан шық, оған командирдің бұйрығын жеткіз. Батальонын орманда қалдырып, өзі жылдам мұнда жетсін. - Түсінікті жолдас, капитан.

- Ал, шап...

Николай Синченко штаб начальнигінің бұйрығы бойынша Клименко келе жатқан жаққа құйындата шаба жөнелді. Кір-кір маска - халат киген, шаңғы мінген капитан Клименко алып-ұшып жетті. Бұл сұңғақ бойлы, әсем мүсінді, сұлуша украин жігіті болатын, үшінші батальонның командирі еді. Ол асыға, аптыға баяндай бастады.

- Жолдас капитан, менің қарамағымдағы батальон сіз берген тапсырманы орындап, сіздің қарамағыңызға кайтып келді.

- Сіз аздап бөгелдіңіз, жолдас капитан, - дедім мен оны кінәлағандай.

- Айыптымын, жолдас капитан, - деді Клименко тікесінен тік тұрып.

- Бөгелдік. Шынымды айтсам, мен сізге жетуге асығып-ақ бақтым, жолдас капитан. Әйткенмен, амал қанша, айыптымын.

- Артиллеристер қайда? - деп сұрадым мен.

- Жолдас капитан, артиллеристер қиын жағдайда қалды: аттар тартпады, байғұс жігіттер зеңбіректерді жабыла итереді. «Раз, два, шагом марш» - деп айқайлайды. Артиллеристер «шагом марш» деген кезде, аттар екі-үш қадам ілгері жылжиды да, діңкесі құрып қайта тұрады. Мен оларға көмектеспекші болдым... Әуреленіп жарты километрдей жер жылжыдық. Зеңбіректерді адамдар арқалап жүргендей болды. Дивизионның командирі маған: «Қайтейік, біз керекпіз, бізден гөрі сен керегірексің. Кәне, капитан, шаңғымен полк командиріне тарт» деді. Мен Клименкоға бұйрық бердім. Белгі сигнал жөнінде, жағдайдың өзгеруіне қарай оның батальоны қайда орналасатыны туралы келістік.

- Клименко, тек кешіктіре көрме, бәрін тәртіп бойынша адалдықпен істеңдер.

- Күмәнданбаңыз, жолдас капитан, мен де, менің адамдарым да сіздің айтқаныңызды екі етпейміз. Керек екен, демек, орындаймыз, - деді ол қоштасып тұрып.

***

Күндізгі сағат үш. Түс қайтқан мезгіл. Қысқы күн көлеңкені ұзартып барады. Жау біздің позицияны атқылай бастады. Алыстан ірі зеңбіректер бізге оқ жаудырды. Оғының көбі Бородиноның үстіне түсіп жатыр. Ысқыра зуылдап келіп, жаңғырта жарылып, түскен жерін аспанға қопара көтереді. Бірнеше үйдің күлі көкке ұшып, быт-шыты шығып өртене бастады. Қыстақты қара түтін будақтай қаптап, орап алды. Бұрынғы сирек атыс үсті-үстіне үдей бастады. Бородинодағы біздің адамдар айнала гүрсілдей жарылған снарядтан бас көтере алмай жатыр. Сабандай сабап, жүндей түтіп әлек-шәлегін шығарған қиямет-қайым. Тап сол қыстақта түнере соғып тұрғандай қап-қара құйын. Түйдек түтін созыла жайылып, селоны қаптап алды... Немістер осымен алтыншы рет қарсы шабуылға шықты. Барлық қарсы шабуылдардың ішіндегі ең бір жанталастысы осы болды. Бұл жолы жау бұрынғыдай бытырамастан, жиналып топтана, ашына алғырт соқты... Бірінің артынан бірі қаз-қатар тізілген үш топ қарға омбылай, анталай басып келеді. Немістер қаптап жақындап келе қалды. Алыстан атқан ірі зеңбіректер құлашын ұзарта сілтегендей Бородинодан оқтарын асыра ата бастады. Менің алды-артыма да түсіп жарылып жатыр. Зу-зу өтіп, кейбіреуінің жаңқасы ызыңдап төбемнен ұшып өтеді... Кенеттен біздің пулемет ұзара атыспен жау бетінен ала түсті. Оны қоштағандай окоптардан да, әp жақтан атыс даусы шыға бастады. Кейбіреулері оққа ұшып, дұшпан қатарларының ыдырап, сиректегені байқалады. Бірақ та артындағылар ентелей басып жығылғандардың орнын толтырып келеді. Біздің пулеметтің үні өшті. Немістер жүгіріп атой салып, қыстаққа анталай ене берген кезде Бородиноға жетіп қалған Клименконың батальоны жауға қарсы ұмтылды. Екі жақ араласып, анық жағалас, қоян-қолтық төбелеске кірісті. Бірін-бірі атып, қолға түскен нәрсемен төпелеп, жағаласа арпалысын, ұйқы-тұйқы болып жатыр. Біраздан соң атыс саябырлап, шу ұлғая бастады.

- Не боп қалды?!

- Екі жақтың да қорамсақтағы оқтары біткенге ұқсайды.

- Әне, қараңыз, найзамен шанышқыласып...

- Мылтықтың шүйдесімен шоқпардай соғып...

- Аналар жағаласа қулады, әне арпалысып жатыр... Оң жақтан жәрдемге жіберген топ Бородиноға жетіп қалды.

- Гундилович! Сол жақтан тез көмектес.

-Кетті, жолдас командир! - деп телефонмен жауап қайтарды.

- Өртті сөндіруге де адам жібер, - дей бергенімде бір жас жігіт тұтқын немістерді айдап алып келді. Мен таңдана қарадым. Сол кезде менің ойымды бұзып, жеңімен маңдайындағы терін сүртіп, түтіккен Мадияр:

- Алтыншы шабуыл да біткенге ұқсайды, - деп күрсініп, тұрған жеріне отыра кетті.

- Ей, сен қайдан жүрсің маналы бері?..

- Ананың ішінде болдым, - деп Бородиноға қарады, - әйтеуір келгендері қайтқан жоқ.

- Ентігіп түймелерін ағытып желпіне бастады. Сүмірейіп тұрған тұтқындарды Мамонов ертіп кетті.

- Ия, әлгі Мәліктің ротасындағы Төлеген Тоқтаров мына арпалыста ерлік өліммен қайтыс болды, - деді Мадияр ауыр күрсініп.

Роман Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар