«Москва үшін шайқас»: Орман шетінде

АСТАНА.ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихқа ие, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежесі бар ҚазАқпарат агентігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бүл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатігез бейнесі шынайы бейнеленген.

Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында коптеген роман, повесть қиса, дастарндар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.

***

ГЕНЕРАЛ ЧИСТЯКОВ

Жолдас командир! Генерал, - деді маған қасымдағы Синченко. Жалт қарасам, көшенің ортасында дивизиямыздың командирі генерал-майор Иван Михайлович Чистяков жаяу, жайбарақат келе жатқаны рас екен. Мен оған таңдана қарадым: ол кісі дәл осындай қызу соғыс үстінде келеді деген ой да жоқ еді. Орта бойлы, дембелше, тығыншықтай келген шымыр, қарулы, денелі генерал, басында жай түбітті құлақшын, үстінде қоңыр шинель, аяғында үлкен қалың ұлтанды шаруа етік. Жан-жағына қарап, асықпастан жүріп келеді. - Апыр-ай, мына кісі көшеде серуендеп келе ме? - деген дауысқа жалт қарасам полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров екен. Оған жауап қатпастан генералдың алдынан қарсы шығып:

- Жолдас генерал, менің қарамағымдағы полк... - дей бергенімде, генерал қолын созып:

- Сәлеметсіз бе? Ие, көріп келемін, - деп амандасып тұрып қабағын шытыңқырап. - Мына тым-тырақай тарсылдар біткеннен кейін басынан аяғына дейін баяндарсыз. Мен әзірше мына үйде күте турайын, - деп адъютантын ертіп жақындағы үйге қарай кетті. Біраздан кейін соғыс аяғы саябырсып жайғасқандай болған соң, мен генералға барып баяндай бастадым. Генерал тыңдап отырды. Мен ол кісіге бастан-аяқ көрген-білгенімді түгел айттым. Бізден болған шығындар туралы айтқанымда генерал қабағын шытып, қиналған түрде тыңдады. Мен генералмен бірінші рет кездесіп отырғаным жоқ. Бұрыннан ол кісі менің ұстаздарымның бірі еді. Мен соғыстан бұрын Қиыр-Шығыста генералдың қарамағында 2-3 жылдай қызметте болғанмын... Чистяков генерал Панфиловтан кейін біздің дивизияның төртінші командирі. Аз уақытта генерал дивизияда қадірлі командир болып, марқұм Панфиловтың орнын олқысыз басты. Марқұмның қалдырып кеткен жауынгерлік салт-сана, дәстүрлерін қадірлей көтеріп, мол тәжірибесін тапқырлықпен пайдаланып басшылық етті. Генерал ақ көңіл, ашық мінез, менмендігі жоқ, күйінсе де, сүйінсе де, ойдағысын кейде тіке айта салғанына қарай кейбір сырын білмегендерге ол дөрекілеу, қатал көрінетін. Бірақ шынында да, ол кісі адал ниет, зерек адам еді. Ой-шұқырсыз жер бола ма? Өне бойы жайбарақат өтетін күн қайдан болсын. Кейде генералдың ашуына тап болған кезіміз болды. Қандай ауыр жазаң болсадағы ол кісі кемітпей, кекетпей, қорламай ұрсатын. Істеген қатеңді, жаңылған жеріңді мойныңа қоя отырып, айыбыңды айта отырып ұрсатын. Терлеп-тепшіп, ұялып қызарғаныңды сезсе:

- Жарайды, ендігісін өзің ойланғын. Бұдан былай алды-артыңды ойлап істеуші болғын. Бұдан былай менің қытығыма тиюші болмағын, - деп сұқ қолын кезеп, зекіруін доғаратын. Айыптының қыр соңынан қалмай, орынсыз жерде килігіп, жығылған үстіне жұдырық жұмсауды командирдің бойына жараспайтын ұсақ, майда, қоқыс, саяздық мінез деп білетін. Майданда ағыңды ақ, қараңды қара дейтін әділ билік көп кездеседі. Мен генералдың алдында отырмын, бұл кісі әділ адамның бірі. Біраз үндемей отырып, ауыр күрсініп:

- Ия, шығынсыз соғыс болмайды, - деді маған қарап, - бірақ, орынды-орынсыз, демек екі түрлі.

- Шығындайық деп шығындағанымыз жоқ, жолдас генерал, - дедім мен, - ақылымыздың жетіп, осы жағдайда қолымыздан келгені осылай болды.

- Сіздің қатеңіз, жауды қоршап алудың орнына бір босағадан итермелеп, сырғытып шығарғандығыңыз, - деп біраз ойлап тағы да, - әсіресе, мына күшпен, мына қалың қарда қоршау оңай емес екенін мен білемін, мен сізді түсінемін, бірақ та будан былай қолдан келгенше жауды құтқармай, қоршауға барлық шараны қолдану керек. Ойланып, бүгінгі соғыстың нәтижесін қорытып, бұдан былай сабақ болсын деп айтып отырмын... Сөйтіп, жігіттер түңғыш соғыста болын, бір сынақтан өтті. Қобалжыған қорқыныш толғағы артта қалды. Енді алдымыздан жарылқағай... Арада бірнеше күндер соғыспен өтті. Мені генерал күтпеген жерден өзіне шақырды. Күңгірт бұлтты күн. Желе жортып келемін. Бара жатқан жерім - дұшпаннан өткен күні ғана азат етілген Васильево қыстағы. Оның алдында 3-4 шақырым жерде Соколово қыстағына бекінген жау сіресе қарсыласып, жанына жолатпай шайқасып жатқанына екі-үш күн болды. Көрші полктан келген арадағы офицер, «мүлдем мықты бекінісі, кірпік-шешендей үрпиіп алып, маңына жолатар емес» деп зар қағады. Васильево орманының алаңында, қарға белдеуіне дейін көмілген орыс қыстағы. Үйлерінің қар басқан төбелерінен, сорая көрінген мұржаларынан бұрқырап түтін шығып жатыр. Аттан түсіп үйге ендім. Шағындау келген бөлменің төріндегі стол үстіне генерал дастарқандай жайылған картаға шұқшия қарап, терең ойда отырғанының үстінен шықтым. Үйге енерін еніп, генералдың ойын бұзуға батпай, шығар-шықпасымды білмей тұрғанымда генерал өзіне өзі: «Қап! Мына иттің тікендей қадалып тұрғанын. Соқыр ішектей созылып тұрғанын» деп сөйлеп, мені әлі аңғармай ызаланғандай столды жұдырықтап бір соқты.

- Мен бұйрығыңыз бойынша келдім, жолдас генерал, - деп үн қаттым. Генерал сескенгендей басын жұлып алып:

- А, сіз бе едіңіз, уақтылы дұрыс келдіңіз, - деп орнынан тұрып амандасты да, маған орындық ұсынды. Осы үш-төрт күннің ішінде майдан жағдайы генералдың жүзіне мөрін басқандай көрінді маған. Қабағы ауыр түсіп, ұйықтамағандықтан көз жиегі қызарған. Түрі солғын, бозарып, жүдеп қалыпты. Бетіндегі майда әжімдері тереңдей түскен. Алдындағы картасын стол шетіне ысырып тастап:

- Гончаров, тамақ әкелдіріңіз, - деп адъютантына дауыстап, маған қарап, орындыққа сәл керіле беріп шалқайып күрсініп. - Алдымен тамақтанып алайық, - дегеніне, кешелі бері нәр татпағанмен, еріксіз басымды изеппін. Оныма генерал:

- Сіз де аш бөрінің біреуіне ұқсайсыз ғой, - деп қарқ-қарқ күлді де, - я халіміз нашар, капитан, - деп күлкісін тоқтатты.

- Мейлі, бұл шиеленген түйіннің де шешуін бірдеңе етіп табармыз. - «Қаға білсең киіз қазық та жерге кіреді» дейтін емес пе еді, жолдас генерал, - дедім мен.

- Дұрыс, «қалауын тапса қар жанады» деген де сөз бар. Қалауын таба алмай отырмын, - дей бергенінде, Гончаров ас алып кіріп келіп, менімен сәлемдесті. Генерал ас үстінде жалпы жағдайды әңгіме ретінде айта отырды. Мен тыңдап отырмын. Менің астан қол тартыңқырап қалғанымды көріп:

- Асты ала отырып тыңдаңыз, - деп тағы бір күрсініп6 жымия күліп, - осы соғыс басталғалы жайбарақат отырып тамақтанудан қалып кеттік. Не жеп, не ішкеніңді білмейсің. Әйтеуір алдағыны асағаның ғана есте, - деп бір асам етті ала беріп, картаға мойнын бура икемделіп, маған:

- Бері жақындап отырыңыз, - деді де, - білген адамға карта жердің айнасы, - деп бастады сөзін. - Жатқан нақыс. Жатқан көк жасыл, қоңыр бояулар. Көрмеген жерді карта арқылы танып, оның жол-жобасын, ой-шұқырын, орман-даласын картадан ғана көріп отырмыз...

- Я, жолдас генерал, «карта - білгенге сенімді жетекші» деген сөз бар ғой, дедім сөзін қоштап.

- Дұрыс. Ал енді қараңыз жақындап, көріп тұрсыз, мына бармақтың таңбасындай қара белгі Демянск деген қала. Мына сиырдың тіліне ұқсап созылып жатқан жасыл қаламмен жиектеле сызылған сызық жау астындағы жер, яғни дұшпанның армиясы. Біздің келген жеріміз мына, осы сүйірдің сол түбі, мына тұрған қала Торопец - сүйірдің оң бүйірі. Осы екі бүйректен екі жақтай соғып, осы Н. армиясын қоршау - біздің жоғарғы командованиенің ой-пікірі. Ниет - көмейден екі жақтап алқымдай қысып, дұшпанның армиясын қамауда қалдыру. Жалпы жағдай осылай. Мұны мен сіздің есіңізде болсын деп айтып отырмын. Екі ортада түйісетін жері мына тұрған Холм қаласы, - деп картадағы қара қоңыздай тарбиған бір белгіні сұқ қолымен көрсетті. Картаға үңіле қарап мен сирек жасыл жиекті баса сызылған Ловать деген жазуды оқыдым. Е, баяғыда мектепте оқып жүргенде аталатын Ловать дария-өзені осы екен ғой деген ой маған сап ете түсті. География сабағында кездескен Ловать өзенінің бойына соғысқа келемін деген кімнің ойында бар еді бұрын... Генерал біраз ойланып отырып:

- Алдымызда әлі көп қиыншылықтар бар, - деді. - Холмға жеткенше, кемінде 150 километр жер жатыр. Ол жер бос жер емес. Мына жыбырлап шашылып картаның бетіндегі секпілге ұқсап жатқан 80-90 қыстақтардың барлығы дұшпан қолында, бізге олардың елін дұшпанның шеңгелінен азат етіп, жерін босатып алу міндеттеліп отыр, - деп тағы да тоқтаңқырап, ойлап, - ия, алдымызда қалың орман... қалың қар... қатты аяз. Ия, дұшпан осал емес, мықты жау. Құр бопсалауға ол көне қоймас... Ол үйде, сіз бен біз даладамыз. Біздің солдаттар үй панасын көрмегелі айдан асып барады. Жылы орыннан ол оңайлықпен қозғала қоймас. Генерал сол жағдайды қинала айтып отырып:

- Кім біліпті, адамзат мұндай шыдамды болады екен той. Кешегі қылшылдаған аязда бүкіл дивизияны үсітіп, қырып аламыз ба деп қорқып едім, - деді өзіне өзі.

- Шыдадық қой, жолдас генерал, - дедім мен оған, - мұз төсеніп, қар жамылу біздің жорықтағы сыбағамыз емес пе?

- Ал солдаттар қалай?

- Несін сұрайсыз? Қалай болушы еді. Дедектеп жүгіріп жүр. Қазірше аязға жеңдірер емес. Менің байқауымша еңсесі түсіп, көңілі жабырқай қоймас, біраз ысылып қалды ғой...

- Рас па? - деп ол кісі менің сөзімді қуана бөлді. - Ай, азаматтар, азаматтар... Ия, шыдамасқа амал қанша, ел апатқа ұшырап, ер басына күн туса, - деп күрсініп. - Аһ! Соғыс, соғыс! Майдан, қырғын арпалыс, қылшылдаған аяз, қасарысқан дұшпан, кімді толғантып, кімді өмірдің ой-қырына шығармайды... Міне, тар жағдай, қысылтаяң шикіні пісіріп, босты ширатады деген осы болады... Дастарқан жиналды. Генерал біраз үндемей отырып, ойдың бір қырынан асып, бір тоқтамға келгендей орнынан қозғалып икемделе беріп:

- Ал енді сізді шақырғанымды айтайын, - деп менің картамды алып, алдына жайып, біраз қарап отырып, «қалай айтсам екен» дегендей күмілжіп, желкесін қасып, -солай, солай, жолдас капитан... Солдаттарымыз шыдамды шықты дедіңіз бе? - деп менен тағы сұрады. Meн таңданып:

- Ия, жолдас генерал...

- Ия, солай екен, солай екен. Немісті аязға шығарып, безектете қуу оңай екен.

- Жоқ, жолдас генерал. Әлде мені кекетіп айтып отырсыз ба? - деп шамдандым.

- Жоқ, сізді емес, өзімді өзім кекетіп айтып отырмын. Біздің хал, біздің жағдай кім болса соның басына түсе беретін «бақыт» емес, - деді маған бұрыла қарап. - Ойлап қараңыз, ал бір қыстақты алу үшін елулеп, жүздеп шығынға ұшырай берсек, Холмға барғанша неміз қалмақ? Құр қол барған бізге «жақсы келіпсіздер!» деп Холмның дарбазасын кім ашады дейсіз? Алдағы азат етеміз деген қыстақтарға бет алдынан тіке шапсақ, әрине, мол шығынға душар боламыз... Сондықтан сыртын айнала соғып, бүйірден тиіп, немісті жылы орнынан қозғалтып, олармен далада, ашықта жекпе-жек қар үстінде, бәрімізге бірдей жағдайда алыссақ. Бірақ мұның екінші жағдайы есіңізде болсын, егер де Ново-Свинуховодағыдай, жаудың қашып құтылуына жол тасталса, бір жерден кеткен жау екінші қыстаққа барып, сондағы дұшпанның қолын көбейтіп, күшін молайтады.

- Бізден онша көп кеткен жоқ еді ғой, жолдас генерал?

- Сізден құтылғаны елу, басқадан құтылғаны жүз, тағы басқадан кеткен жетпіс, - міне, сізге екі жүз жиырма, - деді маған қадала қарап.

- Сіздің қолдан шығып кеткен немістер қазір Соколовоның гарнизонын күшейтіп, соғысып жатыр... Қашып құтылған дұшпан бір жерде болмаса бір жерде қайта кездесіп кектесе қарсыласады. Ол есіңізде болсын. Дұшпанды итеріп қозғап, оны қоршап, қамап, қолдан келгенше құтқармау...

- Түсіндім, жолдас генерал...

- Дұрыс. Meн сізді кінәлап отырғаным жоқ. Будан былай алдағы соғыстарда есіңізде болсын деп айтып отырмын. Командир алды-артын ойлап, шамалап, өлшей жүруге міндетті. Біздің заманда есеп-қисапсыз жүруге болмайды. Генералдың айтқан орынды ақыл сөздері «мен сізді кінәлап отырғаным жоқтан» кейін мені «ет жемесем де сорпа ішкендей» етіп біраз қысып, сары суымды сыртыма шығарғандай болды. Оны байқаған генерал жайдарыланып, қалжың ретінде бірнеше басқа әңгімелерге айналысып отырып:

- Сіздің полктың бет алысын бұрмақпын, - деді күтпеген жерден.

- Ерік өзіңізде, жолдас генерал.

- Ерік өзімде болса бұрғым келмейді...

- Бұру керек шығар онда, жолдас генерал.

- Бұрғым келмесе де бұрмақпын, бұрғызбасам бұрғызғалы отыр. Әр кезде ойлағандай қайдан болсын, қайдан бола берсін. Бірі болмаса, бірінің түбіне жетіп ойлап, болжай алмайсың. Дұшпан сырын айтса дұшпан бола ма? Жасырынбақ, жұмбақ болмаса, соғыс бола ма? Кімнің кім ішіне кіріп шығыпты? Жасырынғанды тауып, жұмбақ шешіп, ой шомып, біреудің ойындағы пікірінің терең түбіне жетіп, қазанның қаспағын қырғандай, сүңгіп шығуды бізде әскери өнер - командирдің зеректігі, - дейді. Сіз оған түсінесіз бе? - деп маған жылы жүзбен қадала қарап сұрады.

- Түсінемін, жолдас генерал. Біздің қазақ «сергек ой ер серігі» - дейді.

- Өте дұрыс айтылған сөз. Мазмұны өте терең айтылған пікір екен, - деп рақаттана мақұлдап:

- Ал енді полкыңызды бір іске жұмсайын деп отырмын. Бірақ та маналы берлі күмілжіп отырғаным, баратын жерлеріңіз шалғайлау, ашығын айту керек, күштерің де шамалы, бір батальонымыз әлі артта, бүгін-ертең полкты қуып жете қоймас.

- Егерде сәті түссе санмен алмай әдіспен ал демексіз ғой, жолдас генерал. - Ия, ия, менің күмілжіп отырғаным сондықтан. Егерде сәті түссе... Генерал Чистяковтың мінезі бұйрықты басқаларға ұқсап құрғақ «бұйырамын», «жарлық етемінсіз» жай әңгіме ретінде сөйлеп, өзінің ішіне тартып, сырыңды біліп алып, түсінікті, мазмұнды сөздермен тапсырмаларын беріп, ойындағысын аңғартып орындаушының да пікірін тыңдап, «былай ет, былай істерсің» деген ақылдарын айтып болған соң, «бұйрық осылай» деп аяқтап бір-ақ доғаратын. Генерал жай өмірінде шапшаң, алғыр кісі. Сырын білмеген кейбір адамдар сыртқы пішініне қарап - «жатқан айқай, алып кел мен айдап келдің генералы» деп түсініп жүрді. Бірақ та ол кісі тәжірибесі мол, ақылды, күрделі соғыс мәселесін кең ойлап толғана шешетін генерал екеніне менің өзім кейіннен де бірнеше рет куә болдым.

- Мына полк үш күннен бері Соколово қыстағын ала алмай жатыр. Бұл қыстақ біздің жолымыздағы бір үлкен түйін - кедергі болып отыр. Соколовоны немістер болашағын ойлап, бізге қарсы шабуыл жасауына өте қажетті қыстақ болғандықтан, барлық күшін салып қолдан шығармай ұстап отыр. Мына біздің екінші полк Соколовоны жанап өтіп, алға кетіп барады. Оны кейін қайтару онша дұрыс шықпайын деп отыр. Соколово бүйірге шыққан шиқандай болып қалып тур. Мұны былай тастап кетуге болмайды, сыздайды да турады. Алдымыздағы барлық кедергі осы. Мұның кесепаты жалғыз біздің дивизияға ғана емес, басқаларға да тиіп отыр. Үзеңгіден тартқандай ілгері жіберер емес, - деп сұқ қолымен картаны түрте көрсетіп. - Тағы да Соколовоның батыс жағы 11 дағы Трошково деген қыстақта немістің біраз күші жатыр. Барлық жәрдем, қуат, оқ, снаряд, тамақ, киімді Соколово содан алып қоректеніп жатыр. Мұның қуат-күшінің тамыры осы Трошководан Соколовоға келетін мына даңғыл жолда. Басқа жақтан ешнәрсе алатын жағдайы жоқ. Егер де біз осы жолды істен шығарсақ, Соколовоның басқа жолмен алар жәрдем-дәрмені жоқ. Ол үшін біз алдымен Трошковоны алуымыз қажет болар деймін. Оны алғаннан кейін Соколово кешікпей-ақ шаңырағы ортасына түсіп құлайды. Онсыз Соколовоны ала алмаспыз деймін. Соколовоның қақпасын ашатын кілт меніңше, оның артындағы Трошковода жатыр. Соны сіз полкыңызбен, мына сыртпен, - картаны орағыта сұқ қолымен көрсетіп,- айналып барып, ертең азаннан қалдырмай аласыз, - деп орнынан тұрып, - сізге бұйрық солай, жолдас капитан, - деді.

ОРМАН ШЕТІНДЕ

«Бұйрық осылай...» Ия, бұйрық солай. Біздің полкке өте жауапты міндет жүктелді. «Сіздің полкты бұрғалы отырмын...» Біз бұрылдық. «Баратын жерлерің шалғай...» Рас шалғай екен. Қырғын соғыс болып қанға батып жатқан Соколовоны басып өте алмаймыз. 15 километрдей жердің қалың қарының тыңын сызып отырып, түс қайта, шаршап-шалдығып орағыта іздеген Трошковоның маңайындағы орманға жеттік. «Ертеңгі азаннан қалдырмай аласыз». Уақыт алқымнан алғандай тығыз-ақ. Не істеу керек! Жер жағдайымен карта бойынша ғана таныспыз. Карта деген түрлі белгілермен нақысталған қағаз. Жер қағаздың бетіндей теп-тегіс емес. Картада барлығы тегіс, оның анық-қанығына жете байқауға болмайды. Жарық барда көріп, алды-артыңды, жерді болжап алу керек. Жерді өз көзіңмен көріп тұрып болжамаған ой құмалақпен бал ашумен тең. Командирдің жер жағдайын, жау жатағын көріп болжауын әскер тілінде рекогносцировка дейді. Сонда командир өз көзімен көріп, байқап, байымдап, болжап, мөлшерлеп, жағдайды талқылап, салмақтап күшін таразыға салады. Болашақ соғысты оймен шолып, толғана ойлайды. «Былай етсем қайтеді?» деп бір тоқтамға ұмтыла бергенде, «дұшпан былай етсе қайтпексің?» деген сұрақ сап ете қалып, бір ойдан бір ойға, бір тоқтамнан бір тоқтамға байымдатпай сырғаната қуады. Уайым тұңғиығына батырып, таудан тозаң, дариядан тамшы қалдыратын күн туғызардай қысылтаяңға салады. Бір тоқтамға келіп тірелу командирге оңай емес. Өз басын былай қойғанда, қарамағындағы көздері жәудіреген, біреудің әлпештеп өсірген баласы, ел азаматтары - солдаттар жайын шолақ ойлап, қателесіп қырып алғысы келмейді. Өлген солдаттардың жесір қалған әйелінің, жетім қалған балаларының көз жастарына, қарт ата-анасының қарғыстарына ұшырамасам екен дейді. Қобалжып қорқатыны да, уайым жеп қатты қиналатыны да сондықтан. Командирге ой түбіне жету оңай емес. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, жаудың сыры өзінде, соғыс жатқан жұмбақ. Командирдің ойы жатқан болжау. Ол дұшпанмен ой арқылы тілдесіп, болжау арқылы оның пікірін табады. Онымен айтысады. Болашақ соғыс кезінде алуан түрлі елестеп, біресе жығылып, біресе жығады. Командирдің ой толғағы ауыр толғақ. Жеңіл толғақтан терең, зерек ой тумайды. Командир жігіт ағасы. Жөнді жерде зеку, нұқудың да орны бар. Қолдың құлқын білмей қол басқару қиын. Командирдің беделді жүзі, тұрақты сөзі - шаршаған жауынгерлерге медет, тірек, жетектер тізгін сияқты. Командирге бір тоқтамға табан тіремей тұрып, басқаға тіл қатуы өте қиын. Приказ-бұйрық - командирдің ішін өртеп, сай-сүйегін сырқыратып, іше -бауырын езіп, жүрегін құм өте шыққан лебі. Ол жай сөз емес. Командирлерді ертіп полк комиссары Мадияр екеуміз ағаштарды паналай жүріп отырып, орманның шетіне шығып дүрбілерімізбен жер жағдайын болжай бастадық. Көріп турмыз. Бірақ көргенімізге сенбей тұрмыз. Жер жағдайы картадағыдай емес. Жау жағдайы ойдағыдай емес. Күні бойы, жол бойы ойлаған ой, байлаған түйін зая кетті. Алдымыздағы істің барлығы басқаша болып шықты. Трошково алдымызда жап-жақын-ақ тұр. Бірақ та ол жалғыз емес - алты ағайынды. Онымен қоныстас алты қыстақ Трошковоны ат тағасындай қоршап іргелес тұр. Барлығында да құмырсқаның илеуіндегідей шұбырып жүрген жаудың қолы. Саны мыңнан кем емес. Генералмен байланысымыз жоқ. Кімнен ақыл сұрап, кімді ақылгөй етпекпіз? Генерал күшің шамалы деп еді. Біздің күш шамалы емес, мүлдем аз. Барлығы бір жарым-ақ батальон. Басқа сенер де, сиынар да, тірек болар да ешнәрсеміз жоқ. Бір батальон мен артиллерия алыста. Оларды көңілге тоқ санауға болмайды. Басқа ешкімнен жәрдем дәме ететін жағдай емес. Уақыт өте тығыз, жағдай өте қысылтаяң. «Барымен базар» деп қолдағы күшті жұмсап, солармен мәселені шешу керек. Ол анық, басқа пікірге жол жоқ. Оларды ойлап басты қатырып, арам тер болудың қажеті де аз. Алдымыздағы іздеп келгеніміз жалғыз Трошково емес, алты ұялы айдаһардың ордасы болып шықты. Иіріліп, ырши шапқалы тұрған тәрізді. Аңдып, арбап тұрғандай. Шабар мезгіл жетпей күш алып жатқандай. Біздің корпус алға қарай созыла қанатын жайғанда, бұл төтеннен, өкпе тұстан соқпақ. Алдымыздағы Соколово мына жатқан қалың қолдың сыртқы дарбазасы тек алдына қалқаны ғана. Негізгі күш кейіннен осында болмақ. Көріп тұрмыз. Алты қыстаққа алты жақтан күреп тазаланған алты даңғыл жол жосып келіп, барлығы барып ортасындағы бір қыстаққа қосыла түйіледі. Содан таты бұтақтана жан-жаққа тарайды. Ол қыстақтың аты Бородино екен. Басқа төртеуі оның сыртын ала, үлкен үйді ортаға ала қонған отауларша қоршап тұр. Олардың аттары Баркловица, Трохово, Кашино, Коншино екен. Мұның бәрі бізге жаңа картадан мәлім. Біздің іздеп келген Трошковомыз алтыншысы. Жосылып жатқан жол жан-жаққа қимылдап, орала бұрылып керекті кезінде түрлі әрекет-қимыл, маневр жасауға өте ыңғайлы-ақ. Жау бекерден-бекер жатқан жау емес. Оның командирі терең ойлап, әзірінше ішінен тынып жатыр. Соколовоны қайтсе де қолдан шығармай, босаға сияқты берік ұстап отырып, біздің әскердің негізгі күштері алқапты бұзып, жарып өтіп ішке кірді-ау деген кезде сырттан айнала соғып, тал Соколово тұсынан қолдың түп тамырын қырқа шауып, қоршап алмақ. Оның осындай сұмдық ойлап, сәтін күтіп жатқаны күмәнсіз. Онда дау жоқ. Оның ойы басқа емес, осылай... Солай болса генерал бізді тек Трошковоны алғын деп жұмсап еді. Мына түріне қарағанда, ол қақпанның шаппа тілшігіндей алдамыс қана. Ал алайық-ақ. Алғаннан кейін қақпан шауып, сарт етіп жабылмай ма? Одан кейін алты қыстақтан біздің үстімізге қардай борап оқтар жауып, бас көтерте қоймас. Қаймыға, қорғана, бас қорғауын көздеп жүріп, қаншаға шыдамақпыз. Алты жолдың біреуі ғана істен шығады. Қалған бесеуі жау қолында болмақ. Жалғыз Трошковоны алғанда жаудың несі құрып, неден мұқатылмақ. Соколоводағы дұшпан қолына не зиян келтіріп, несіне кедергі болмақпыз. Біздің Трошковоны алып, қазыққа оралған аттай болып шатысып, торға түскен құстай бұлқынып жатқанымыздан біздің әскерге не пайда. Ешқандай пайда жоқ. Залал-зиян мол. Біздің полк істен шығады. Қатардан шығып, өз басымен әуре болып жатқан, ешкімге қайырымы жоқ полк болады да қалады. Түбі өз басымызбен әуре болып жүріп, аман да шыға алмаймыз. Олай болса, не істеу керек? Қандай байлаулы тоқтамға келу керек? Сол қорытынды тоқтам көптен бергі тоқталған ойдың түйіні - командирдің бұйрығы болмақ... Бұйрық - біліп берсең бұйрық; жаңылсаң, қателессең ол бір - бүлік. Бұйыру оңай емес. Қалың кар үстінде қырауға бөленген бұталарды паналап тым-тырыс бақылап жатқан командирлер. Барлығы да ауыр ой үстінде. Міне, оң жағыма құлаш созба жерде бала мінезді, ақ пейіл, адал ниет, ер жүректі комиссарым Мадияр (Ахметжан Мұхамедиярұлын полкта осылай атайтынбыз) жатыр. Бүтін өне бойы күлімсіреген қара көзі алысқа қадалып, қиылған қара қасы түйіліп, қабағын қарс жауып алыпты. Алдымыздағы үш-төрт адым жердегі бұтаның панасында қызыл шырайлы, жас жігіт капитан Мамонов маған «не демексің?» дегендей көзбен бұрыла қарап, жауап алмай алға қайтадан қарайды. Сол жағында зәулім қарағайдың түбінде жантайып батальон командирі Гундилович жау тарапын дүрбімен қадала сығалап жатыр. Қай ойдың қырынан асып, қай жонына жортып бара жатқанын кім білсін. Әйтеуір алға қарай қадала қатып қалғандай... Ар жағында оның комиссары Трофимов, тағы басқалары. Барлығы да ой түбінде: сүңгіп, әлі қалқып бетіне шыға алмай жатқан сияқты. Мен оларға қарап ішімнен, «әттең уақыт аз, жағдай тар, әйтпесе мыналардың пікірін тыңдап алсам» дегендей орнымнан қозғалмай жаттым. «Сенің аузыңа қарап жатырмыз ғой» дегендей Мамонов тағы бұрылып маған қарады. Оң жағыма қарасам Мадияр шұғыл төмен қарап жатыр екен. - Мадияр, сен ұйықтап жатырсың ба? - дегеніме ол басын жұлып алып:

- Жоқ, ойлап жатырмын, деп жауап қатты. Екеуміздің сөзіміз үнсіз жатқан басқаларды ой қалғуынан сергіткендей болды. Барлығы да біз жаққа бетін бұра қарады.

- Ал, жолдас командирлер, - деп бастадым мен, - маналы берлі жер жағдайын, дұшпан ордасын болжап, аңғарып жатырсыздар. Оны талдап жатуға уақыт аз. Кеш болып барады... Бірінші қорытынды: алты қыстақтың шаңырағын тіреп тұрған сырығы - Бородино, жау ордасының мықты тірегі де сол, қалғандары оның таяныштары. Екінші қорытынды: мына алты қыстақ, жосылып жатқан алты жолдың түйіскен жері. Алты тарау жол дұшпанға алты жақтан, алты арнадан күш берді. Үшінші қорытынды: дұшпанның бекінісі мықты, күші мол, біздің күшіміз аз. Төртінші қорытынды: шегінуге бұйрық жоқ. Алдымыздағы мақсат жауды күйрету... Екі жол бар: біреуі жақын, жақын да болса алыс, ол бұйрық бойынша жалғыз Трошковоны алу. Бірақ ол мақсатқа жеткізбей жарым жолда қалдыратын катерлі жол. Екінші жол: алыс, алыс та болса жақын. Ол алты қыстақты бірден алу. Алты жолды бірдей ерттеп, қомдап міну. Сонда ғана мақсатқа жетіп, дұшпан ордасының шаңырағын ортасына түсіреміз. Ол үшін басым, мол күш керек. Ол күш бізде жоқ екені өздеріңізге мәлім... Жатқандардың барлығы «ендеше не деп сандалып тұрсың?» дегендей маған бедірейе қарады.

- Мен алыс та болса жақынға бел байладым, - дегенімде олар бір-біріне қарады, - бірінші бұйрық осылай, жолдас командирлер, - дедім мен. Олардың томсырая таң қалған түрлерін елемегендей:

- Екінші бұйрығым, - дедім оларға қарап, - екінші бұйрығым түнгі сағат төртте тәп-тәтті ұйқының кезінде алты қыстаққа бірден шабуыл жасап, жауды жылы төсегінен тұрғызбай басып алу. Таңсәріден қалмай жау жайпалып, қыстақтар алынып, жолдар реттеліп, берік ұсталсын. Алдарыңызға қоятын жалпы міндеттер осылар. Соғыс әдісі: жауға күтпеген жерден, төтеннен тиіп, шырт ұйқыда жатқанда үстінен түнере басып жайпау... Бірақ естеріңізде болсын, жолдас командирлер, жау бейқам жатқан жау емес. Алдымен күзетшілерінің үні өшірілсін. Бір пулеметтің қаңқылдаған даусы әлемге «аттан!» салып байбайлағанмен тең. Жаудың ұйқысын бұздым дегенше, бүлдірдім дей бер. Менің бел байлаған тәуекелім - жауды абайсызда, оған сездірмей басып қалу... - Ал енді жарық барда әрқайсың бет алыстарыңды жақсылап болжап алыңдар, - деп тараттым.

Роман Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар